«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті және Қызылорда облысының Полиция департаменті, Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің бірлесіп ұйымдастыруымен жастар арасында профилактикалық кездесу өткізілді.

Іс-шараға есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері, сондай-ақ арнаулы орта оқу орындарының 300-ге жуық студенттері мен мектеп оқушылары қатысты.

Кездесу барысында заманауи синтетикалық есірткілердің зияны, жасөспірімдердің есірткінің заңсыз айналымына қатысуының құқықтық салдары, атап айтқанда есірткіні арнайы жасыру орындарын ұйымдастыру, сайт атаулары бар парақшаларды тарату, граффити арқылы жарнамалау сияқты құқыққа қайшы әрекеттердің жауапкершілігі кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, «Аманат» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанатының Қызылорда облыстық филиалының еріктілері қатысушыларға ақпараттық жадынамалар таратып, есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Іс-шарада «Аманат» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Баймурза Әсетхан Қазиханұлы және Қызылорда қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Жорабек Медет Ерданұлы сөз сөйлеп, жастарды заң талаптарын сақтауға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

Сонымен қатар қатысушыларға арнайы әзірленген бейнероликтер көрсетілді.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және құқық бұзушылықтардың алдын алу.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған