Құрылтайшылар тарапынан қаралған заң жобаларының бір бөлігі аграрлық мәселелерге арналды. Депутат Мағжан Ералиевтің айтуынша, отырыс барысында Конституциялық заңнама, аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитеті мен сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің қарауындағы заң жобалары талқыланды.
Басқосу аясында Астана қаласының жасыл белдеуін қалыптастыру, сондай-ақ халықаралық келісімдер мен шарттарға қатысты мәселелер, онлайн платформалар мен масс-медиа қызметін реттеу, мемлекеттік мүлікті басқару және бағалау қызметі талқыға салынды.
Тақырып аясында – «Бүгінгі комитет отырысында барлық депутаттар өз пікірлерін білдірді. Әрбір заң жобасы бойынша ұсынылған нормалардың мазмұны мен оларды тәжірибеде қолдану ерекшеліктеріне назар аудардық. Құжаттарды одан әрі пысықтау кезінде көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстар ескеріліп, сарапшылар қауымдастығымен бірлескен талқылау жалғасады», – деп пікір білдірді депутат Мағжан Ералиев.
Ветеринария саласын дамыту және елорданың жасыл белдеуін кеңейту – маңызды міндеттер
Аграрлық мәселелерден тыс, ветеринарияға тиесілі өзекті мәселелер ортаға салынып, қандай бір кемшіліктердің алдын алу үшін арнайы отырыс өтті. Осы орайда, Құрылтай депутаттарына Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринария саласына қатысты заң жобасын таныстырды. Сонымен бірге жануарлар арасында жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу, ветеринариялық бақылау жүйесін жетілдіру және халықты қауіпсіз ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз ету де сөз болды.
Құрылтай депутаты Мағжан Ералив:
– Бұл өзгерістер мал шаруашылығындағы тәуекелдерді азайтуға, шаруалардың мүдделерін қорғауға және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етуі тиіс. Өйткені ветеринариялық қауіпсіздік – тек ауыл шаруашылығының мәселесі емес, ол әрбір азаматтың денсаулығы мен тұтынатын тағамының сапасына тікелей қатысты.
Депутат Мағжан Ераливтің айтуынша бүгінде Заң жобасында мал аурулары анықталған жағдайда жедел әрекет ету тәртібін жетілдіру, жануарларды есепке алуды цифрландыру және ветеринариялық препараттардың сапасын бақылауды күшейту мәселелері қамтылған. Сонымен қатар ветеринар мамандардың еңбек жағдайын жақсарту, әлеуметтік қолдау шараларын қарастыру және кәсіби қызметін жетілдіруге бағытталған ветеринариялық палата құру ұсынылған.
Ауыл және мал шаруашылығы – бір бағыт
Аграрлық мәселелерге басымдық берген депутат Мағжан Ералиев Астананың жасыл белдеуіндегі экологиялық шарадан да төбе көрсетті. Табиғат аясындағы кездесу барысында қарағай көшеттерін отырғызып, елорда маңындағы орман алқаптарын дамыту жұмыстары пікір алмасты.
Құрылтай депутаты Мағжан Ералив:
– Алайда жасыл аймақтың көлемін ұлғайту ғана емес, отырғызылған ағаштардың толыққанды өсуіне жағдай жасау да маңызды. Сондықтан көшеттерді күтіп-баптау мен орман алқаптарының тұрақтылығын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуі қажет. Ветеринария саласын жетілдіру де, жасыл белдеуді дамыту да ортақ мақсатқа – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға қызмет етеді. Бірі денсаулық пен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, екіншісі келешек ұрпаққа қолайлы экологиялық орта қалдыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік бүгінде мамандар Астананың экологиялық жағдайын жақсартуға, жел мен шаңның әсерін азайтуға және тұрғындар үшін қолайлы табиғи орта қалыптастыру үшін бұл белдеудің жұмысына мұқият зер салуда.
Отандық өндірісті қолдаудағы игі бастама
Мағжан Ералиев ауыл, мал шаруашылықтарынан тыс балық шаруашылығын да қаперге алмақ. Осы мақсатта ол Ақмола облысы Целиноград ауданындағы балық азығын өндіретін «POSEYDON» ЖШС-не де барды.
Ресми мәліметке сәйкес кәсіпорын жылына 25 мың тонна балық азығын өндіруге, 75-ке дейін жаңа жұмыс орнын ашуға қауқарлы. Өндіріс барысында бақтақ, тұқы және басқа да балық түрлеріне арналған жем шығарылып, технологиялық процестерді автоматтандыру мен өнім сапасын зертханалық бақылау жүйесі енгізіледі.
Ондағы жұмысшылардың мәлімдеуінше, өндірістің жекелеген бағыттарын ғана емес, жем өндіруден бастап балық өсіру, оны нарыққа жеткізуге дейінгі жұмыс жүйесін дамыту маңызды. Мұндай тәсіл отандық кәсіпорындардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, өндіріс тиімділігін арттыруға және өңірлерде тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік бермек.
– Осындай жұмыс сапарлары бізге, депутаттарға, инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысымен тікелей танысып, кәсіпкерлердің сұраныстары мен саладағы өзекті мәселелерді тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Өндірушілердің ұсыныстарын заң шығару жұмысында ескеру – саланың дамуына қажетті жағдай қалыптастырудың маңызды бөлігі, – деді депутат М.Ералиев.
Отандық өндірісті қолдау – өңірлік экономиканы дамытуға, халықты жұмыспен қамтуға және Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға жасалып жатқан игі бастамалардың бірі болары белгілі.