ҒҰН ИМПЕРИЯСЫНАН ТҮРІК РЕСПУБЛИКАСЫНА ДЕЙІНГІ ДАМУЫ. Ғұндардың дала төсіндегі жиынынан басталып, Шыңғыс ханның ұлы құрылтайына ұлас­қан бұл институт кімнің заңды билеу­ші деп танылып, мемлекет үшін маңызды заңдар мен стратегиялық, эконо­микалық шешімдердің қандай бола­тынын анықтайтын. Құрылтай тарихы — жаһанды тітіреткен билеуші­лердің өзі бас иген еуразиялық құқық идеясының тарихы.

2026 жылдың басында, конституция реформасы аясында, Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасы әзірленіп жатқан тұста бір палаталы Парламенттің жаңа атауы Құрылтай болатыны айтылды. Осы орайда Qalam сол бір ежелгі инсти­­туттың тарихына зер салып, эволюциясын шолып шықты.

ШЫҢҒЫС ХАННЫҢ ҚҰРЫЛ­ТАЙЫ МЕН МОҢҒОЛ ИМПЕРИЯСЫ.

1206 жылы, осыдан тура 820 жыл бұрын қазіргі Моңғолияның солтүстік-шығысындағы Онон өзенінің жағасында тарихтағы ең айтулы құрылтай өтті. Адамзат тарихы соған «дейінгі» және содан «кейінгі» болып бөлінеді десек, артық айтқандық емес: себебі сол құрылтайда қабылданған шешімдер әлі күнге Еуразияның көп бөлігінің саяси һәм мәдени келбетін анықтап отыр. Сол айтулы құрылтайда моңғол және түркі тайпаларының өкілдері жиылып, бір ауыздан Темүжінді ұлы Қаған — Шыңғыс хан деп ұлықтап, хан көтерген. Аталған жиында Шыңғыс ханның Ұлы Ясасы да заң болып күшіне енді.

Басып алған іргелес аумағының көлемі жағынан әлем тарихында теңі болмаған Моңғол империясының негізін қалап, жер-жаһанды жаулаған ұлы Шыңғыс хан дәуірі де, «құрылтай» деген сөздің өзі де сол жиыннан бастау алады. Бұл термин бүкіл Еуразияға тарап, моңғол тіліндегі түпнұсқасымен біздің заманымызға дейін жетті. Алайда бұл институттың тамыры одан да әрірекке, екі мың жыл бұрынғы уақыт қатпарларына бойлайды.

ҚҰРЫЛТАЙ ЖӘНЕ ЕЖЕЛГІ ТҮР­КІ­ЛЕРДІҢ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІ.

Прото­түріктер кезінен және кейінгі түркі мемлекеттік бірлестіктерінің бәрінде жоғары билік пен оның символдық леги­тимдігі киелі «төре» ұғымы төңірегінде қалыптасты. Таққа қонған әр билеуші мемлекеттің заңдары мен орныққан тәрті­біне адал екенін жариялар еді. Сол заң-тәртіптердің жинақталған бей­несі осы «төре» ұғымына саятын. Заң алдында бас ию, мойынсұну — қара­ның ғана емес, ханның да парызы саналған. Қалыптасып қалған сыңар­жақ түсініктегідей емес, көшпенді мемле­кеттерде биліктің заңдылығы, яғни «төре» нышанды қасиетті заң мен әділет қағидаттарына сай ел билеу ең маңызды нормалардың бірі болған. Сол процесте соңғы кесім құрылтайға берілді. Әр кезеңде, әр елде оның атауы, атқаратын қызметі, символдық мәні мен өкілетінде аз-кем айырма болғанымен, маңызы бір мысқал кеміген жоқ. Сондықтан да бүкіл Еуразияға айбары асқан Әмір Темірдің өзі Ұлы даланың киелі заңын бұзуға батпай, құрылтайда хан атағына таласпады: «Гурган», яғни «ханның күйеу баласы» деген лепесті қанағат тұтты.

Сөйтіп, ежелгі түркі мемлекетте­ріндегі құқық нормалары, яғни «төре» — қағанның қалауына, түркілердің құқық салты мен әдетіне және құрылтайда қабыл­данатын заңдарға сүйенетін. Оның үстіне, жаңа әмірші сайлау, әлде­кімге соғыс ашу не халықаралық келі­сімге келу сияқты ең маңызды шешімдер құрыл­тайда қабылданбаса, заңсыз саналатын. Дала империялары десе халқын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, жеке-дара билік құрған қаһарлы әмір­шілер ойға ора­лады, ал шындығында құрылтайда қабылданған шешім хан қалауынан да биік болған.

ҚҰРЫЛТАЙ ЖӘНЕ ОНЫҢ ӨКІЛЕТІ.

Ежелгі түркі құрылтайларының тарих­тағы өзге жиын-кеңестерден бір ерек­шелігі — оның функциясы мен өкілеті көп болуында. Құрылтай заң шығарып, әдет-салтқа қатысты нормаларды анық­тап қана қоймай, сот міндетін де атқарған. Оның үстіне, тайпа басы­лары мен әскербасылардың жиыны есепті бас әскери штаб қызметін де атқарған. Жорық, шапқыншылық ал­дын­да, тіпті соғыс кезінде де билеуші өз стратегиялық шешімдерін жұрт қалауымен үйлестіріп отыру үшін, сондай-ақ мемлекетаралық келісімдер мен бітім шарттарын талқылау үшін құрыл­тай шақырып отырған.

Құрылтайға тайпа басылары мен ел басқару ісіндегілердің бәрі қаты­сатын, сондықтан оның құрамы да, қатысушылардың құзыреті де әралуан болатын. Біреулер әскери қанаттан, яғни тайпа қолының сардарлары болса, келесілер әкім-қара, кеңесші және дін өкілдері болған. Құрылтайға әйел­дер қатысып қана қоймай, ғұн дәуірінен-ақ тіпті төрағалық ете ала­тын. Деректерге жүгінсек, қаған да, құрылтай қатысушылары да қайсыбір мәселеге қатысты ойын бүкпесіз айтып, пікірталас құратын. Ондай ашық талқы бір шешімге келгенше бірнеше күнге созылуы мүмкін еді.

11-ғасырда өмір сүрген түркі ой­шылы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білі­гінде» бұл жөнінде мынадай жолдар бар:

«Күллі құрмет білімдіге тиесі,

Мейлі, ол төр, мейлі, есіктің иесі!

Кісі асылы екі түрлі:

бірі — бек те, бірі — дана елбасы.

Елді аларда алмас қылыш жарқылдар, 

Ел басқарсаң, алтын қалам жалтылдар. 

Заң түзелді, жаһан тыныш жайланды, 

Әділ заңмен аты аңызға айналды».

Салт бойынша соғыс басталып кеткен не қаған қайтқан сияқты төтенше жағдай болмаса, құрылтай үзіліссіз, кесімді мерзімде жылына бірнеше мәрте өтіп тұратын. Жыл басында жұртшылық дін жоралғыларын атқарып, маңызды құқықтық және әкімшілік мәселелерді шешу үшін жиналатын. Бесінші айда мемлекет мәселелерінен есеп алып, заңды өзгертуді талқылау үшін шақы­рылатын. Ал қыркүйекте көбіне жорыққа дайындықты пысықтау: ат пен адамды түгендеп, жоспар құру үшін жиылған.

Әлбетте, құрылтайда әскер не заң ісі ғана емес, тұрмыс пен саясат ісі де айтылатын. Әдетте талқыға көш жолы, жұрт пен жайылым бөлісу сынды мәселелер түсетін. Оған қоса, ел ішінде ара-тұра бұрқ ете қалатын көтерілістер, сондай-ақ іргелес елдердің қаған дәргейіне бас ұрмақ тілегі де сөз болар еді. Кей жағдайларда құрылтайлар сот есебінде жүріп, онда маңызы аса жоғары мәселелер ғана талқыға түсетін. Айталық, бір жолы ғұндар қолға түскен жау қолбасының тағдырын шешсе, тағы бір жолы Ирандағы моңғол әміршісі Ғазан хан Сириядағы шайқаста жеңілген өз қолбасын соттаған.

ҚҰРЫЛТАЙ ЖӘНЕ ӘМІРШІ САЙ­ЛАУ.

Әйтсе де Ғұн империясында да, түркі қағанаттарында да, Моңғол импе­риясында да құрылтайдың ең маңызды сипаты — ел басқарған төрелер мен тайпа басыларының қатысуы міндетті еді. Құрылтайға бармай қалуға бол­майтын, ал онда қабылданған шешімдер бұлжытпай орындалатын. Қайткенде де барасың я құрылтайдың кесіміне мойынсұнбаған болып шығасың. Басқа жол жоқ. Әлбетте, жорықта жүрген не ауыр дертке шалдығып, төсек тартып жатқандарға кешірім бар, алайда соның өзінде олар алдын ала хабар беріп, өкілін жіберуге міндетті болған.

Бектер, тайпа басылары, әкім-қара­лар мен билеушінің жақын-жұрағаты құрылтайға бармай қалса — заңға бағынбай, ашық сес көрсеткені есепті қабылданатын: ондайда шұғыл түрде бөлек құрылтай жиылып, бұзақының жазасы берілетін. Тіпті өлім жазасына кесілуі де мүмкін еді. Бұл тәртіп әйелдерге де қатысты еді: әміршілер мен оның төңірегіндегілердің әйелдері, әпке-қарындасы мен қыздары да құрылтайға қатыспаса болмайтын.

Әйтсе де құрылтайдың ең маңызды міндеті — әмірші (шанюй, қаған, ұлы хан не сұлтан) сайлау болатын және сол шаруаның өзі де, нышаны да Ғұн империясы, Түрік қағанаты, Моңғол империясы мен Қазақ хандығы дәуірінен бері өзгермей келді. Оның жоралғысы да, жаңа сайланған әміршіні ұлық тұтып, ақ киізге салып көтеру де мың жыл өтсе де өзгермеген.

Солайша, ұлық әміршіні құрылтайда сайлап, заңдылығын бекіту Еуразия даласындағы негізгі құқық салтына айналып кеткен. Сондықтан билікті басып алушылар да өз бетінше құрыл­тай өткізуге құмар болатын. Тарихтан көретініміздей, билеушінің тікелей тақ мұрагері болмаса, құрылтай өзге рудан ел басын сайлауы мүмкін еді. Ал құрылтайда сайланған қаған билігінің заңдылығына еш күмән болмайтын.

Құрылтайда әмірші сайлау әдетте әлдебір ресмилік не символизм көрінеді, өйткені сайлауға кім түсетіні алдын ала анық болатындай. Ал, шын мәнінде, қаған сайлаудың өзі жылдарға ұласып кетуі мүмкін еді: ол арада империя тізгінін бұрынғы әміршінің жесірі ұстайтын. Сол сияқты, Жошының ұлы Батудың 1251 жылғы Қарақорымдағы ұлы құрылтайда Мөңкені «Ұлы хан» сайлауға ықпал етпек болғаны да ресми рәсімнен гөрі, жақсы жоспарланған саяси технологияға келіңкірейді. Бұл оқиға атақты парсы тарихшысы әрі мемлекет қайраткері Рашид әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегінде егжей-тегжейлі жазылған.

ҚҰРЫЛТАЙ МҰРАСЫ. Түркі және моңғол халықтарының құрылтай инс­титуты исламға дейінгі кезеңнен бастау алып, Ғұн империясы дәуірінен тамыр тартады, яғни оның екі мың жылдан арыға кететін тарихы бар. Әр кезеңде, әр мемлекетте оның атауы әртүрлі болған: «кенгеш» (кеңес), «құрылтай», тіпті «той» аталған. Мысалы, атақты саяхатшы Ибн Баттута құрылтайды «той» деген. Алайда аты қандай болса да, құрылтайдың заты өзгерген емес. Бұл қашан да заң қабылдап, әміршінің билігін заңдастыратын басты орын болды.

Белгілі тарихшы Михаил Худяков жазғанындай, Орыс патшалығының ақсүйектері мен дінбасылары жиылып, саяси-әкімшілік мәселелерін талқылайтын Земский собор да Қазан хандығы құрылтайларынан тамыр тартады екен. Ал Қазан құрылтайлары орыс жылнамаларында «бүкіл Қазан жерінің жиыны» деген атпен белгілі.

Түптеп келгенде, екі мың жыл­дық тарихы бар заңдылық пен мемлекет­тілік салты әлі күнге бірқатар ел үшін құқықтық бағдар болып келеді. Мыса­лы, Моңғолия парламенті­нің «Ұлы Хурал» (Их Хурал) деген аты құрыл­тай сөзінің моңғолша форма­сы­нан (Хуралдай) шықса, Түрік Республика­сы­ның партия конгрестері Ататүрік кезі­нен құрылтай (Kurultay) аталады. Фран­цуз шығыстанушысы Леон Каэн құрыл­тайды «жыл сайын жиналатын парламент» деп атағаны да бекер болмаса керек.

Qalam-нан

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған