«Қазпошта» АҚ-на биылғы жылы 30 жыл толады. Осы уақыт аралығында Ұлттық пошта байланыс операторы миллиондаған қазақстандықтарға түрлі қызмет көрсетіп, тұрақтылықтың символына айнала алды. Бұл ретте компанияның жылдар бойы шалғайдағы елдімекендерге бірқатар қаржылық әрі мемлекеттік қызметтерді көрсетіп келе жатқандығын көпшілік біле бермейді. Осыған орай, бүгінгі материалда Ұлттық пошта операторының пошта қызметінен бөлек қандай қызмет ұсынатынын білетін боламыз.

Ұлттық пошта операторының өзге компаниялардан басты ерекшелігі оның Қазақстанның барлық аймақтарында бөлімшелерінің болуы. Айта кетерлігі, еліміз бойынша бүгінде Қазпоштаның 2940 бөлімшесі жұмыс істеп тұр. Олардың ішінде 196 бөлімше серіктестік негізде қызмет көрсетеді. Осылайша компания өз қызметтерімен барлық ел тұрғындарын қамтамасыз етіп тұр. Бөлімшелерде азаматтар пошта және қаржылық қызметтерден бөлек, логистикалық, брокерлік, агенттік және e-commerce қызметтерін ала алады.

Тағы бір айта кетер жайт, Ұлттық пошта операторы өзінің өңірлік желілерінің арқасында шалғайдағы ауыл-аймақ тұрғындарына да бірқатар қаржылық және мемлекеттік қызметтерді ұсынып отыр.

«Бүгінде ауыл тұрғындары үшін Қазпошта екінші деңгейлі банкпен бірдей қызмет көрсетіп келеді. Біздің ауылдық бөлімшелерде тұрғындар жеке тұлғалардан төлем қабылдау, ақша аударымдары, зейнетақы және жәрдемақы алу, жинақтық салым ашу сияқты қызметтерді ала алады. Сондай-ақ оларға есептік-кассалық қызмет көрсету, теңге және шетелдік валютада ақша аудару, 2-12 ай мерзімде жинақтық салым ашу, overnight жағдайында салым ашу қызметтері қолжетімді. Бұл мақсатта клиенттерге тиімді болу үшін, Қазпошта бірнеше тарифтік жоспар әзірледі. Осы тарифтер арқылы мекеме қай салада жұмыс істесе де, қызмет көрсетудің арнайы жағдайларын ала алады. Қазірдің өзінде 300 мыңнан астам заңды тұлға тұрақты түрде біздің қызметтерге жүгінеді. Сол сияқты Қазпошта 2000 жылдан бастап бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы екенін, әрі брокер ретінде қызметтер ұсынатынын көпшілік біле бермейді. Яғни, Казпоштақор нарығында бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен тапсырма бойынша, клиенттердің есебінен мәмілелер жасасу бойынша брокерлік қызметтерді ұсынады», – дейді «Қазпошта» АҚ қаржылық қызметтер жөнін­дегі басқарушы директоры Шолпан Абирова.

Еске саларлығы, Қазпошта 2018 жылдан бастап «Қолжетімді пошта» жобасын іске асырып келеді. Оның аясында бүгінде пошта бөлімшелерінен бөлек, 150 поштамт пен 208 сәлемдемелер супермаркеті жұмыс істеуде. Күн сайын олар арқылы 150 мыңнан астам бандероль беріледі. Бұған қоса қазақстандықтардың әр екінші сәлемдемесі Ұлттық пошта байланыс операторы арқылы жеткізіледі.

Бүгінге Қазпошта электрондық коммерция бағытын дамытуды қолға алып жатыр. Сондай-ақ пошта операторы алдағы уақытта ауыл-аймақтарда тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерінің саны артатынын айтады.

Майнұр Жанақова

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған