Қызылорда облысының 85 жылдығы мен Қала күні аясында Қарауылтөбе ауылдық округіндегі 150 орындық клуб пайдалануға берілді.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жерлестерін жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, ізгі тілек білдірді.

«Баршаңызды көптен күткен қуаныш – жаңа клубтың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Өздеріңіз де білесіздер, өткен аптада облысымызға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев арнайы жұмыс сапарымен келіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң бағасын берді. Қызылорда қаласындағы «Анаға тағзым» орталығын аралап көріп, мұндай орталықтың жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берудегі маңызын атап айтты.

Еңсесін тіктеп, ертеңін ойлаған ел алдымен мәдениетке бет бұрады. Ауылдың мәдениеті өсіп-өркендесе, балалардың өнерге, білім-ғылымға деген құлшынысы артады. Сондықтан, мұндай руханият ордасының ашылуы – өңірдегі жарқын жаңалықтың бірі. Енді ауылдықтар осы жерде жиналып, түрлі кештер, іс-шаралар ұйымдастыра алады. Заманауи үлгідегі жаңа клубы бар ауылдан небір талантты ұл-қыздардың түлеп ұшатынына сенемін», – деді аймақ басшысы.

Іс-шарада Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев та жерлестерін құттықтап, ауыл ақсақалы Аманкелді Досмахан бата берді.

Облыс әкімі клуб ғимаратын аралап, көркемөнер үйірмесі бөлмесімен және «Бегім ана» бірлестігінің жұмысымен танысты. Мұнда қолөнер бұйымдары, бисермен тоқу, мольбертке сурет салу үйірмелері ашылған. Осы жерде аймақ басшысы тұрғындармен кездесіп, пікірлесті.

Айта кетейік, Сыр өңірінде мәдениет саласының өркендеуіне барлық жағдай жасалуда. Қазан айының басында «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы» пайдалануға берілді, «Өнер орталығы» жыл соңына дейін көрермендерге айқара есік ашпақ.

Жақын арада демеушілер есебінен музыкалық колледж ғимаратының құрылысы басталады. Келер жылы аудандарда салтанат сарайы, кітапхана, музей, архив орналасатын, жастар, ардагерлер мен аналар бас қосатын «Руханият» орталықтары салынады.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған