Үстіміздегі жылы ҚР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған ең үздік әдеби шығармалар ресми тіркеуден өтіп, халық талқысына түсті. Солардың ішінде Қазақстан Жазушылар Одағы атынан ұсынылған “Білте шамның жарығы” да бар. Авторы Мемлекеттік “Дарын” жастар сыйлығының, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының, сондай-ақ, М.Мақатаев, Ж.Нәжмединов атындағы сыйлықтар лауреаты – Бауыржан Жақып.

Ай туады, күн қашады

Алдымыздан түн тосады.

Жанушы еді сонда біздің

Қараша үйдің білте шамы.

Жанымызға жарық беріп,

Парақтардан әріп теріп.

Сол жарықпен оқушы едік

Небір кітап алып келіп, – деп өзі жырлағандай, кітапқұмар “бала Бауыржаннан – дара Бауыржанға” айналған ақынның осы күнге дейінгі жетістіктерін түгендеп аз сөздің аясына сыйғызып беру тіпті мүмкін емес!

“Сөз десе өртке түсемін,

Шоғынан көсіп ішемін.

Халқыма бердім сертімді,

Өлеңге бердім еркімді, – деп өршелене өрекпіген өрімтал кезден қанаты күймей өтіп, енді даналық кезеңге қадам басқан ақынның кеудесі бүгінде – шежіреге бай алтын көмбе десек еш артықтығы жоқ. Сол жиып-терген мол қазынасын халқына толайым ақтарып беруге тіл байлығы да, ой тереңдігі мен кестелі сөз өрнектері де жетерлік. Осы орайда оның шығармашылығы жайлы қаламдастары тарапынан айтылған бір шоғыр ой орамдарын ортаға тастасақ, сөздің дәмін кіргізер тұздығы болары айдан-анық. Ендеше, мархабат!!!

Бауыржанның алғаш жұртты өзіне жалт қаратқан өлеңі – “Әжемнің ұршығы” дер едік. Бұл өлең кезінде қазақ поэзиясының күмбірлі көне қоңырауы Әбділдә Тәжібаевтің дуалы ауызына іліккен болатұғын.

 (Т.Медетбек – ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты)

1984 жылы Республика жастарының “Жігер” фестиваліне қатысып, аузы – дуалы, сөзі – уәлі жыр абызы Әбділдә Тәжібаевтың батасын алған Бауыржан Жақып бірден-бір лауреат атанды. Міне сол кездерден бері, қолынан қаламы түспей, республикалық басылымдарда жиі жарияланып келе жатыр. Оның жиырмаға жуық кітабын оқырман қауымы жылы қабылдап, әдеби ортада жоғары бағаланып келеді.

Жүрегім соқпайды енді, демім бітті…

Ей, таулар, жиылыңдар жаназама!

Дегелең тауының ащы зарын осылай әлемге естіртіп, боз даланың қасіретін, тартылған өзеннің мұңын, қураған тоғайдың соңғы сөзі мен желдің жоқтауын жеткізетін “Жан дауысы” поэмасы қазіргі қазақ поэзиясының шоқтығы биік шығармасы ретінде әлдеқашан өз бағасын алып үлгерді.

Сонымен бірге оның ағыл-тегіл бір деммен жазылатын философиялық иірімдерге толы, ұлттық бояуы қанық туындылары да өз оқырмандарын тапты деп батыл айта аламыз!

(Ғ.Жайлыбай – ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты)

… Ақ шырағданның жарығында жетпіс түрлі сәуле жалқындап құбылып тұрса, Бауыржан ақынның да өлеңдерінде дәл сондай жетпіс түрлі реңк бояу, нақыш өрнек бар. Бұл – Ақындардың ақынына ғана бұйыратын Тәңірдің ғажап сыйы!!!

(Р.Ниязбек – Шешенстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты)

… Міне, осындай кіл Мемлекеттік сыйлық иегерлерінің ауызынан шыққан уәлі сөздер бекер-босқа айтылмаса керек-ті. Бауыржан Өміржанұлының төккен тер, өнімді еңбегінің биік көрсеткіші! Көптен көкейімізде жүрген толғақты ой-пікірлерді менен бұрын басқа әріптестер жеткізіп жатса, нұр үстіне нұр емес пе? Бұған қосып-аларымыз жоқ-ау?! Десек те, “Алаштың Анасы” атанған Сыр өңіріне жолы түскенде жазған ақын жырларына тоқталмай өту әсте мүмкін бе?

Өзін “әдебиет-көкжиегіне” жетелеген Әбділдә әкесінің Сырдариясы Бауыржанға да бөтен емес қой. Келген сайын Сыр толқынымен бірге толқып, айырықша әсерленетіні бар. Өйтпегенде ше?

Шайдай ашық Ақмешіттің аспаны,

Шайырлардың жанып тұрған от шағы.

 Сені қалай шығарармын есімнен

Шәйкөйлекті Ақмешіттің ақшамы?!

Шәйдай ашық Ақмешіттің аспаны,

Жайып салар жан-дүниесін жастары.

Түсіме енді пері қызы – Бекторы,

Түс сыйлаған Ақмешіттің ақшамы…

 Көркем кестеленген сүйріктей сұлу сөздерге сүйсінгенім соншалық: “шіркін, мен де осылай жазар ма едім” деп тамсана оқығаным рас. Бұл – поэзия құдіреті! Ақынның таңғы шықтай мөлдіреген кәусар жырлары оқырманын осылай жан рахатына батырып, өзгеше бір сыйқырлы әлемге жетелейді. Ол – қайталанбас дара жолы бар Бауыржан Жақып әлемі!!!

Ал, “Білте шамның жарығы” кітабы бірден-бір Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ылайық кесек те, құнды дүние дер едік.

Қатира Жәленова,

Халықаралық “Алаш” сыйлығының, Мемлекеттік “Құрмет” ордені мен Мемлекеттік стипендия иегері, ақын.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған