Қуантарлық жаңалық аймақ көлемінде аз емес. Әсіресе, мереке қарсаңында облыс орталығында биыл бір емес, бірнеше нысанның есігі айқара ашылып, атап өткелі тұрған ғимарат көпшілікке қолданысқа берілуде. Жақында ғана пайдалануға берілген ғимараттың бірі – Неке сарайы. Демек, өмірлеріндегі елеулі сәтті сән-салтанатымен, есте қаларлықтай өткізсек дейтін жастардың тағы бір арманы орындалды. Жасыратыны жоқ, некеге тұру салтанатына арналған жиын үшін бүгінге дейін қала орталығында орналасқан «АХАЖ» бөлімінің бір бөлмесі бұйырған еді… Алайда, қанша жұптың некелері қиылып, үлкен өмірге жолдама берген ол бөлменің де құндылығы жоқ емес.

Осындай бақытты сәттер енді бір бөлмеде емес, бүкіл бір ғимаратта жүзеге аспақ. Жаңадан салынған Неке сарайы құрылысы сапалы, келбеті сәнді. Эстетика деген ұғымды осы сарайдан кезіктіруге болады. Мәселен, «Ақ неке – бақыт бесігі» деген жазбамен жұбайларды қарсы алатын әлеуметтік нысанда қалыңдық пен күйеу жігіттің жеке бөлмелері қарастырылған. Онда той иелері естелік суретке түсіп, немесе сыртқы реңдерін қалыпқа келтіріп өз кезектерін күте алады. Неке қиюға арналған залдың аумағы да көлемді. Одан бөлек қонақ күтуге арналған екі бөлме де қарастырылған. Онда жұбайлардың қонақтары үшін арнайы тіскебасарлар да, яғни фуршетті үстелдер де ұйымдастырылады деп күтілуде.

Ғимаратта тек ресми шара жүзеге асып ғана қоймай, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған жас жұбайлар үшін арнайы тәлімгерлік шеберлік сабақтары, басқа да жиындар арқылы отбасы құндылықтары дәріптеледі. Ғимараттың бірінші қабатында орналасқан «Бақыт мекені» бөлмесінде шаңырақтың шаттығы мен босағаның берік болуы үшін келелі кеңестер айтылады.

Мәселен, «Жастар денсаулық» орталығымен бірлесіп, сәби жоспарлау, ата-ана атану, медициналық көмек, жарқын болашақ сынды тақырып аясында жиындар өткізілсе, «Отбасы банкімен» бірлесіп, жастардың тұрғын үйге қолайлы нұсқада қол жеткізулері үшін тиісті ақпараттар беріледі.

Одан өзге «Мансап» жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп, жұмысқа орналасу, ерлі-зайыптылардың өзара түсінісуі, бала тәрбиесі турасында да шаралар өткізілмек. Жақында ғана ашылған «Анаға тағзым» орталығымен де бірлесіп, салт-дәстүр, жас жұбайларға кеңес, әдет-ғұрып, қолөнер, мал сою, жіліктеу сынды ұлттық құндылықтар дәріптелмек. Жастар» орталығымен бірлесіп, жастардың шығармашылығы мен бұқаралық спортты дамыту, жас отбасылармен жұмыс жасау да жүзеге аспақ.

Айта кетерлігі облыс әкімінің бастамасымен, әрі ұсынысымен бұл жобаны жүзеге асыруға қаржылай демеушілік еткен «Авангард» ЖШС басшысы Расул Искаков. Қызылордалық жастардың ризашылығына бөленген кәсіпкер сарайдың ашылу салтанатында алғыссыз қалмады. Аймақ басшысы оған арнайылап Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстап, мекеме мамандарын да ұмытсыз қалдырмай өз атынан алғыс айтты.

«Бұл орталықты іске қосудың әлеуметтік маңызы өте зор. Жыл сайын Сыр өңірінде мерейлі отбасылар саны артып келеді. Сыр жерінде отбасы құндылықтарын берік ұстаған өнегелі әулеттер – біздің мақтанышымыз. Неке сарайы ғимаратын аша отырып, бұл дәстүрді одан әрі дәріптейтін боламыз. Орталықта қалыптасқан қағидаға сәйкес «қазақы қарашаңырақ» идеологиясы дәріптеліп, рухани кемелденген жаңа буын қалыптастыруға жағдай жасалатын болады».  Осылай деген облыс басшысы Нұрлыбек Нәлібаев ғимаратты салудағы негізгі мақсатты да тілге тиек етті. Барлығы онлайн режимге ауысқан, жұртшылық жұмыс деп қапылған заманда бұл бағыттағы ғимараттардың маңыздылығы бар ма дейтін кей жұрттың көкейіндегі сауалға жауап та осылай.

Сыр жұртшылығының басын қосқан ашылу салтанатында бірнеше жұптың некелері қиылды. Куәлікті аймақ басшысының қолынан алған жас жұбайлар қуаныштарын жасырмады.

Қала тұрғыны Данияр Теңізбай:

– Біздің некеміз жаңадан ашылған үлкен сарайда қиылды. Бұл келіншегіміз екеуміз үшін маңызды сәттің бірі деп есептейміз. Тіпті, осы уақытты мен үлкен бақыттың нышаны деп білемін. Неге десеңіз, бұл тарихи сәтте біз үлкен өмірге қадам басып, аймақ дамуына үлес қосып жүрген тұлғалар ақ баталарын жолдады.

Олай болса, неке сарайында некелерін қидырған әр жұп болашақта мерейлі отбасыларының қатарынан көрінсін деген ізгі лебіздің айтылуы заңды.

P.S: Келген қонақтар нысан ішінде мәдениеттілік танытса, жаңа ғимараттың ел үшін қызмет көрсету уақыты да ұзағынан болары белгілі.

А.ӘЛИАРЫСТАН

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған