«Таза Қазақстан» – дақпырт пен даңғазадан ада, жалған іс пен жалаң сөз араласпаған, тазалықты ту еткен, өскен жер, өнген ортаны өркендеткен өзекті бастама. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынған акция бүгінде жалпыхалықтық қолдауға ие болды.
Бұл – еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартуға, табиғатқа қамқорлық көрсетуге, қоғамды жауапкершілікке тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам. Осы орайда «Egemen Qazaqstan» газетінің «Санаткер ұлт» пікір алмасу алаңында қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен сала мамандары бас қосып, қоғамдағы экологиялық жауапкершілік, ысырапшылдықпен күрес, табиғатқа жанашырлық мәдениетін қалыптастыру мәселелерін кеңінен талқылады.
Жаңарудың жарқын үлгісі
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі:
– «Таза Қазақстан» акциясы 2024 жылы 8 сәуірден жүзеге асырыла бастады. Сол күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берді. Мемлекет басшысы бұл жұмыстардың аса маңыздылығын ерекше атап өтті. Елді мекендер мен қоғамдық демалыс орындарын күтіп-баптау әкімдер қызметін бағалаудың тағы бір өлшеміне айналатын болды.
Бұл тұжырымдар мемлекеттің басты құжаттарына да енгізіле бастады. Табиғатты аялау қажеттігі жаңарған Конституциямызда алғаш рет көрініс тапты. Президенттің осыдан екі жыл бұрынғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет» деп нақты міндет қойылды. Демек, бұл – жалпыхалықтық іс. Бұған әр адам атсалысуға тиіс. Себебі бұл жай міндет емес, Президент айтқандай, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының орындалуы – конституциялық міндет».
Мәселеге әр қырынан келуге болады. Алдымен, ойға оралатыны – айналаны аялау, яғни қоршаған ортаны қорғау. Сыртқы әлемнің сұлулығын сақтау. Ауаның да ақысы, судың да сұрауы бар екенін ұмытпау. Яғни өзіміз өмір сүріп жатқан кеңістіктің тазалығын қамтамасыз ету. Осы тұрғыдан Президенттің: «Халықтық сипат алған науқанның мақсаты – экологиялық сана қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру», деген сөзін әрдайым есте ұстауымыз қажет.
Екінші, мемлекетімізді көркейту. Тазалық ұғымын басты өлшем етіп алу. Яғни туып-өскен, өніп-өркендеген ел-жұртыңның, аяулы атамекеніңнің тазалығы. «Біз «Қазақстан – ортақ үйіміз» деп үнемі айтамыз. Сондықтан еліміз таза, тартымды, мәдениетті болуы керек», деп Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, ортақ үйдің орнықты дамуы – келелі келешектің кепілі.
Үшінші, өзіміз мекен етіп жатқан жеріміздің тазалығы. Әр шаңырақтан шуақтың кетпеуі. Мерейлі мекеннің мәртебелі болуы. Әр тұрғынның берекелі баспанасында тазалық ұғымының салтанат құруы. Ел басшысы осыған орай «Тазалық әр үйден басталуы керек» деген тұжырым жасады.
Төртінші, ұрпақты тазалыққа баулу. Тазалық табалдырықтан бастау алады. Туған үйіңнің табалдырығынан. Басқан баспалдағыңнан. Құтты қадамыңнан. Жүрген жолыңнан. Шарлаған шақырымыңнан. Беттеген белесіңнен. Шыққан шыңыңнан. Қысқасы, тазалық пен тәрбиенің түйісетін тұстары көп. Президенттің: «Кішкентай кезінен тазалыққа үйренген бала кейін жауапкершілігі жоғары, саналы азамат болып өседі. Елге жанашыр болады», деген сөзін осы тұрғыдан түйсінген жөн.
Бесінші, сананы тазарту. Бойдың тазалығын, ойдың тазалығын сақтау. Тегінде мұны бесінші қатарға емес, бәрінің алдына, яғни бірінші қатарға қойсақ та болар. Өйткені сана дегеніміз – бір-бірімен тығыз байланысқан тұтас дүниенің өзегі. Сана тазарса, барлық нәрсе тазарады. Тазару жаңаруға, жаңару жаңғыруға бастайды. Осының бәрі Мемлекет басшысының мына тұжырымынан туындайды: «Таза Қазақстан» – озық ойлы қоғам құруға арналған идеологиялық тұғырнаманың ажырамас бөлігі. Бұл – тек қоршаған ортаның тазалығын емес, ой мен сана тазалығын сақтау деген сөз». Біз бүгін осы бағыттағы жұмыстардың қалай жүзеге асырылып жатқаны жөнінде әңгімелесеміз.
Сонымен, әңгімемізді «Сана тазармай, қала мен дала тазармайды» деп бастадық. Ендеше, сана қалай тазармақ? Ол қалай іске асады? Оған сіздер қандай үлес қоса аласыздар? Қай тұрғыдан атсалысуларыңыз мүмкін? Міне, өздеріңізбен бірге осы жөнінде сөз қозғаймыз.
Өркениетті елдердің өрісті өнегесі
Еділ ЖАҢБЫРШИН, Халық Кеңесінің мүшесі:
– Осыдан 21 жыл бұрын техника ғылымдарының докторы атағын қорғаған кезімде Ташкенттен келген ғылыми кеңестің мүшесі Усман Ходжаев деген профессор маған: «Сіз физиканың экологиясын індете зерттеген екенсіз. Ендігі жерде көзге көрінбейтін әлемнің экологиясын зерделегеніңіз абзал», деп кеңес берді. Өзбек ғалымының сөз астарында сана тазалығы, ой мөлдірлігі жатыр. Сананы тазарту үшін жүрегіміз тыныш, таза болуы шарт. Жер бетіндегі игілік атаулының бәрі де адам қолымен жасалады. Өкініштісі, бүлдіруші де – адамзат.
Мәжілістің VIII шақырылымының депутаты болып жүрген кезімде, радиоактивті қалдықтарға қатысты заң жобасын әзірлеу кезінде Норвегия еліне іссапармен бардық. Сонда арнайы өкілдерден қоқыс полигонына ертіп баруды өтіндік. Бізге Драммен қаласындағы тұрмыстық қалдықтарды төгетін полигонды көрсетті. Қоқыс алаңына ұқсата алмайсыз, қолқаңды қабар күлімсі иіс мүлде сезілмейді. Өйткені қоқысқа төгілген заттың 98 пайызы қайта өңделіп, кәдеге жаратылады. Жағымсыз иіс таралмауының тағы бір себебі, мұнда тамақ қалдықтары төгілмейді. Ал біздің елорданың өзінде полигонға төгілетін қоқыстың 44 пайызы – тамақ қалдығы. Оның бәрі қоқыспен мидай араласып іріп-шіріп жатыр. Норвегтер тамақ қалдығын бөлек ыдысқа, тұрмыстық қалдықты өзге қапқа жинап, қоғамдық қоқыс жәшігіне салады.
Тағы бір таңдандырғаны, арнайы дүкен бар екен. Әркім өзінің үйіндегі тұтынбайтын, бірақ әлі де кәдеге асатын артық-ауыс мүлік-мүкәмалын осы дүкенге өткізеді. Осы арадан өзге норвегиялық келіп, қажетіне жарайтын затын таңдап ала алады. Норвегтерден осындай игілікке қалай жеткенін сұрағанымда, тәрбиені балабақшадан бастағандарын айтты. Яғни балдырған балабақшаға барғанда тәрбиешілері оған тұрмыстық қалдықтарды қалай сұрыптау қажеттігін үйретеді. Отбасында әке-шешесі қоқыс қалдығын дұрыс сұрыптамаса, баласы ескерту жасайды. Сана мәдениетін қалыптастыруға бұл мемлекет 40 жылға жуық уақытын сарп еткен. Ел бүгінде игілігін көріп отыр.
Тағы бір мысал, Қытайдың 10 миллионнан астам тұрғыны бар Чанша деген қаласына барғанымызда да, қоқысты өңдеп, игілігіне малынып отырған халықтың тіршілігіне тәнті болдық. Мұнда арнайы зауытта күніне 10 мың тоннаға дейін қоқысты өртеп, энергия көзін айырады екен. Осы қалдықтың 9 мың тоннасы күнделікті тұтынудан шықса, қалған 1 мың тоннасы – кәріз жүйесінен жиналған лас суды тазалайтын стансаларда сүзіліп үйілген лай. Сыртынан қараған жанға мұнда қоқыс өндіретін зауыт бар десе сенбейтіндей, айналасы абаттандырылып, көгалмен көмкерілген. Бүтіндей бір қаланың қоқысын өртегенде ешқандай қою түтін ауаға таралып, атмосфераны ластамайды. Өйткені бірнеше сүзгіден өткізеді. Қоқыс қалдығын өртегенде түсетін күлдің өзін құрылыс материалын шығаратын цех, кәсіпорындар пышақ үстінен бөліп әкетеді. Қысқасы, бір ел сана мәдениетін балабақшадан баланың зердесіне тоқу арқылы тазалықтың шыңына шыққан. Екінші мемлекет технологияның әлеуетін молынан пайдаланып, игілікке кенеліп отыр. Менің түсінгенім, екі елдегі басты құндылық – азаматтарының жүрегіндегі тазалыққа баса мән беруі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» ұғымы әр адамның өз үйінен, ауласынан, көшесінен, ауылынан, қаласынан басталатынын үнемі айтып келеді. Сана тазарғанда ғана біз осынау ауқымды түсініктің астарына тереңдей үңіле аламыз.