18 наурыз – Ұлттық киім күні аясында Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, «Анаға тағзым» орталығының ұйымдастыруымен «Этно FASHION» облыстық сән үлгісі фестивалі өтті.

Фестиваль мақсаты – ұлттық құндылықтар мен мәдени-мұраны насихаттау, жергілікті дизайнер-тігіншілердің креативті кластерлік жаңа жүйесін қалыптастырып, жұмысын қолдау. Ұлттық киім түрлерін заман талабына сай этно стильде жаңғыртып, сұранысқа қажет үлгілерінің жаңа нұсқасын ұсыну.

Шара барысында басқарма басшысы М.Қазбекова сөз сөйлеп, фестивальге қатысушыларға сәттілік тіледі.

Фестивальге 17 дизайнер-тігінші қатысты. Әр дизайнер екі түрлі киім үлгісін ұсынды. Бірі – күнделікті киетін классикалық стильдегі заманауи этно киім үлгісі, екіншісі – сахналық, сәнді ұлттық киім. Стиль мен талғамға қарай, дизайнерлер ұсынған ұлттық киімдер бір-бірінен матасы мен тігісі, безендірілуі жағынан ерекшеленді. Мәселен, ши құрақпен безендірілген этношапан, түймелері жылқы сүйектерінен әзірленген заманауи кеудешелер, киізден тігілген шапандар, т.б. Жалпы, жергілікті дизайнер-тігіншілердің жұмысын ұлттық киімдер дефилесінде 100-ге жуық модель қыз таныстырды.

Фестивальде Шілдебаева Лаззат – Қорқыт Ата университеті «Дизайн және технологиялар» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, Абибуллаева Аида Ибрагимқызы – облыстық мәслихат депутаты, Қызылорда облысы бойынша «Әйелдер күштері Альянсы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы және белгілі хореограф, «Томирис» би ансамблінің жетекшісі, Мәдениет саласының үздігі Мырзабаева Гүлбану Елубайқызы сарапшылық етті.

Шара соңында қатысушыларға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Алғыс» хаты және маталар үйінің арнайы сертификаты тапсырылды.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған