Қызылордада түркітілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» халықаралық фольклорлық музыкалық өнер фестивалінің ашылу рәсімі өтті. Дәстүрлі іс-шараға Түркия, Тыва, Саха, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен және Қазақстаннан 200-ге жуық өнерпаз келді. Биылғы фестиваль Қызылорда облысының құрылғанына 85 жыл толуына орайластырылған.

Салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев фестивальге қатысушыларды құттықтады.

– «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінде: «Біз Түркі әлемінің атажұрты ретінде өздеріңізбен жан-жақты қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән береміз. Сондықтан ықпалдастығымызды одан әрі нығайтуға және оны жаңа белеске көтеруге мүдделіміз» деген болатын. Осы мүдде жолында қасиетті сыр топырағында дәстүрлі түрде өтетін «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фестивалінің рөлі мен маңызын зор мақтанышпен айта аламыз. Туысқан халықтардың фольклорлық музыкасын дәріптеу, өзара мәдени байланысын нығайту мақсатында өткізілетін фестиваль арқылы қатысушылар бір-бірінің кешеден бүгінге жеткен мәдени қазынасының сырына қанығып, рухани кеңістігін кеңейтеді. Фестиваль өткізілген жылдар ішінде Қорқыт баба мұралары Біріккен ұлттар ұйымы жанындағы UNESCO-ның ғаламдық материалдық емес мұралар тізіміне енгізілді. Бұл – Қорқыттан қалған ұлы өнердің, Ұлы дала сазының мәңгілік өмірінің айқын дәлелі», – деді аймақ басшысы.

Жиналған қауымды фестивальдің құрметті қонағы, «ТҮРКСОЙ» ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раевта құттықтады. Мерекелік кеште түркітілдес елдерден келген дәстүрлі өнер жұлдыздары көрерменді әсем ән, сазды әуенмен сүйсінтті.

Іс-шара қонақтары Қызылорда қаласының көрікті жерлерімен және облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Тұран таңбалары» этно-археологиялық көрмесімен танысып, жоғарғы және арнаулы оқу орындарында шеберлік дәрістерін өткізді. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада «Түркі әлемінің бірлігі» атты кітап көрмесін тамашалады.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған