Жалағаш ауданында жаңа Конституция жобасын түсіндіруге бағытталған «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» аумақтық коалициясы мүшелері қарқынды жұмыс жасауда. Бүгін коалиция мүшелері адам көп шоғырланатын орын – «Бибігүл Ана» сауда үйінде экспромт кездесу ұйымдастырды.
Кездесуге коалиция мүшелері Қуат Ахетов, Қалдыгүл Дәулет, Айкүміс Орынбаева, Гүлжанат Жақсылыққызы және Анар Жүсіпбекқызы қатысты. Олар саудагерлер мен келуші тұрғындарға жаңа Конституция жобасының негізгі өзгерістерін, әлеуметтік маңызды тұстары мен азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жаңалықтар туралы ақпарат берді.
Коалиция мүшелері тұрғындарға жобаны түсіндіру барысында әр азаматтың дауыс берудегі белсенділігінің маңызды екенін атап өтті. Қатысушылар өз сұрақтарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Қуат Ахетов: «Бүгінгі кездесуде тұрғындардың сұрақтарына ашық жауап беріп, жоба бойынша түсінікті жеткізуге тырыстық», – деді.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында ұйымдастырылды. Қатысушыларға ақпараттық брошюралар таратылды.