Әйтпесе, бұл жерден адамдардың кеткені қашан. Тек анда-санда бір-жар адам қызықтау үшін, енді бірі тәу етуге келетіні болмаса, мұнда адам қарасы көріне бермейді.

Алайда, қарлығаштар осы бір қасиетті мекенге ұя салып, балапанын ұшырып жүр. Бір жақсылықтың белгісі болар…

Қалжан ахун мешіт медресесінде, сағанасында болып қайттық. Жанға батқанменен амал жоқ, мойындау керек, иесіз қалған қасиетті орын. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Қалжан ахун өз бастамасымен, іргеде теміржол өтіп жатқанын пайдаланып, күйдірілген кірпіш пен қам кесекті үйлестіріп, ел баласының оқу, білімге, өнерге көзін ашсам деп салған мешіт медресесі.

Өкінішке орай, белгілі бір ие жоқ, бюджеттен бөлінетін қаржы да аз кем, қай кездегідей өзіміздің өзімізді қадірлей алмайтынымыздың салдарынан сорлап тұрған қасиетті орын. Кірер қақпадан ішке енгенде ортада бос жер жатыр. Сұрастыра келсек, бұрын құдық болған, кеңес өкіметінің алғашқы жылдары мешіт медресе детдом болғанда сонда қайтыс болған балалар мүрдесі осы құдыққа тасталды деген де әңгіме бар екен. Одан бөлек осы құдыққа Қалжан ахун кітаптары көмілді деген жорамалдар да жетерлік. Не болғанда да қазба жұмыстарын жүргізіп, анықтайтын жәйт көп.

Туристік орынға сұранып-ақ тұр. Ғасырдан астам уақыт бойы еңсесін ұстап, қаншама қар, жауындарда езілмей, дауыл, борандарда шайқалмай, қырман, малқора болғанда да тік тұрған мешіт-медресенің мықтылығына қайран қаласың.

Технологиясы мен ғылымы қазіргідей дамымаған сол заманнан бері қарай аман қалғаны үшін-ақ тарихи ескерткіш ретінде аялап, мәпелеп, құрмет көрсетуге болады.

Мешіт-медреседен шамалы жерде ахунның сағанасы жатыр. Сағанада ахунның, оның отбасы мүшелерінің мүрделері жерленіпті. Тағзым ететін, тәу ететін орын. Әттең, сыйқы, ұсқыны жұртқа көрсететіндей емес.

Елге белгілі Сәпен Аңсатов ақсақалдың Исатай баласы облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасына басшы болып келгенде елде туризм дамуы үшін осындай қасиетті орындардың қасиеті арта түсетіндей қуанып едік…

Айтпақшы, Қалжан ахунды пір тұтатын жұрт бұл дүниеден көшкенде соның жанында, әйтеуір маңайында жатқанды бір мәртебе көретіндіктен де осы маңға адам жерлеу әлі тоқтамай келеді екен.

“Аманат” партиясының облыстық филиалы жанындағы “Мирас” кеңесінің көшпелі отырысының бір тармағы осы жолы Сырдария ауданындағы Қалжан ахунға арналды. Ахунның мешіт-медресесі де, сағанасы да тарихи ескерткіштердің республикалық тізіміне енбепті.

Бұдан біршама жыл бұрын ұсынылғанда жоғары жақтағы комиссиядағылар “Қалжан ахунның” жаман жағдайын көріп, шамалы жөндеу жұмыстарын жүргізбесеңіздер болмайды деп тіркеуге алмапты. Содан әктеп, сырлап шамалы жөндеген болғанбыз. Алайда, күтім жоқ, қайтадан таз қалпына түсіп келеді екен…

… Ескі мешіт медресеге ұя салған қарлығаштар мұнда келер адамдар дүбірін күтіп жүрсе керек…

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған