Қызылорда қаласының тұрғыны жетім балаларға арналған балалар үйінде 18 жасына дейін тәрбиеленген. Сол уақыттағы жергілікті атқарушы орган мен балалар үйі әкімшілігі салғырттық танытып, кәмелет жасына толғаннан кейін оны тұрғын үй кезегіне қоймаған.
Соның салдарынан, өзіне тиесілі тұрғын үйге уақытылы қол жеткізе алмай, баспанасыз қалған балалар үйінің тәрбиеленушісі Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына талап қоюмен жүгінген.
Өзінің талап қоюында ол кішкентай кезінде ата-анасының қамқорлығынсыз жетім қалып, 1998-2006 жылдары балалар үйінде тәрбиеленгенін, кәмелет жасына толғаннан кейін тұрғын үй кезегіне қойылмай қалғанын, осы мәселе бойынша қалалық әкімдікке бірнеше рет жүгінгенін, бірақ, мәселе шешімін таппағанын, кезекке тек 2016 жылдан бастап қойылғанын, бұл шешіммен келіспейтінін көрсетіп, тұрғын үй кезегіне қою мерзімін қалпына келтіруді сұраған.
Сотта анықталғандай, жергілікті атқарушы орган мен балалар үйі әкімшілігі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланың құқықтары мен мүдделерін қорғап, балалар үйінің тәрбиеленушісі әлеуметтік жағынан осал топқа жататындықтан, тұрғын үй заңнамасына сәйкес, оны тұрғын үймен қамтамасыз ету рәсімдерін жүргізуге міндетті болған.
Алайда, жергілікті атқарушы орган мен балалар үйі әкімшілігі өздерінің міндеттерін тиісті түрде орындамай, қыз баланы тұрғын үй кезегіне уақытылы қоймаған. Соның салдарынан, балалар үйі тәрбиеленушісінің Конституциямен және халықаралық конвенциямен кепілдік берілген құқықтары бұзылған.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен тұрғын үй инспекциясы балалар үйінің тәрбиеленушісін 2006 жылдан бастап жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша тұрғын үйге мұқтаждар есебіне орналастыруға міндеттенді.
Жақында аталған соттың поштасына алғыс хат келіп түсті. Онда балалар үйінің тәрбиеленушісі сот шешімінен кейін тұрғын үй кезегіне тұру мерзімі қалпына келгенін, соның нәтижесінде үш бөлмелі пәтердің кілтін алғанын көрсетіп, сот жүйесінің әділдігіне ризашылығын білдірген.
Осылайша, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім баланың тұрғын үй құқығы қорғалды.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі.