Қазақ қашан да ұрпағының жүзі жарқын азамат болып өсуіне жағдай жасап, ар мен абыройдың ұғымын айрықша түсіндірген. Даңқына дақ түсірмеуге тырысып, баланың бар қажеттілігін қамтамасыз етіп, жақсы мен жаманның ара-жігін айқындап берген. Алайда, қазіргі қоғамның баласына қарасаң, өн бойы қатыгездікке толы ма деген ой келеді. Қайсыбір желіні ашып қарасаң, біріне бірі суық қару ала жүгірген жеткіншектер, соққының астына алғандар мен соққының астында қалғандар. Болар елдің балалары біріне бірі «батыр» дейтін болса, бір-біріне қару кезеген «батырлары» бар елді не дейміз?

Облыс әкімі Н. Нәлібаев соңғы кезде көптеп орын алып жатқан кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтарға, Қазалы ауданындағы елді дүрліктірген дүрбелеңге байланысты шұғыл жиын өткізді. Қазалыдағы қырғын топалаң бұған дейін де болғанын айтып, жауапты мамандарды сынның астына алып, әрекетсіздіктері үшін айыптаған-ды. Бірнеше күн бұрын Қазалы ауданында орын алған жағдаймен қоғам түгел құлаққағыс. Облыс әкімі «шұғыл шара қолданылсын» дегенін жауапты азаматтар қалай түсінгені белгісіз, орын босатумен, тергеу-тексеру жұмыстарымен шектеліпті. Жағдайдың орын алғанына қанша күн өткенмен, әлі нақты ақпарат пен көрілген шараның шеті көрінбейді.

Қазалы ауданынан бөлек, Жалағаш кентінде екі мектептің оқушылары арасындағы төбелес, суық қару қолданған қалалық 217 мектеп оқушысы. Осы істердің барлығын аймақ басшысы жіпке тізіп, жіберген қателіктерді атап көрсетті. Сонымен қоса, тәрбиені толығымен мектепке міндеттемей, балаға басты жауапты тұлға – ата-ана екенін жеткізді.

Қазалы ауданында орын алған оқиғаға байланысты шұғыл түрде Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында брифинг өткізілген болатын. Жиынға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков, облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Амитов, облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет қатысты.

– Қазіргі таңда, баланың жағдайы динамикада жақсаруда. Ауруханаға келгеннен бастап барлық медициналық көмек көрсетілуде. Бұған қоса, Теміржол ауруханасына ауысқаннан бері де денсаулығы мамандардың қатаң бақылауында, – деді Олжас Искаков.

– Тергеу барысында жәбірленушіні ұрып- соққан барлық тұлғалардың жеке бастары анықталып, олар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлерімен рейдтік жұмыстар жалғасуда. Аталған құқық бұзушылықты дер кезінде анықтамай, алдын алу шараларын жүргізбеген Қазалы аудандық полиция бөлімінің басшысын қызметінен босатуға ҚР ІІМ-не ұсыныс жолданып, 10 қызметкері қатаң тәртіптік жазаға тартылды, – деді облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Амитов.

– Ауданға барғанда жарақат алған оқушының жағдайымен танысу үшін арнайы өзім ауруханаға бардым. Баланың денсаулығы бір қалыпты, ем қабылдауда. Осы орайда әкімшілік қадағалауды өз деңгейінде үйлестірмеген және кемшіліктерге жол берген Қазалы ауданындағы №70 мектеп-лицейінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары жұмыстан босатылып, директорына қатаң шара көрілетін болады. Сонымен қатар Қазалы аудандық білім бөлімінің басшысына қатаң сөгіс беріліп, басқа да жауапты мамандардың жауапкершілігі қаралатын болады, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет.

Тағы бір қызықты дерек соққыға жыққан балалардың арасында 2017 жылы зейнетке шыққан, полиция капитанының баласы бар екендігі анықталды. Қамауға алынған балалардың арасында ішкі істер органының бұрынғы қызметкерінің баласы бар ма деген сұраққа Шамшидин Амитов жауап бере алмайтындығын анық айтты. Басшылар құр сөзбен құтылып, ескерту ғана жасай беру бос іс секілді. Себебі ескертуді елейтіндермен қатар оны құлағына ілмейтіндер де баршылық.

Қазалы аудандық Полиция бөлімінің бастығы Кабизов Болат қызметінен кетті. Алдағы уақытта жаңадан келген басшы осындай тәртіпсіздіктің орын алмауын қадағалайды ма?

Мұхаммедшах Каюп

Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған