Құдай біледі дейін, жылдың қай мезгі­лінде болсын, ұшпасын мәңгі ақ ұлпа қар бүркеп жататын айбарлы Алатау бөкте­рін­де, тіршіліктің нағыз пейіш төрінде, жер жаннаты — Жетісу баурайында тұрып жатса да, туған жердің топырағына табаны тиген­ше асығып, менен көп сапар шегетін, Алматы мен Қызылорда арасында шалқып жатқан мың бір жүз шақырым күре жолдың бойын жағалап жиі жол жүретін пендең, сірә жоқ шығар.

Мен кеше ғана Қызылорда арқылы Қазалы ауданына өтіп, қарасақал Ерімбет Көлдейбекұлының 175 жылдығы аясында ұйымдастырылған іс-шаралардың барысы­нан бір байыз тапқан сәтте: «Облыс әкімі Нұрекең — Нұрлыбек Мәшбекұлы қайда екен, елде ме екен?» – деп сұрадым. Он­да­ғы ойым, қайтар жолда жұмыс орнына соғып, жасап жатқан барша игі жұмыс­тарына, іске асырыла бастаған мегажоба­ларға оң болсын айтып, кейбір мәдени-саяси жоба-жосындардың жайын талқы­лауды ойлағанмын. Оның үстіне кеше ғана облысқа Президент келіп, аймақ бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп кетті. «Жоқ, — деді әкімдіктің жауапты қызметкерінің бірі. — Қазіргі таңда Нұрлыбек Мәшбекұлы облыстың әлеуметтік-эконо­микалық жобаларына инвестиция тарту мақса­тында сыртта — шетелде жүр. Айта­тын, ортаға салатын ойларыңыз болса, сәл кейінірек келсеңіз болады, қабылдайды ғой!»

Е, әкім болу оңай деймісің, қарағым. Өткенде облыс әкімінің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында жасаған баян­дамасынан оқыған болуым керек, жадым­да қалыпты. Соңғы үш жылда өңір экономи­касына 1 триллион 600 миллиард теңге инвестиция тартылған екен. Қаржы-қаражат көлемі 2021 жылмен салыстырғанда бақан­дай 233 пайызға артыпты. Бұл енді тілдің ұшына салып айта салуға ғана оңай сан шығар? Айналайын-ау, былайғы жұрт мұның жайын қайдан білсін? Әкімнің өзі де белгілі бір есеп беру шаралары аясында болмаса, мұны күнделікті айта бермейтін де шығар. Оны былай қоя тұрыңыз, аймақтың даму бюджетінің өзі таңғаларлық деңгейге көтеріліпті. Салыстырмалы түрде қарар болсақ, оның көлемі 2021 жылы 47 миллиард теңгені құраса, биыл осы сома 207 миллиардқа жетіп, жалпы көрсет­кіш 4,4 есеге артқанын естігенде, таңданы­сымды жасыра алмадым. Жалпы, елдің бола­шағына деген нық қадам, сенімді серпін осылай жасалса керек.

Мен тек көзім шалып қалған, баспасөз ақпарат құралдары насихаттаған мәлімет­тердің шет-шепірін ғана айтып отырмын. Шын­дығына жығылғанда, мынадай көлем­дегі қаржы ағыны бұрын бұл өңірдің өңі түгілі, түсіне де кіріп көрмеген нәрсе ғой. Сөз жоқ, Президенттің Сыр еліне, осы өңір­дің экономикасының ілгері басуына, бір заманда Алашқа Ана, күллі қазаққа пана болған аймақ жұртына деген ықылас, пейілі ерекше. Әрине, оның барлығы облыс басшы­сының іскерлік әрекеті негізінде қалыптасатын ілтипат екені айтпаса да түсінікті ғой. Ал, Нұрекең — Нұрлыбек Мәш­бек­ұлын айтамын, шынын айту керек, қандай өрге салсаң да жүйріктігінен жаңылмай­тын, дөңге салсаң да жорғасынан тан­бай­тын, нағыз шаршамайтын қазақтың сойы­нан. Осындайда бұл аймақтағы біткен істер­дің ыңғайына қоса, бітірген ердің туған елінің алдындағы ересен еңбегі мен ықылас­­пен атқарылып жатқан перзенттік боры­шын да бір ескеріп қойған дұрыс сияқты. Билік тізгінін ұстаған, Президенттің сенімін арқалаған қай әкім үшін де билік жүр­гізіп отырған өңірінің жұрты сырттай айтып жататын алғыстан артық қандай абырой болушы еді?

Күні кеше Сыр еліне арнайы сапармен келген Мемлекет басшысының алдында жасаған баяндамасында Қызылорда облы­сының әкімі Президенттің тапсырма­сына сәйкес, биыл өңірдегі барлық елді мекен­дер жүз пайыз орталықтандырылған сапа­лы ауыз сумен қамтамасыз етілгенін баян­дады. Е, осы жалғыз қатар жолға сыйып тұрған мына сыңар ауыз сөйлемде не мағына, қандай еселі еңбек жатқанын басқа білмесе де, біз білетін бір ғана ауыл­дың «жырын» айтайын. Сол баяғы, елдің шетінде, Барсакелмес аралының өтінде жатқан Ақбасты деген аз ауылдың ғасыр бойы зарын тартып, запыранын жұт­қан ауыз судың жайын айтсаң жанарға жас келеді. Иә, бұл мәселені кезінде тек кім қолға алғысы келмеді дейсің? Алды, бастады, амал қанша, әркім өз әлінше күш салып, толық шегіне шыға алмай, ақыры қай-қайыссы да тастады.

Соның арасында жапан далада, сусыл­даған құмның арасында төрт түлік малдың жайымен отырған көнбіс жұртқа кім, қандай уәде бермеді дейсің? Кешегі Кеңес Одағы тұсында бұл өңірден ауыз су үшін жүзге тарта ұңғыма құбыр қазылып, ақыры ол әрекеттерінен дым шықпай, бәрінің беті бүркеліп кеткенін былайғы жұрт біле бер­мейтін де шығар-ау? Есесіне, оның шет-шепірін біз білеміз. Бір жылдары ізіне түсіп, індетіп жүріп, сөзімізді куәландыратын талай құжаттың үстінен түскенбіз. Сол Ақбасты жұртының пәленбай жылғы тілегі, өтініші, көз жасы қабыл болып, биыл Қызылорда облысының ең шалғай шетінде жатқан сол аз ауылға ақыры үш жүз шақырымдық құбыр арқылы ауыз су барды. Өмір бақи қолқұдықтың көзіне телмірген халықтың сондағы қуанышы мен бал-бұл жанған түрін көрсеңіз. Уай, шіркін, айтатыны жоқ: «Атасына мың алғыс!» — деп тоқтасқан, сарықарын жеңгеміз ұл тапқандай, бір-бірінен сүйінші сұрау үшін жалаң аяқ жүгірген жұрттың сол түнді ұйқысыз өткізгеніне біз куә. Қайтсін енді: «Осы күннің куәсі болып тұрғанымыздың өзі рас па, әлде өтірік пе?» — дегендері ғой.

Саналы адамды айтасың, төрт түліктің төресі, қара жердің кемесі — жарықтық, түйе жануарының Нұрекеңнің құзыретімен келген балдан да тәтті тұщы суға басты салып, қарнын бір қампайтып алып, салпы ерінін сілкілеп-сілкілеп, жан-жағына бір қарап алып, талтаң басып кетіп бара жатқанын көруге де ерекше көз керек. «Апырмай, бұрын қалай ауыз сусыз отырғанбыз?» — дейді ғой кейбіреулер осы күні. — Отырғызып қойған соң отырмай қайтейін деп едіңдер?» — дейміз біз де, іштей. Адам баласы көрген жақсылықтарына бойын тез үйретіп алады екен де, сәл-пәл қиыншылыққа тап болғанда айғырдай оқыра­нып шыға келетінге ұқсайды. Бір күн су тоқтап қалса шу ете қалатыны өз алдына, өмір бойы қол телефонсыз отырып, енді жаман үйреніп алғаны сондай: «Бүгін неге интер­нет нашар, вацап неге тартпай тұр?» — деп шуылдап, дүр көтерілетін сол шағын ауылдың аужайына қарап отырып, кейде мен де ойға қаламын.

Несін айтасың, біздің облыстың әлеу­меттік-экономикалық даму көрсеткіштері шынымен де кісі таңғаларлық дәрежеде екені біраз жерде айтылып жүр. Оны аймақтағы барлық макроэкономикалық өсім де дәлелдеп отыр. Биылдың өзінде 302 миллиард 502 миллион теңгеге 27 жоба іске қосылады деп күтілуде екен. Ғажап емес пе! Бұл күнде соның тоғызы толық жүзеге асыпты. Ал енді ашылып, елдің игілігіне беріліп жатқан нысандарды қараңыз: толық автоматтандырылған, ең озық технология түрімен жабдықталған өндіріс орны — кірпіш зауыт жылына тоқсан миллион кірпіш шығарып, аймақ құрылысына деген сұраныстың тоқсан пайызын қамтамасыз етуді жоспарлап отыр екен; Түркиялық инвесторлар жыл арқауында 94 мың зәру адамды қабылдауға лайықталған «Orhun Mebical» онкологиялық-диагностикалық орта­лық ашыпты. Экологиялық аймақ үшін аурудың алдын алуға арналған мұн­дай орталық салып бергендерге алғыс­тың қай түрін жаудырса да артық емес-ау; Жалағаш, Жаңақорған, Шиелі аудан­дарынан Оқушылар үйі мен өнер мектеп­тері, 7 ауданнан 28 медицина нысаны ашы­лып, Қызылорда қаласынан 11 мың орын­дық жаңа стадион салынып, тарихи-өлке­тану мұражайдың заманауи ғимараты пайдалануға берілген. Шынымды айтсам, кейінгі кезде Сыр бойынан бой көтерген түрлі әлеуметтік бағыттағы нысандар құры­лысының тек атын атап, түсін түстеп шығу үшін ғана әжептәуір уақыт керек екен. Мен тек көзім көргендерін айттым. Ал көрмегеніміз қаншама?!

Осы жолы елге әдеттегідей, көлікпен емес, ұшақпен бардым. Алып әуе құсының қанатына ілесіп, көк жүзімен келіп-кетпегелі де біраз болып қалған екен. Шынымды айтайын, Қорқыт Ата атындағы аэропорттың жаңа терминалын көргенде, тіпті басқа аймаққа кіріп кеткендей әсер алдым. Бұрынғы ғимаратын білеміз ғой. Мынау, барлық стандарттарға сай салынған терминалды көруге көз керек екен. Мұндайды екі облыстың бірінен кезіктіре алмайсың. Таңғалып келе жатқан жалғыз мен бе десем, жоқ, ондайлардың қатары баршылық сияқты. Ұшақтан түсу бойына: «Бәрекелді, Қызылордаң жайнап кетіпті ғой», — деп күбірлесіп, жан-жағына таңданыспен қараушылардың қатары қалың екен. Еңселі ғимараттағы дәліз бойымен адымдап жүріп келе жатып, бір шолып өткеннің өзінде көзімнің аңғалағы толып, көңілім көншіді. Мен тап сол сәтте осының бәрін жасап, туған топырағын қай жағынан болсын жасандырып келе жатқан еренмен жеке таныстығыма, сырлас, дос, сыйлас екеніме кәдімгідей масайрап, бойымды бір түрлі мақтаныш сезімі кернеп кетті.

Қайту сапарда әдейі ертерек келіп, аэро­портты түгел аралап көрдім. Айтса, айтқандай-ақ екен, заманауи талапқа сай салынған мына құрылыс үлгісін дұшпаны болмаса, досы кеміте алмас. Бәрекелді, біткен істің кемі жоқ, ал бітірген ердің кемел­дігі ол өзінше мен мұндалап тұр. Неге екенін білмедім, жаңа аэропорт терминалының коридорымен алшаңдай басып, ұшаққа бір ерекше көңіл күй жетегінде келіп отырдым. Туған топырағыңның көз алдында түрленіп, бас-аяғы екі-үш жылдың ішінде қарға аунаған түлкідей түлеп шыға келгенін көру қандай ғанибет. Кеше ғана Сырға келіп кеткен Мемлекет басшысының аузынан шыққан риза лебіздердің байыбына сонда ғана бойлай бастадым.

Ойыммен алысып отырғанда алып ұшақ қанатын жайып, көк жүзіндегі ақбауыр шарбы бұлттарды жарып өтіп, зеңгірге сүң­гіп, ізін білдірмей бара жатты. Төменде, құжынаған қала тіршілігінің арасында қал­ған кіндік жұртқа іштей тілекші болып, Алатау баурайына — жанұясына асыққан бір перзентінің санасындағы сағыныш табы бірте-бірте сейіле түсті. Өйткені, баяғы сүрең­сіз, қоңылтақ кейіптің орнын басқан мына жаңарған уақыттың жасарған кейпі шынымен де адамның көз алмасын суарып, шөлін басып, мейірін қандырады екен.

Жасай бер, жаңарып, жайнай түс, Қызылорда!

Берік ЖҮСІПОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

(ФБ парақшасынан)

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған