Мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарының Құрметті азаматы, мемлекеттік бірнеше мадақтар мен марапаттардың иегері Бердібек Машбекұлы Сапарбаев жайлы Бір үзік сыр.

Биылғы маусым айының алғашқы онкүндігі қайғылы жағдаймен бүкіл Қазақ халқының қабырғасын қайыстырып жіберді. Мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, алты Алаштың біртуар ардақты да, аяулы азаматы Бердібек Машбекұлы Сапарбаев мезгілсіз мәңгілік сапарға ортамыздан аттанып кетті. Мынау бес күн тірліктегі онсыз да қамшының сабындай қысқа ғұмыр тыныс алуын кенеттен тоқтатты. Бүкіл ел-халық болып қайғырып, арда туған айрықша азаматты ақ жуып арулап, ақтық сапарға халық болып шығарып салды. Марқұм Алатаудың баурайындағы «Кеңсай» зиратынан мәңгілік қоныс тапты. Жатқан жері жайлы, жаны жәннатта болғай!..

Өткен ғасырдың соңғы 1991-ші жылдары еліміз Тәуелсіздік алған кезде оның тұғырлы болуына аянбай еңбек еткен тұлғаның бірі, әрі бірегейі осы Бердібек Машбекұлы еді. Ол Тәуелсіз еліміздің алда көгеріп-көктеуіне, өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына өлшеусіз өз үлесін қосқан азамат. Алғашқы еңбек жолын жоғарғы оқу орнын тәмамдағаннан кейін Мемлекеттік еңбек жинақтау кассалары басқармасынан бастап, жас маман КАЗССР Қаржы министрлігінде қызметін жалғастырған. Кейін Президент Аппаратында, Министрлер кабинеті мен бірнеше министрлікте жауапты қызметтер атқарды. 1995 жылы Қызылорда облысының әкімі, кейін Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстарына басшылық етті. Кедендік бақылау агенттігінің төрағалық қызметінде де болды. Экономика және бюджеттік жоспарлау вицеминистрі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары қызметіне екі мәрте тағайындалды. Бердібек Машбекұлы түйткүлі көп, түйіні қиын түрлі ауыр қызметтерді адал әрі абыроймен атқарды. Ол 1995 жылы Қызылорда облысына әкім болып тағайындалған еді. Сол кезде облыс нарықтық экономиканың әсерінен әлсіреп, 1997 жылы Семей, Жезқазған, Талдықорған, Көкшетау және Торғай облыстары сияқты таратылу тізіміне іліккен кез еді. Бұл сыбысты естіген бірнеше аймақ тұрғындары көрші облыстарға қоныс аударып та үлгерген. Сол кезде білімді басшы Бердібек оңтайлы шұғыл әрекеттерді жүзеге асыра білді. Бағдарлама жасап, реформа қабылдады. Облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалы бірте-бірте жайлап жақсара түсті.

Бердібек Машбекұлының білімділігінің арқасында 1996 жылы облысымыз арнайы экономикалық аймаққа енді. Басқа да аса маңызды іс-шараларды жүзеге асырды. Сол маңызды шаралардың нәтижесінде облысымыз орнығып, орнында қалды.

Іскер басшының ерен ерлік істері мен еңбектерін бір ауыз сөзбен, болмаса бір-екі парақ қағазға жазып жеткізу мүмкін емес. Менің айтайын дегенім, Бердібектің адалдығы, әділдігі, адамгершілігі, имандылығы, сезімталдылығы, қамқоршылдығы…

Мен Бердібекпен ауылдас та, жерлес те, рулас та, туыстас та емеспін. Атпал азаматты аймаққа басшы болып келгеннен бастап баспасөз беттері мен теледидар арқылы көріп, оқып білдім. Ол адамның жан дүниесін сезіне білетін сезімтал, жүрегі жылы, жаны жайсаң жан екенін сырттай сездім. Оған дәлел болған басымнан өткен мынандай қаралы жағдай еді. 1997 жылы наурыз айында қаладағы бір ірі қоймада тілсіз жау – өрт тұтанып, соны ауыздықтауға өртке қарсы қызмет басқармасынан ішкі кызмет сержанттары Арғын Аширбеков пен Арман Төлеубаев барып, өртті сөндіру кезінде екеуі де мерт болды. Арғын менің ұлым болатын. Сол кездегі басқарма бастығы марқұм Ибадулла Түйменов ономастика комиссиясына олардың ерлік істері мен есімдерін ел есінде қалдыру мақсатында қаламыздан екеуінің атына көше атауын беруге өтінішті жазбаша білдірген болатын. Кезінде екеуінің ерлік істері баспасөз беттерінде жиі-жиі жазылып, теледидардан жиі көрсетіліп тұрды. Екі азаматтың ата-аналарын кезінде Алматы қаласына арнайы шақырып, Президент Жарлығымен екеуіне тиесілі төсбелгіні ата-аналарына табыстаған болатын.

Бірде облыс әкімшілігінен әкімнің кеңесшісі үйіме телефонмен қоңырау шалып: «Ертең сізді облыс әкімі сагат 17-00-ге шақырады, келіңіз», – деді. Неге шақырғанын білгім келіп сұрағанымда ол кісі білмейтінін айтты. Ертеңіне жұма күні барып қабылдауында болдым. Мен сырттан іс бөлмеге енген кезде Бердібек інім орнынан тұрып қарсы алып, қасына отырғызып, жұбату айтып, көңіл айтып, біраз имандылық әңгіме айтты. Сіздің ұлыңызға арнап жазған еске алу ретіндегі жеті шумақ өлеңді газеттен оқыдым да, толқып кеттім,- деді. Осы бейбіт күні басын қауіп-қатерге байлаған, сөйтіп қоғам үшін қаза тапқан батырларға көше атауы берілмесе, кімге беріледі? Сіз үйде бола беріңіз. Екі аптаның ішінде мәселе шешіледі, – деп ілтипат білдіріп шығарып салды. Оның адамгершілігі мен азаматтығына, имандылығы мен ыстық ықыласына аса риза болдым. Бұл менің мәңгі жүрегімде, есімде қалды, қала да береді. Мен сонда бірінші рет Бердібек ініммен бетпе-бет кездесіп, оның жүрегінің жылылығын, жұмсақтығын, нәзіктігін байқадым, сезіндім, түсіндім.

Уақыт өтіп жатты. Бірде кешкілік теледидардан Бердібек інімнің аяулы ұлы жол апатынан қайтыс болғанын хабарлады. Менің басыма туған күн азаматқа да туған екен-ау деп қатты қайғырдым. Сол түні ұйықтамай, жанарыма ерік беріп, әрі кеңесшім, әрі көмекшім қалам мен қағазды қолға алып, ініме көңіл айтып Шымкентке хат жібердім. Екі апта өткенде кешкілік почтальон қыз келіп хат ұсынды да, қағазға қол қойдырып алды. Хат Бердібек інімнен келіпті. Әкімшіліктің арнайы қағазына қысқа да, нұсқа көңіл білдіргеніме рахметін айтыпты. Өзі анадай ауыр жағдайда жүріп, ескерусіз қалдырмай жауап жіберуі асқан адамгершіліктің, азаматтықтың ең биік шыңы емес пе? Журналист Қаныбек деген ініміз бірде кездескенімізде маған: – Бердібек Сапарбаевтың қаза болған баласы жайлы жазылған «Сағымға айналған сағыньш» атты кітабын алдыңыз ба? – деді. Ол туралы естімегенімді айттым.

– Сіз ол кісіге көңіл айтып хат жазған екенсіз. Сол хаттың мәтіні кітапка еніпті, – деді Қаныбек. Ол кітапты кейін тауып, бір кісіден уақытша сұрап алып, оқып шықтым. Кітапты егесіне қайтардым. Ана жүрегі өте тым нәзік қой. Бауыр еті баласын жоқтап, келіннің жанарынан жас көпке дейін тыйылмаған ғой. Сонда Бердібек інім келінге басу айтып, «өзінің ұлы да осындай жағдайда тап болған бізге тіпті бейтаныс кісі де қайғымызға ортақтасып жатыр. Сен сабыр етсей» деген екен келінге. Жаңа жоғарыда айтып өткендей ұлым Арғын мен Арманға сол кезде Бердібек Сапарбаев, Бақберген Досмамбетов, Бауыржан Омаров және ономастика комиссиясы мүшелерінің тікелей қолдауымен көше атауы берілді. Оларға Алланың нұры жаусын. Бұл маған ғана Бердібек тарапынан жасалған қолдау емес, көптеген кісілерге қолдау көрсетіп, оның шарапатының шуағы тигендер қаншама…

Бердібек ініммен осыдан үш жыл бұрын Алматыда бір аста кездесіп, ауыл-елдің аманшылығын сұрасып, аз сұхбаттасқан едім, сонда соңғы көруім екен-ау…

Иә, Бердібек Машбекұлы Сапарбаев нағыз марқасқа, маңдайға сыймай кеткен тұлға. Оның халқына, еліне еткен ерен еңбектері ұшан теңіз. Ол ең қиын-қыстау кезеңде қажымай, қайыспай, шаршамай, талмай, адал да, таза қызмет атқарды. Оның ерен еңбектері елдің жадында ұзақ сақталып қалады деп сенеміз. Әулеттегі болған ауыр қайғыға көңіл айта отырып, бұдан былай ол отбасында тек жақсылық пен қуаныш болғай деп тілейміз. Бердібектің жатқан жері жайлы, жаны жәннатта болып, пейіште нұры шалқысын!

“Ерін сыйлаған ел оңар” дейді атам қазақ. Енді Бердібектей Алаштың ардақты да, аяулы ұлын мәңгі ұмытпау үшін рухын ұлықтап, қаламыздан бір мектептің аты берілсе және бұрынғы отырған қонысына ескерткіш тақта ілінсе, Шымкент, Жамбыл, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарының орталық қалаларындағы көшелердің біріне ер азаматтың есімі берілсе артық болмас еді-ау.

Қазыбек Әшірбекұлы

ҚР ІІМ-нің Еңбек және Құрмет ардагері

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған