Әлемдік деңгейде дамыған университетте білім алу кімнің болса да арманы екені анық. Сол арманның жетегіне еріп, бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде оқуға мүмкіндік алу мен үшін де, осы шаңырақта оқитын әрбір студент үшін де үлкен бір жетістік. Міне, енді білім ордасы, қара шаңырақ – ҚазҰУ туралы ой – тілге тиек, қаламға жазар қара сөз болып отыр.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 180-нен астам гуманитарлық, жаратылыстану және техникалық мамандықтар бойынша бакалаврларды, магистранттарды, докторанттарды дайындайды. Сонымен қатар, 16 факультет, 8 ғылыми-зерттеу институты, 29 ғылыми орталық пен Ғылыми-технологиялық паркі, 97 өндірістік филиалдан тұратын бірегей ғылыми-инновациялық инфрақұрылым қалыптасты. Университетте білім алатын барша студенттердің жан-жақты дамуы үшін, көшбасшылық қабілетті қалыптастыру мақсатында, өз-өзін кемелдендіріп, еркін, заманауи дамыту үшін бар жағдай жасалған. Сол бар мүмкіншілікті пайдалана білу, әр студенттің өз қолында. Мәселен, интернет орталығы, Ө.А. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы, мұражай, тамақтандыру комбинаты, студенттерге қызмет көрсету орталығы «Керемет», компьютерлі- техникалық жабдықтар, WI-FI сымсыз интернет желісі, ауқымы кең спорттық кешен сынды орталықтар орналасқан. Онымен қоса ең бай кітапхана – Әл- Фараби атындағы кітапхана орналасқан. Қойнауы кітапқа бай, зәулім сарайлы кітапханамызда әр студент өзінің керегіне еш қиындықсыз қол жеткізе алады.

Университет әрбір мектеп түлектерінің арманы десек қателеспес едік, себебі университетте жоғары да атап өткен түрлі қызметтермен  қатар, студентті түрлі мүмкіндіктерге жетелейтін, оны жаңа қырынан аша түсетін түрлі ұйымдар мен клубтар жұмыс жасайды. Олардың ішінде «Сұңқар магистранттар мен студенттер» кәсіподағы, «Сенат» өнер мен шығармашылыққа бағытталған ұйым, «Көмек» қоғамдық қоры, Студенттік кеңес ұйымы, Еріктілер лигасы және т.б. көптеген ұйымдар мен клубтар бар. Осындай ұйымдардың арқасында студент қоғамдық өмірге белсенді араласа отырып, өзін жан-жақты дамытып, университет қабырғасынан толыққанды тұлға ретінде қалыптасып шығады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қазіргі таңда Туркиядағы Стамбул мен Өзбекстанда Ташкент қаласында өз филиалдары ашылып,  өрісін кеңейтуде. Сонымен қатар Еуропа және Азияның басқа да университеттерімен студент алмасу арқылы, бакалавриат студенттеріне шет елде бір немесе екі семестр оқуға мүмкіндіктер беріледі. Ал магистранттар мен докторанттарға шет елде іс-тәжірибеден өту қарастырылған.

ҚазҰУ қалашығы – студенттердің жақсы өмір сүруіне жағдай жасалған университет территориясы. Студенттер үшін төрт және тоғыз қабатты 16 жатақхана, қалашық ішінде «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында сауда орталығы, шаштараз, дәріхана, аурухана, кинотеатр және т.б. орналасқан. Қалашықтың өзін көзбен көрмесең, оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес-ті. Әр мезгілде өзіне тән бояуына боялатын бұл қалашық – білім ордасы ғана емес, махаббат ордасы, мейірімділік пен ерекше сезімдерге толы бір әлем. Таң атқаннан кеш батқанға дейін студенттердің легі басылмайтын бұл қалашықты құдды бір мемлекет ішіндегі мемлекет дерсің.

Университетте тек білім беріп қана қоймай, мемлекеттік, әлемдік деңгейдегі ғалымдар мен профессорлар түрлі зерттеулер жүргізіп, жаңа технологияларды ойлап табу үстінде. Осындай алуан түрлі жетістіктердің арқасында қазіргі таңда университет әлемдік университеттер рейтингісінде алға жылжып отыр. Түрлі салалар бойынша, соның ішінде экономика саласы бойынша мықты мамандар дайындайтын «Экономика және Бизнес Жоғары Мектебінде» еліміздің экономист, қаржыгер, логист майталмандары оқып бітіріп жатыр. Мемлекеттің өмір сүруінің басты көзі ақша-қаражаттарын зерттеп, бақылап , басқарып отыратын қаржыгерлер мен кез-келген кәсіпорынның негізгі қызметтері бухгалтерия, есеп және аудит мамандары осы факультеттің «Қаржы және Есеп» кафедрасында түлеп ұшып, ел экономикасына өз үлестерін қосуда.

Елдің болашағы – жастар. Ал жастардың ең үздік оқу орындарында білім алып, бәсекеге қабілетті, білімді қоғам құруы ең маңызды мәселелердің бірі. ҚазҰУ-да қазіргі таңда оқитын 25 000 ға жуық студенттің әрбірі – ертеңгі қоғамның тірегі. Еліміздегі басқа да университеттерде оқитын барлық студенттерге салынып жатқа мемлекеттің инвестициясы, болашаққа салынып жатқан инвестиция десек артық болмас еді. Қазақстанның кең байтақ жерінде, елдің әр түкпірінен білім мен арман қуып, Алматыға келіп, ҚазҰУ-да оқып жатқан студенттер ешқашан осы уиверситетке түскені үшін қуанбаса, өкінбек емес. Ендігі студенттік өмірге қадам басып келе жатқан буынға да, армандаған мамандық, қалаулы университетке түсуге біз тек тілекшіміз.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

Экономика және Бизнес Жоғары мектебі

«Қаржы және есеп» кафедрасының

оқытушысы Жумадилова Т.Б., профессор Оналтаев Д.О.

«Қаржы» мамандығының 2 курс студенті Шәбдезім А.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған