Қызылорда облысында оқушыларға арналған семинар-тренинг өткізілді

Қызылорда облысында оқушылар арасында есірткі қылмыстары мен құқық бұзушылықтарының алдын алу, синтетикалық есірткінің зияны туралы түсіндіру және жастардың қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру мақсатында «Синтетикалық есірткі: өз таңдауың – өз жауапкершілігің» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді.

Іс-шараға облыстағы 273 мектептен 10 883 оқушы қатысты.

Семинар-тренинг барысында Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының өкілдері, есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі облыс кеңесінің мүшелері және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері сөз сөйледі.

Кездесу барысында оқушыларға өңірдегі есірткі ахуалы, синтетикалық есірткінің ерекшеліктері мен оның адам денсаулығына кері әсері, сондай-ақ жастардың есірткі қылмыстарына тартылу қаупі туралы ақпарат берілді. Мамандар есірткі заттарын қолдануға итермелейтін факторларға, әлеуметтік желілердегі жалған ақпаратқа және «оңай ақша» табу мақсатында заңсыз әрекеттерге тарту жағдайларына ерекше назар аударды.

Семинар барысында оқушыларға есірткі ұсынылған жағдайда қауіпсіз шешім қабылдау, күмәнді ортадан дер кезінде алыстау және сенімді ересек адамнан көмек сұраудың маңыздылығы түсіндірілді. Сонымен қатар синтетикалық есірткіге қатысты кең таралған қате түсініктер мен оның салдары жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Іс-шараның негізгі ұстанымы – әр адамның өз таңдауы мен болашағына жауапкершілікпен қарауы. Оқушыларға есірткіден бас тарту, қауіпті ортадан кету және қажет болған жағдайда көмекке жүгіну бойынша есте сақтауға оңай «Бас тарт. Кет. Айт.» қағидасы ұсынылды.

Семинар соңында оқушыларды салауатты өмір салтын ұстануға, білім мен спортқа, шығармашылыққа және өз болашағын дамытуға бағытталған пайдалы бастамаларға белсенді қатысуға шақырылды.

Іс-шара жастар арасында есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыруға, құқықтық және ақпараттық сауаттылықты арттыруға, сондай-ақ есірткі қылмыстарының алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстардың бір бөлігі болды.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған