Жұмыртқаның айналасында әңгіме көп. Мәселен холестерин жоғары болса, немесе диета ұстағанда жұмыртқаның, әсіресе сары уызының кері әсері бар. Кейбіреулер ақ жұмыртқаға қарағанда қоңыр жұмыртқа пайдалы деп ойлайды. Негізі бұның барлығына ғылыми түсінік жоқ та екен.
Ақ жұмыртқа, әлде қоңыр жұмыртқа
Жұмыртқа қабығының түсінің дәміне еш қатысы жоқ. Тек тауық тұқымына байланысты түсі әр түрлі болуы мүмкін. Мысалы қара немесе қоңыр түсті тауықтардың жұмыртқасы қоңыр, ал ашық түсті тауықтардың жұмыртқасы ақ болады. Қоңыр жұмыртқаның бағасы әдетте ақтан қымбат. Өйткені қоңыр, қара түсті тауықтардың дене бітімі ашық түстілерге қарағанда ірілеу болады. Содан да жемді көп жейді. Шығыны көп болғандықтан да бағасы қымбат болады.
Жас тауық пен үлкендерінің айырмашылығы қандай?
Тауықтың жасы да жұмыртқасына әсер береді. Үлкен тауықтардың жұмыртқа қабығы жұқа, ал жас тауықтардың жұмыртқасының қабығы қалың болады. Тауық жұмыртқасының дәмділігі, пайдалылығы қабығының түсіне емес, тауықтың жеген жеміне байланысты. Көптеген тауық асыраушылар құс тамағына пайдалы витаминдер, Омега-3 сияқты пайдалы майлар қосады. Содан да үнемдеген құс өсірушілерге қарағанда олардың жұмыртқалары өте пайдалы.
Экзотикалық жұмыртқа
Үй тауығының жұмыртқасын көбіне базардан сатып алып жатамыз. Алайда сапасын анықтайтын ветеринар анықтамасын сұраған жөн. Елдің бәрі бірдей үй жұмыртқасын жей бермейді. Кейбіреулер экзотикалық жұмыртқаларды жақсы көреді. Кейбіреулер страус (түйеқұс) жұмыртқасын жегенді ұнатады. Дәмі жағынан тауықтан еш айырмашылығы жоқ. Тек көлемі жағынан бір жұмыртқамен бүкіл отбасын тойдыруға болады. Түйеқұс жұмыртқасын үш ай сақтауға келеді. Жұмыртқа қабығы қалың, төзімді болғандықтан тасымалды жақсы көтереді. Бүгінде Қызылорда қаласында да түйеқұс өсіру кәсіпке айналып келе жатқанымен оның жұмыртқалары ірі дүкендерде, базарда сатыла бермейді. Тек оны өсірушілерге алдын-ала тапсырыс беруге болады. Бөдененің жұмыртқасы бүгінде үйрен[1]шікті асқа айналды. Тіпті экзотикалық емес десе де болады. Оның дәмін ұнатқан, пайдасын түсінген тұтынушылардың көбейгендігі соншалық дүкен сөрелерінде тұрақты тұратын өнім түріне айналды. Сатып алар кезде сапасын әбден тексерген дұрыс. Сыртқы қабығы өте жұқа болғандықтан тез жарылады, әрі кеуіп кетеді. Сөреде көп тұрып қалған, кебе бастаған жұмыртқаны сатып алмас үшін салмағына назар аударыңыз. Әдетте сапалы бөдене жұмыртқасының салмағы ауыр болады. Ал кеуіп кеткені жеңіл. Көбіне жұрт оны шикілей ішкенді ұнатады. Дегенменен оған әуес болмаған жөн. Бөдене жұмыртқасын пісіруге бар болғаны 1-2 минут қана уақыт кетеді. Пісірген бөдене жұмыртқасы пайдалы қасиетін жоғалтпайды. Ал үйрек, қаз, түйетауық жұмыртқаларының тауық жұмыртқасынан еш айырмашылығы жоқ.
Ескі мен жаңаның айырмасы
Дүкеннен сатып алған жұмыртқаның пайдалылығын үйге келгеннен кейін тексеруге болады. Ол үшін стаканға немесе банкіге су құйып, ішіне жұмыртқаны саламыз. Жаңа жұмыртқа бірден суға батып кетеді, ал тұрып ескіргені жүзіп жүреді, тіпті ескіріп шірігені су бетіне бірден атып шығады.
Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар