1961-ші жылғы 12 сәуірде адамзаттан алғашқы болып ғарышқа ұшқан Гагариннің, оны көкке жіберген КСРО деген алып елдің ол кезде көкейдегісі, көксегені қазіргіден басқа болар…

Бәлкім, расында да АҚШ-ты ғарыштан да басып озамыз деген бәсеке болды. Әйтпесе, бәрінен де бірінші болу деген жеңімпаздық рух болды, болмаса, ғылымды игерсек деген мақсат болды, қалай дегенде де бүгінде ғарышқа баратындардың ниеті де, рухы да, мақсаты да одан өзге сияқты.

Гагарин ғарышқа ұшып даңққа бөленген өткен ғасырдың 1961-ші жылдарды айтпағанда, осы ХХІ ғасырдың бас жағында да ғарыш деген ғылым, әрі кетсе әскери маңызға ие еді.

Содан да ғарышты игеру мемлекеттің ісі болатын. Көкке таласы бар әр мемлекет өз бюджетінен ғарышты игеруге қомақты қаржы бөліп жататын. Содан да жер кіндігі Байқоңырға байланған Сыр жұрты ауа райы кілт өзгерсе ракета ұшты ма деп көкке көз тігеді.

Бұрын жердің бетін қойып, айдың ар жағынан тіршілік көзін іздеп, ғылыми жаңалық ашпақшы болып, көкке ұшырған ғарышкерлер кемесі ғарышқа қонды, құрамында мынадай ғарышкерден бөлек, бәлен ғалым бар деген жаңалықтар желдей есетін. Кейіннен жердің жасанды серіктерін ұшыруды әдетке айналдырдық.

Аналитиктер есебінше бүгінде жалпы ғарыш экономикасында жасанды серіктердің үлесі 70% екен. Яғни ғарыш нарығы қазір 386 млрд доллар табыс тауып отыр десек, соның 279 доллары осы ЖЖС-інің үлесінде. Табыскер жер серігінің өндірісі, әрі оны көкке шығару шығыны бар болғаны 20 млрд доллар ғана.

Спутник қызметін ұсынатын компаниялардың көпшілігінің өз өндірістері бар, тіпті ғарышқа да өздері ұшырады. Мәселен, жұрт аузындағы SpaceX компаниясы әлемдегі ең ірісі, ал соңғы 10 жыл ішінде ұшырылған спутниктердің 42%-ы осынікі. Бүгінде оның ғарышта 3 мың аппараты болса, енді оны кемінде 12 мыңға жеткізгісі келіп отыр.

Жоғары жылдамдықтағы интернетті ұсынушы Starlinkтің табысы 2025-ші жылы 30 млрд доллардан асып түседі, дейді SpaceX сарапшылары. Бүгінде осы Starlinkтің 32 елде 700 мың пайдаланушысы бар екен.

Компания иесі белгілі бизнесмен Илон Маск таяудағы 2-3 жылда Starlinkтің еншісін беріп, бөлек шығармақшы. Өйткені ол қазірдің өзінде 140 млрд АҚШ долларына бағаланған АҚШ-тың ең қымбат жеке компаниясы.

Жалпы ғарыштағы ірі спутниктердің басым дені АҚШ-қа тиесілі. Дегенменен британиялық, қытайлық компаниялар да бар. Спутниктердің өзі телекоммуникациялық, навигациялық және зондтық болып үшке бөлінеді. Алғашқы байланыс пен интернетті, оның ішінде заттар интернетін, екінші тұратын аумақ бойынша GPS, Глонассты қамтамасыз етсе, соңғысы жер туралы мәліметтің бәрін береді.

Финнің ICEVB стартапы өз спутниктері арқылы су тасуы, дауыл, жер сілкінісі, мұнай ағыны, өрт барысын қадағалаумен қатар, теңіз порттары мен стратегиялық объектілерді де мониторинг жасайды.

Ғарыш экономикасының тағы бір саласы ғарышқа жүк жеткізу тасымалы, адам ұшыру.

Қазір тасығыш ракеталарды 3Д принтерде басып шығаратын компаниялар да бар. Әрине, 3Д принтер ракетаны жасап шығаратын шығынды азайтумен қатар оның өндіріс уақытын да қысқартады екен.

Мәселен Relativity Space-тің Terran R 20 келіден көп жүк шығара алады, бірақ оны құрастыруға бар болғаны 60 күн кетеді. Алғашқы Terran R-ды ұшыру 2024-ші жылға жоспарланғанымен, қазірдің өзінде 1,2 млрд доллардың жүгін жеткізуге 5 компания келісім шартқа отырған.

Ғарышқа барған жұрттың көп әңгімесінің бірі ондағы қазба байлықтар. Жердің үстіндегі мен астындағысын бөліп алып, иеленіп үйренген елдер қазір Айдың ар жағынан алтын іздеп жүр. Өкінішке орай қара мұнай мен оған тектес табылмағанымен қуат көзі болатын изотоптар табылып отыр. Сондай-ақ жерде сирек кездесетін лантан, неадим, иттрий металлдар кеніштері аккумулятор, электроника, тағы да басқа өндірісі барларды ғарышқа құмар етіп отыр.

Ғарыштағы ресурстардың екі мақсаты бар. Бірі – сонда кәдеге жарату. Мәселен, сондағы әралуан кораблдер менен ракеталарды отынмен қамтамасыз ету, сондай-ақ Ай менен Марста тұрғын үйлер менен кәсіпорындар инфрақұрылымын жасау. Негізі, Айға болмаса да, Марсқа қоныс аудару жоспары бары рас.

Ал, екінші мақсат ғарыштан жерге тасу, тек металлдарды ғана емес, күн қуатын да.

Ғарышқа барып қайтқан туристер әзірге ондаған ғана. 2021-ші жылы SpaceX алғаш рет орбитаға бірден 4 турист, экипаж түгелдей туристер алып шықты. 2022-ші жылдың сәуірінде Израил, АҚШ, Канада азаматтары 17 күн көкте болып қайтты. Биылға да жоспар бар.

Адамды көкке ұшыру бір бөлек, енді ғарышта қонақүйлер салып жатқандар да бар. Әзірге ғарыш туристері аз болғанымен, алдағы жылдары бай, аса ауқатты адамдар ғарышқа бармағанда қайда барады? Мәселен бір компаниядағы бір орын 450 мың доллар екен. Алайда, алдағы уақытта ғарышта да баға арзандауы мүмкін болғандықтан ниеттеніп тұрғандар да жетерлік екен.

Ғарыш пен әуе технологиясы дамыған қазіргі заманда Парижден Сиднейге 20 сағатта емес 2 сағатта жету континентаралық дыбыстан жылдам ұшу бәсекесі болып тұр. Жасыратын несі бар қазір әлем халқы қозғалыс үстінде. Бұны Париж, ертесі Стамбул, одан Пекин дегендей ел аралап жүрген адамдар менен әуеде шарлап жүрген жүктер нарығы да бүгінде 3,5 трлн долларға жетіп отыр екен.

Аспаннан ақша жасағысы келетіндер үшін де бұл жақсы мүмкіндік. Өнертапқыш компаниялар да дыбыстан да жылдам ұшуға қамданып-ақ жатыр. Бірақ әзірге нарыққа шыққаны жоқ.

Жалпы ғарыш әлемі бүгінде өнертапқыштардың жаңа технология мен бизнес әлеміне ұласты. Сарапшылар пікірінше 2030-шы жылы ғарыш нарығы 1,4 трлн долларға жетеді екен. Бұл бүгінгісінен 3,5 есе көп…

С.БИХОЖАЕВА

Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған