«Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді». Бірнеше күн бұрын ысырап болып, Қызылорда қаласындағы полигондардың бірінде қоқысқа айналып жатқан көкөністердің бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарап кеткен болатын. Ашынған халық билік өкілдерін жерден алып, жерге салды. Толығырақ айта кетсек, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы халыққа шекті бағада сатылуы тиіс 120 тонна «жеуге жарамсыз» көкөністі қоқысқа төккен. Онда шіріген картоп, сәбіз бен қырыққабаттың үйіліп жатқанын көруге болады. Бейнежазба авторының айтуы бойынша, қоқысқа кеткен көкөністің бәрі әлеуметтік дүкендерге арналған. Бірақ шіріп кетіп ысырап болған. Жауапты адамдар шіріген көкөністерді адам түгіл мал жеуге жарамсыз дейді. Сондықтан іріп-шіріген өнімді тастауға мәжбүр болыпты. Ал қарапайым халық әлеуметтік дүкеннен қажет азық-түлікті дер кезінде таба алмайтынып айтып, наразылық білдіріп отыр.

Қымбатшылық қысып тұрған шақта азық-түлік құнын тұрақтандыруға арналған тауарларды сақтап, тұрғындарға нарықтан арзан бағада сатылуына жауапты «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басшысы бұл жағдайдан кейін қызметінен кетті. Сонымен қатар тиісті бақылау жүргізбеген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы облыс әкімінен қатаң сөгіс естіді. Осы орайда бір сұрақ мазалайды. Басшыны орынынан қуып қана, кеткен шығын өтеле ме?

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен жиында өнімдердің ысырабына жол берген корпорация басшысының қателігі екені айтылды.

– Азық-түлік те нан сияқты ғой, киесі болады. Таппай қиналып жүр соны кейбір кісілер. Сіздер оны бүлдіріп, апарып полигонға тастайсыздар. Елге түсіндірудің ретін таппай отырмын. Қазіргі сіздердің жасағандарыңыздың ешқандай реті жоқ. «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына байланысты Самат Нұрахметұлы сіз ренжімеңіз, алдында да тұрақтандыру қорында кемшіліктер болды. Өкінішке орай, сенімді ақтамадыңыз, сондықтан қызметтен босатыласыз,- деп әкім өз ойын қысқаша тәмамдаған еді.

Алдыңғы жылға қарағанда осы жылы қалдық саны аз болды деген нәрсе миға қонымсыз. Өнім бар, бірақ, оны сақтап тұратын талапқа сай қойманың болмауы адамды қынжылтады. Бюджеттен бөлінген ақшаның қоқысқа кеткені үлкен жауапсыздық.

Елдің мәселесін шешу жолын ең бірінші азық-түліктен бастау керек секілді. Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді. «Үзіп жеген үнемге жатпайды» – демекші өнімдердің іріп-шірігені ысырапшылдыққа жатады. Яғни ысырапшылдық бұл жеке тұлғаға, отбасына, бастысы қоғамға қауіп төндіретін, тірнектеп тапқан дүниенің түбіне жететін, бұл жаман әдет. Ендігі жерде бізде ортақ мәмілеге келіп, ысыраптың жолын тиғанымыз абзал деп есептеймін.

Жауапсыздық, немқұрайлылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады. Халық алдында жауапсыздық танытқан тұлғалар өз жазасын алмай қоймасы анық. Алайда, осы жағдайдың тағы да қайталанбасына кім кепіл?!

Мұхаммедшах Каюп

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған