Қала тұрғыны С. автокөлікті өзінің танысы зейнеткер Б.-дан келісім бойынша бір миллион екі жүз мың теңге көлеміндегі қаражатқа сатып алған. Алайда, көлікті сату-сатып алу мәмілесі ауызша жасалынып, тіркеуші органдармен тиісті түрде рәсімделмеген.

Кейіннен азамат С. көлік шетел азаматының атына тіркеліп тұрғандықтан, автокөлікті өзінің атына рәсімдеуіне мүмкіндігі болмай, тиісінше пайдалана алмаған.

Осыған байланысты, ол Қызылорда қалалық сотына жүгініп, сатып алуға жұмсаған ақшасын өндіруді сұраған. Талап қою қанағаттандырылып, азамат С.-ның пайдасына танысы Б.-дан көліктің ақшасын өндіру туралы сот шешімі шығарылған.

Бүгінгі күні аталған сот шешімі заңды күшіне енген.

Зейнеткер Б. көлікті шетелден сатып алып, міндетті сақтандыру туралы шартын жасаған. Заң талаптарына сәйкес, оның аталған көлікті иеленуге, пайдалануға және оған билiк етуге құқықтары болған.    

Зейнеткер Қызылорда қалалық сотына жүгініп, зейнетақысынан ай сайын елу пайызы ұсталып, 90 000 теңгеден азамат С.-ның пайдасына өндіріліп жатқанына қарамастан, көлігін ала алмай отырғанын көрсетіп, көлікті қайтарып беруді міндеттеуді сұраған.

Қалалық сот көлікті зейнеткерге қайтару туралы шешім шығарған.

Алайда, азамат С. мұнымен келіспей, апелляциялық шағым берген. Істің мән-жайын қараған азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші саты сотының шешімін өзгеріссіз, шағымды қанағаттандырусыз қалдырды.

Меншік құқығы заңмен қорғалған. Сондықтан, қандай да бір келісім жасау кезінде барлық мән-жайды зерттеп, құқықтар мен міндеттемелер туындатынын түсініп, салдарын білу қажет.

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған