Бүгін Қызылорда қаласында патрульдік полиция қызметкерлері танымал блогер Медет Құрмановпен бірге «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында рейдке шығып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Медет – өңірдегі белсенді блогерлердің бірі. Оның Instagram желісіндегі «taptaza_medet» парақшасына 96 мыңға жуық оқырман жазылған.
Ұйымдастырылған шараның мақсаты – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру және жолдағы мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру. Бұл кеңес берумен шектелген кездесу емес, шынайы әрі қызықты форматта өткізілген мазмұнды шара болды.
Рейд барысында патрульдік полицейлер №3 және №278 мектеп-лицейлерінде оқушыларға жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңызын, жолды дұрыс кесіп өту тәртібін, жол белгілері мен бағдаршам сигналдары туралы түсіндірме берді.
Аталған шараға белгілі блогердің қатысуы балалардың ерекше қызығушылығын тудырды. Өз кезегінде блогер еркін форматта оқушылармен әңгімелесіп, пайдалы кеңестер беріп, қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.
– «Жолдан қалай өтесің?»
– «Неліктен телефонға алаңдауға болмайды?»
Бұл сұрақтар балаларға қойылып, олар сол жерде өз ойларымен бөлісіп, шынайы жауаптарын берді.
Блогер балалар мен полицейлер арасындағы дәнекер болып, түсіндірме жұмыстарын ерекше форматта жүргізуге септігін тигізді.
Рейдтің жарқын сәттері бойынша бейнеролик әзірленді. Онда шынайы эмоциялар мен түсіндіру жұмыстарының ерекше сәттері көрініс тапты. Бейнеролик бүгінде блогердің парақшасына және әлеуметтік желілерге жарияланып, көпшіліктің қолдауына ие болды.