Мұнайшылар күні аясында «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамы Құмкөл кен орнының өнеркәсіптік игерілуінің  40 жылдығына арналған «Құмкөл: Қара алтын шежіресі» атты салтанатты шара өтті.

Мерейтой сәйкесінше облыс ғана емес республика көлемінде атап өтілді. Мұнайлы мекенде өндіріс алқабының негізі қаланғаннан қалыптасқанға дейін қолтанбасын қалдырған мұнайшылардың басын біріктіріп, оларға ізгі ілтипат пен жоғары құрмет көрсетуден бастау алды. Облыс орталығындағы шарада алдымен Өнер орталығының фойесінде ардагерлер өткен шаққа оралып, табиғат тарту еткен байлықтың игеріліп бастаған кезеңдерді ескі суреттер арқылы сөйлетті. Құмкөлдің құрылуына сүбелі үлес қосып, негізін қалаған аға буын кездесіп, тарихты таразылады. Табиғат тартуын тиянақтап, аймақ басшысы мен компания басшыларының мерекелік тартуын қабыл алды.

Салтанатты жиында сөз алып, мұнайлы өлкенің мерейлі тойымен алғаш болып облыс әкімі Мұрат Ергешбаев құттықтады.  

Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев:

– «Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Мұнай-газ саласы – экономикамыздың тірегі, еліміздің қарқынды дамуының кепілі. Мемлекет әрқашан энергетика саласының әлеуетін арттыруға, жаңа кен орындарын игеруге және сала жұмысшыларының мүддесін қорғауға ерекше көңіл бөледі» деп атап өткен болатын.

Бұл сала мемлекеттік бюджеттің басым бөлігін қалыптастырып, ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға және әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруда Қызылор­да облысындағы мұнай компания­ларының, онда еңбек ететін мұнайшылардың үлесі зор.

Сіздер тек Қызылорданың игілігіне ғана емес, тұтас мемлекеттің көркеюіне, экономикалық өркендеуіне, әлеуметтік тұрақтылығына атсалысып келесіздер!

Мұнайшы мамандығы табандылықты, төзімідікті, кәсіби шеберлікті қажет ететін кәсіп. Қыстың қақаған аязында да, жаздың аптап ыстығында да мұнай өндіру ісін тоқтатқан емес. Сондықтан мұнайшылар күні – ең алдымен сол еңбекқор жандардың еңбегін бағалау мерекесі.

Қызылорда өңірі – ғасырлық тарихы бар мекен ғана емес, еліміздің «қара алтын» ордаларының бірі. Сыр өңіріндегі мұнай дәуірі өткен ғасырдың ортасында геологиялық ізденістерден бастау алғаны белгілі.

Мұнайшылар күнімен және «Құмкөл» кең орнының өнеркәсіптік игерілуінің 40 жылдық мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Сонымен қатар, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ президенті Чэнь Даю тарапынан өндірісті алқапта қара алтынды игерген ардагер мұнайшыларға құрмет және бүгінгі мамандарға алғыс айтылды.

«ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ президенті Чэнь Даю:

– Құрметті, Әріптестер мен серіктестер! Сіздерді бүгінгі айтулы мерекемен құттықтаймын! Барлығымызға ортақ қуаныш. Биыл Құмкөл кен орнынын игеріле бастағанына қырық жыл толып отыр. Пайдалы қазбаны игеруде табанды еңбек еткен, әлі де еңбек етіп жүрген мұнайшылардың үлестері басым екенін атап өткен жөн болар. Компанияның бүгінгі табысы – кәсіби біліктілікке, өндірістік тәртіпке, әріптестік пен ортақ жауапкершілікке негізделген үлкен еңбектің нәтижесі. Ірі өндірісті нысанда мұнай игерген буынның жалғасы бүгінде аталған салада абыройлы, әрі жемісті жұмыс атқаруда. Осы орайда «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ әр қызметкердің мұнай газ саласының ілгерілеуіне қосқан үлестерін жоғары бағалайды – деді.

Мерекелік кеште техника мен технологияны ер азаматтармен теңдей деңгейде меңгеріп, Құмкөл кенішін қалыптастыру мен бүгінге дейінгі сабақтастыққа куә болған нәзік жандылар туралы да сөз болып, сахна төріне шығарылып марапатталды. Артынша ән де арналды. Аталған салада айтулы еңбек еткен ардагерлер туралы кеңірек дәріптеліп, жас мамандардың бүгіні мен келешегіне сенім білдірген жиында жергілікті өнерпаздар концерттік бағдарлама ұсынды.

Айта кету керек, ел президенті жер қойнауын меңгеру саласының инвестициялық тартымдылығы мен жаңа кең орындарын анықтау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілу қажеттігін тапсырған болатын. Осы орайда 2024 жылы Арал шөгінді бассейнінің шығыс және батыс учаскелерінде геологиялық зерттеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, Сырдария шөгінді бассейнінің кешенді зерттеу жұмыстары жалғасуда. Аталған жұмыстар алдағы уақытта жаңа перспективалы мұнай газ қорларын анықтауға, еліміздің, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына сеп болмақ.

Алдағы уақытта Сыр мұнайының қалыптасқан тәжірибесі мен кәсібилігін негізге алып, жаңа кең орындарын іздеу мен перспективаларын арттыру көзделуде. Осы негізде мұнай саласының келешегі қалыптасып, еліміздің, аймағымыздың дамуына, өңірлік өнеркәсіптің алға ілгерілеуіне негіз болады.

 Қуантарлығы, ел экономикасын өрге сүйрейтін аймақ ретінде танымал Қызылорда өлкесінің қойнауы қазынаға толы, бабадан қалған байлығы басым, бүгіні мен келешегі ырысты несібеге толы. Бұл құндылықты қадірлеп, оны орынды игеру жолында еңбек еткен әр маманға қашан да жоғары құрмет көрсетілуі тиіс. 

Өндіріс ашылғаннан бастап мұнай игерудің алғашқы қадамдарына куә болып, автоматтандырылған жүйені жөнге келтіріп, заман талабына сай цифрлық әдісті меңгеріп, үш дәуірді қамтыған мұнайшылар мерейлі мереке қарсаңында марапатсыз қалмады. Мұнайшыларға «Құрмет» ордені, Қызылорда облысының Құрмет грамотасы, III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені, «Үздік мұнайшы» төсбелгісі, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ естелік белгісі мен Құрмет грамотасы, сондай-ақ «Құмкөл» кен орнының 40 жылдығына арналған мерейтойлық медаль табысталды.

Шыны керек Қызылорда облысының мұнай-газ саласы сөз болса, алдымен Құмкөл мұнайы және осы кен орнын игеруден бастап үлес қосқан мұнайшылар еске түсері белгілі. «ПетроҚазақстан» компаниясының қалыптасуы мен дамуы Сыр елінің тарихында елеулі кезеңдердің бірі саналары сөзсіз. Өйткені,  Қызылорда өңірінің мұнай тарихы – бір ғана кен орнының немесе бір ғана компанияның тарихы емес. Бұл – дала төсіне алғашқы бұрғылау қондырғыларын әкеліп, жолсыз жерде өндіріс орнатқан, қиындыққа қарамай қара алтынның көзін ашқан мыңдаған мұнайшының ерең еңбектірінің көрінісі.

Құмкөлдің тарихындағы келесі үлкен белес – компанияның жаңа кезеңге қадам басуы. 1996 жылы «Hurricane Hydrocarbons Limited» «Оңтүстікмұнайгазды» сатып алды. 1997 жылы компания «Hurricane Kumkol Munai» болып қайта аталды. 2001 жылдың маусымында оның атауы «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» болып өзгертілді.

ҚАЙЫРЫМДЫ КОМПАНИЯ

«ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚықпал болуымен өңірімізде бірқатар әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда.Мұнай саласының ғана емес, облыста түрлі саланың алға ілгерілеуіне түрлі бағытта қолғабыс болуда. Мәселен, Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында Қызылорда облысының әкімдігі, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ арасында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылын салу жоспарланды. 2014 жылы Компания жобалауға және құрылысқа қаражат бөлді, 2015 жылы отбасылық үлгідегі балалар ауылы пайдалануға берілді.

Мұнай саласының мерейтойы қарсаңында да «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілеріне 1 миллион теңгенің сертификаты мен соңғы үлгідегі теледидар табыс етті. Айта кету керек, аталмыш компанияның балаларға деген бұл кезекті сыйлықтарының бірі ғана. Балалар ауылының басшылығы осылай деді.

– «Атамекен» балалар ауылында бүгін үлкен мереке. Себебі, балалар ауылы ашылғаннан бастап «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ тіпті 40 жыл мерекесі қарсаңында да басшылық құрам біздің балалардың жай-күйімен танысып, олармен тілдесіп, болашаққа деген жоспарларымен бөлісті. Балалардың қолөнердегі жетіс­тіктерін көріп, шығармашылық қабілеттеріне куә болды,-деді, «Атамекен» балалар ауылы басшысының орынбасары Ақнұр Жүсіпбекова.

Тәрбиеленушілерге әлеуметтік бейімделуіне көмек көрсетіп, олардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету және бәсекеге қабілетті, зияткер тұлға тәрбиелеуде мұнай компаниясы түрлі бағытта әрі тұрақты түрде демеушілік көрсетуде. Жылы қамқорлықты сезінгендіктен болар, кездесу барысында балалар өз туындыларын «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ ның өкілдеріне табыстап, ризашылықтарын білдірді.

ЕҢБЕК ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

Ірі өндіріс нысанына айналған «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамында талай мұнайшының қолтаңбасы қалыптасты. Облыстың мұнай-газ секторында еңбек етіп жүрген мұнайшылар Сыр елінің әлеуметтік дамуына оң ықпал етіп, аталған салаға ғибратты ғұмырларын арнады деуге негіз бар. Сәйкесінше еңбек те еленіп, жемісті нәтижесін беруде. Әсіресе, мұнайдың алғаш тамшысына куә болып, сала тарихымен есімдері теңдей айтылатын ардагерлер еңбек жолдарын қуана еске түсіруде.

Есімдері Құмкөлдегі кеніштің қалыптасуымен байланысты алғашқы буынның орны мұнай тарихында әркез ерек. Жүктелген міндетті орындауды ғана емес, кез-келген тірлікте тиянақтылық пен ұқыптылықты қаперге ұстап, әр іске жауапкершілікпен қарау қажет. Алғашқы мұнайшылар қалыптастырған еңбек қағидаты, тәртібі мен талабы бүгінге дейін қызметтік қолданыстан тыс емес. Кезіндегі жаңа кең орнын игеруге атсалысқан жас буын­ның, бүгінгі аға буынның өнегесі де осында.

Кеніш құрылғаннан нысандардың жаңадан салынуы, ұңғыманың іске қосылуы, әрбір тонна мұнайды өндіріп, жөнелту үлкен жетістік болды. Сол жетістікті бағындырып, өндіріс аймағы құрылғаннан жемісті еңбек еткендер аз болмады. Құмкөл тарихымен есімдері бірге аталатын ардагер мұнайшылардың бірі ретінде Мәмбетов Жоламан Аманжолұлын атауға болады.

Ол Алматы политехникалық институтына дайындық бөліміне түсіп, 1981 жылы «Мұнай-газ» мамандығын бітірген. Сол замандағы жұмыс жүйесіне сәйкес, Батыстың Жаңаөзеніне жолдамамен жөнелген. Алғаш еңбек жолын қалыптастырып, тәжірибе жинақтаған Жоламан Аманжолұлы оператор, технолог, аға технолог, аға инженер, цех басшысының орынбасары қызметтерін жоғары деңгейде атқара білді. Одан әрі еңбек жолын Сыр еліндегі аталмыш компанияның өндіріс нысаны енді қалыптасып жатқан уақытта жалғастырды. Кен орнында өндірістік тәртіпті ұйымдастыру, мамандардың жұмысын үйлестіру, мұнай өндіру үдерісін жолға қою сияқты ауқымды міндеттерді абыройлы атқара білді.

Мұнай саласының ардагері Жоламан Мәмбетов:

– Өмір жолымды мұнай саласымен байланыстырып, аталған саладан зейнетке шығуды еңбек жолы деп ғана қарай салуға болмас. Оның түпкі негізінде мамандық пен мұнайдың әр тамшысына деген деген адалдық жатыр. Кеншілікте кеніштің ашылып, алғаш мұнай өндіру ісіне атсалысқандардың бірі ретінде аталған салада тек табандылық пен тәртіпті тең ұстағандар ғана жүйелі жұмыс атқара біледі дер едім. Өткенге шегініс жасасам, Қызылорда қаласындағы «Мұнай-газ» өндіру басқармасында, комплексті «мұнай-газ» өндіру және дайындау цехының басшысы, өндірістік диспетчерлік бөлім басшысы, орталық технологиялық инженерлік басшы, өндірістік бөлім басшысы, «Мұнай-кен» орындарын пайдалану басқармасының орынбасары болып қызмет жасадым. Салаға деген құрметім 30 жылдан аса тәжірибеден соң, бейнеттің зейнетін көрумен көрініс табуда. Осы орайда, барлық әріптестерімді төл мерекемен құттықтаймын! Бүгінде компанияда жаңа технологиялар енгізілді, автоматтандырылған жүйелер пайда болды, байланыс құралдары жетілді. Өндірістік бақылау мен қауіпсіздік талаптары жаңа деңгейге көтерілді.

Өндірістік нысандардың, мұнай құбырларының, электр және газ инфрақұрылымының дамуы Құмкөл өңіріндегі өндірістің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік берді.Сондықтан компанияның әрбір жетістігін өткен тарихпен байланыстыруға болады.

Айта кету керек, техника мен технологияның тілін тек ер азаматтар ғана емес, нәзік жандылар да таба біледі. Мұнай тарихының бедерінде әйелдер қауымының да есімдері ерекше аталады. Оның ішінде мұнайшылардан бөлек, бухгалтерлер, экономистер, зертхана қызметкерлері, инженерлер, диспетчерлер, кадр мамандары, медицина және әлеуметтік сала қызметкерлері өндірістің жұмыс жүйесіне сүбелі үлестерін қосуда.

Өткен жылы компанияның 30 жылдан астам тарихында Қызылорда облысында шамамен 300 қызметкер зейнеткерлікке шыққан. Жұмыс барысында мұнайшылар үшін таңның атысы мен күннің батуы, тәуліктік ауысым, вахталық жұмыс қалыпты жағдайға айналды. Отбасынан тыс еңбек етіп, қара алтынның қадірін түсінген мұнайшылардың еңбегін компания ескерусіз қалдырған емес. «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамы жыл сайын ардагерлерді қуантуды әдетке айналдырды. Олар түрлі шараларға шақырылып, әлеуметтік көмек түрлерімен қамтылып, мерекелік азық-түлік жинақтарын ұсыну сынды құрмет көрсетіледі.

А.ӘЛИАРЫСТАН

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған