18 мың ғаламды жаратқан Құдайдың, жер бетінде Адам жаратылысынан бері адамзатқа жіберген Пайғамбарларының саны 124 мың деп халық аузында жаттанды қалыптағы сөз айтылады. Әрине олардың ішіндегі Құдайдың сөзі қасиетті Құран кітабында негізгі Пайғамбарларға тоқталған, солардың өміріндегі адамзатқа жеткізу керектігі қаралған өз заманының халқына өсиеттері, ескертулері,тиымдары мен әрбір халық тағдырын шешу мақсаттарын ақылға салып заманның жетістігімен қабылдауды дұрыс екендігі көп айтылады. Ақырғы Пайғамбар Мұхаммедтің (А.н.ж)

ерекшелігі, бейбіт өмір сүру ережелерімен мемлекеттік әділетті ел құрып, сондай тектес қолдау білдіріп мойындаған 20 елді біріктіріп үлгілі жүйе құрып, әлемге үлгілі атқарған міндеттерін біздер дұрыс бағалауымыз керек. Сол себептен Құран сөзінде «Әй Мұхаммед, Біз сені әлемге үлгі қылдық», – деп айтылуы, жер беті халықтарына үлгілі мақсаттарын әр заманның жетістігімен дамытып, бейбіт те әділетке сенімді әлемдік жүйе қалыптастыру жұмысын қолға алу міндеттемелері тұрғанын, ол жүйе әлем елдеріне ортақ жақсылық әкелетінін ескергеніміз жөн.

Сондай үлгілі, атқарылуы міндетті істерінің екеуін атап өтетін болсақ, бірі ораза айт пен құрбан айт намаздарының қандай мақсаттарда оқылып, адамзатқа келтірілетін пайдасын қорытындылайтыны жөнінде болмақ.

Мешіт – Жаратушының атынан бейбітшілік сенімінде (ислам дінінде) халыққа адал, таза қызмет көрсететін құлшылық басқару орны. Қазіргі халықтың түсінігінде құлшылық тек намаз оқып, ораза тұтуға бейімделіп ортақтасатын жер мешіт десе, негізі мешіт құран оқитын, намаз оқитын, жаназа шығаратын, дүниеден озған кісілерге арнап, құран оқып тілек тілейтін жер деп қабылданатыны белгілі. Бүгінде халықтың ортақ түсінігінімен қалыптасқан заңдылықпен шектелмей, мешітті алғашқы өз мәнінде қабылдауымыз керек.

Құлшылық мақсатында атқарылатын міндеттерді іске асыруға ең бірінші мешітті Мәдине қаласында Аңсарлар Пайғамбарымызға (А.н.ж) салып беріп, халықты, елді Жаратушының атынан бірлікке шақыратын, басқаратын орынды осылай атаған. Осы жерде Пайғамбарымыз(А.н.ж) отырып ел басқарып, әскер басшысы болып, сыртқы саясат пен сенім (дінін) идеологиясын, елдің ішіндегі барлық мәселелердің әділ шешімін тауып, халыққа үлгілі жол көрсетіп отырған тарихын мойындаймыз. Кез келген жеке адамның мәселесінен бастап, елдің күрделі мәселелеріне қатысты шешімдерді қабылдап, Жаратушының атынан Құран арқылы әділ ел басқару үлгісін, көрші елдердің ара қатынасын ұстау саясатын көрсетіп кеткені адамзатқа мәлім.

Негізінде, Құдайдың атымен Мұхаммед Пайғамбарымыз(А.н.ж) өз заманында азып-тозып, 360 топқа бөліп берекесі қашқан елінің азғындығын тоқтатып, елді бірлікке, адамзатқа ортақ имандылық міндеттері құлшылықтың негізі рухани да, мәдени де мақсатын дамытып, халықты әлемге үлгілі адал да таза амалдарымен сенімді ел қалыптастыру мақсатымен мешітте отырып ел басқарып және елді дұрыс жолға бағыттауды, тапсырмаларын орындауды міндеттеп отыратын болған. Жаратушыдан 23 жылда әрбір өзекті жағдайларға байланысты Құран аяттарын түсіріп, сол арқылы шешімін тауып, ел тұтастығы, бағыт-бағдарларының бірлігі халықтың бейбіт сеніміне (Ислам дініне) тікелей байланысты екеніне жол көрсеткен. Дәрежесіне қатысты міндеттемелерді жауапты адамдарға орындатып, халық игілігіне атқарылған жақсы істің нәтижесін негізгі құлшылық деп есептеген.

Халықтың болашағы үшін елді қара қылды қақ жаратын әділдікпен басқарып, елге адал-таза қызмет жасау Құдайдың бұйырған ісі. Оны Абай атамыз; «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», -деп түсіндіреді.

Жұма намазы – «Жұма» сөзі жиналу, бас қосу деген мағына береді. Әрбір аптада мешітте отырып, Жаратушының бейбіт елдің атынан тура жолды таңдап, өркениетті елдің заман талабына сай даму жолындағы бір аптада адал атқарылған жұмыстардың қорытынды жиналысы аяқтағанда оқылатын екі рәкәтті міндетті намазы. Келесі аптаға, алдағы жоспарлы атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттарына екі дүниеде пайдалы нұсқама беріп, міндеттемелерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отыру құлшылығын айтуға болады.

Пайғамбарымыз(А.н.ж) жұма күні мінберге шығып халық алдында өзекті мәселелердің шешімін, елдің болашаққа мақсатын, әр аптаға, әр айға, халықтың болашағына атқарылған жұмыстың осы дүниеде және ақырдағы пайдасын айтып, екі дүниеде бақытты өмірдің байланысын ескеріп, бағыт-бағдар көрсетіп және Жаратушының атынан орындатып отырған.

Абай атамыз өз сөзінде; «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?», – деп айтқан екен. Жауапты адамдар халық алдында атқарылған жұмыстарына әр жұма күні есеп беруі міндетті болмақ. Осы ұстанған тура жолдың мақсатынан халықтың рухани бірлігі, күнкөрістік жағдайы, тұрмыс-тіршілігі жақсарып нәтижесін көріп жатса, бұл пайдалы (сауапты) жұмыстың сұрауы тек осы дүниеде емес, ақырғы о дүниеде де ескерілетініне бейбіт сеніммен қарау Құдайдың адамзатқа міндеттеген жолы болмақ.

Ораза айт – бұл бір ай бойы Жаратушының бейбіт өмір ұстанымын қалыптастырған әлемдік жүйедегі елдердің, өңірлердің басшылары (имамдары) халық алдындағы атқарылған ізгі жұмыстарының, халықтың денсаулығының жақсаруын, имандылық жолындағы халық пайдасына жасалған жақсы амалдарымен бөлісіп, үлгілі тәрбиені насихаттап қорытындылау және екі рәкәт намазбен Құдайға деген сенімдерін бекітуімен толықтырылады.

Осы айт намазында айтылған жұмыстардың екі дүниеге пайдасы бар нәтижелерімен, жақсы жаңалықтарымен қоса, халыққа пайдалы амалдардың үлгісін алып, жиналған халық қуаныштарымен бөлісуге туған- туыстарының, жора-жолдастарының, елдің үлкендеріне құрмет көрсету мақсатында үй-үйді аралап тарасады.

Пайғамбарымыз (А.н.ж) өз өсиет сөзінде; «Ораза айында қалыптастырған мінез-құлықтарыңды бір жыл бойы пайдаланыңдар» – деген. Ораза ұстанған халық күндіз тек ас ішуден басқа, жаман әдеттен, келеңсіз қылықтардан арылып, адам мінезі жақсы жағына өзгеріп, өз-өзін тәрбиелегендей күй кешеді. Абай атамыз: Үш-төрт жылғы әдетің, Өзіңе болар жендетің – деп, адам мінезін өзгертуіне өзі себепкер болып, жақсы әдет адамға жамандыққа қарсы қорған болатынын айтса, Қожа Ахмет Яссауи бабамыз; «Мінезім жаман деп айтпа» – дейді.

Осылайша, әрбір адам тәрбиелі мінезбен денсаулықтарын жақсартып, одан қоғам түзеліп, қоғамның мәдениетті рухани тыныштығы орнап, ел түзеліп Жаратушының нұсқаған бейбіт өміріне бейімделетінін дұрыс жол деп ақиқатын мойындайды.

Пайғамбарымыз(А.н.ж); «Ораза айында шайтан кісенделеді, тозақтың есігі жабық болады, жәннәттің есігі ашық болады» – деген сөзінің мағынасы, ораза айында қоғам, ел болып оразаның міндеттелген ережелерінен кейін, оларды орындау арқылы елдің құқықтық, мәдениетті өркениетке бейім амалдармен жаманшылық (қылмыс) атаулы азайып, жақсылық амалдармен елдің ізгілігі (рухани мәдениеті) жоғарғы дәрежені көрсетпек, адамзат өз амалдарының нәтижесін осы дүниеде жетістігімен ақырғы дүниеге пайдасын сезініп көруі, елдің келешегіне, қоғамның шынайы әділдігіне деген сенімі нығаяды.

Құрбан айт намазы – ораза айтының қорытындысынан кейін екі ай ішінде әлемдегі әрбір елден амалы түзу, халық жанашыры, парасатты білімі мен мінезі халық атынан аманатты арқалай алатын тұлғаларды сайлауға мүмкіндік беріледі. Абай атамыздың; «Біреулер қажыға барып жүр, болмаса да қажы парыз» -деп, және қара сөзінде қатты сынға алатыны осыдан болса керек. Жаратушының көрсеткен жолы адамзаттың бейбіт сеніммен өмір сүруі ерекше бағаланып, әділетті сайлаудан кейін іріктеліп әлем бойынша сайланған тұлғалар Құран Кәрімде Жаратушы белгілеген; «Адамзатқа ортақ бейбіт орын Қағба» – деп көрсеткен жерге, әлемдік дәрежеде есеп беруге, кем-кетікті мәселелерді шешуге, елдердің ара қатынасын және әлемде Жаратушы көрсеткен бейбітшілік сенімі жолын талқылап әділ шешім келісіміне келуге жиналады. Өз елінің аманатын, тағдырын шешуге әлемнің әр елінен дайындалып келген қажылар міндетті түрде екі бөлек ақ матаға оранып(ихрам) киеді, ол туралы қасиетті Құранда: «Сендер үшін ең қайырлы киім – тақуалық киімі», – деген («Ағраф» сүресі, 26-аят).

Қажылыққа жиналған өкілдердің біркелкі ақ матамен киінуінің өзі, адамзат атаулының Құдайдың алдында бәрінің бір екені, ұлтына, нәсіліне қарамай әділ шешім қабылдауға біркелкі ақ киімнің тікелей әсері бар екенін көрсетеді. Әділдік сүйгіш қазақ халқының; «Аққа Құдай жақ», – деп айтуының өзі осыдан қалса керек. Ақ матаны (ихрам) арнайы кигеннен кейін жаман сөз айтуға, ұрысуға, тірі жан иесіне зиян тигізуге, аң аулауға, шыбын-шіркейді өлтіруге, жапырақты жұлуға тыйым салынған. Құдайдың белгілеген бейбітшілік орнына келген өкілдер әділдіктің, мейірімділіктің, рахымшылықтың шешімін қабылдауға бейімделу керек, ниеттері мен мақсаттары өзгермес үшін, бейбіт жанға айналуы қажет.

Жаратушы Иеміз Құранда: «Мені еске алыңдар, мен де сендерді еске алайын», – деп бұйырған («Бақара» сүресі, 152-аят)

Әрбір жылда барған уақытта, әлемдік өзекті негізгі тақырыпты таңдап, сол тақырыптағы Құран аятын Қағбаға араб тілінде жаздырып, келушілер оңнан солға қарай оқып 7 рет айналады. Яғни, сол жылы сол тақырыпта ауқымды жұмыстар жүргізіледі деген мақсатты алға қояды.

Сол аяттың түсіндірме жұмыстарыәр елдің ішінде өз тілдерінде насихатталып, сол аяттың мақсатында өзекті амалдар жасалып, келесі қажылықта ол жұмыстардың нәтижелі, елге пайдалы есебі беріледі.

Құдайдың алдында әлем бойынша адамзаттың есебін беріп, бұл дүниеде әділ шешімін қабылдап келісімге келіп қол қойып, бұл дүниедегі әділдікпен шешілген есептің ақырда сұрауы болатын күн бар екенін мойындап екі рәкәт құрбан айт намазымен қорытындылайды.

Құранда: “Ғасыр (замана) атымен ант етемін! Иман айтқан, жақсы амалдар жасаған, бірін-бірі шындыққа шақырған, бір-біріне сабырлы болуды насихаттаған адамдардан басқаның бәрі, сөз жоқ, зиян тартады”– делінген. (Ғасыр сүресі 1-3 аяттар)

Пайғамбарымыз(А.н.ж) үлгілі басшы болуды, адал адам болуды, әділдікті әрдайым қолдап, қарамағындағыларға айтып, түсіндіріп насихаттап және Құдайдың, халықтың алдындағы жауапкершілікті көрсетіп кеткен.

Қоғамға жат қылықтармен адамды аздырар әрекеттерден қандай идеология алып шығады? Әрине, Жаратушының сөзі Құранды қазіргі уақыттағы ғылыммен, өмірмен, күңделікті тіршілікпен байланыстыра отырып насихаттап әрбір жас зердесіне иланымды, қонымды, қарапайым етіп еңгізе алатын ақиқат негізі керек.

Құранда: “Ал бұл ірі Хаж күні, Алладан, елшісінен халыққа бір жарнама” – делінген (Тәуба сүресі 3 аят). Осы аятта – қажылықтың мақсаты тек біржақты күнә төгетін орын емес, тіршіліктің мәнін бірігіп ойлап, шешім қабылдайтын орын екенінен хабар беріп тұрған жоқ па? Алла біздің байлығымызға, дүниемізге мұқтаж емес, біз Жаратушыға мұқтажбыз.

Алдағы уақытта осы ұғым шешімін табатын адамзат баласының өзекті мәселесі болуы керек. Осындай әлемдік дәрежеде адамзаттың тағдыры, мәселесі, келешегі Құдайдың атынан әділ шешім қабылдайтын жер қасиетті болып қалмақ.

Осы амалдармен адамзат баласының бұл дүниеге келгендегі, кәмелетке толғаннан, ақыл кіргеннен бастап барлық амалдары мен іс-әрекеттері үшін сұрауы бар екені және өзінен бастап елге, халыққа жасаған жақсы-жаман амалдарының есебі болатынын, бұл дүниеде адалдық пен әділдікті ұстанып, ақырда сол амалы өзіне қорған болатынын мойындағаны Құдайдың алдындағы жауапкершілік деп түсінгеніміз абзал.

Біз жеке басынан, топтық сенім мүддесінен аспайтын, халықтың кемшілігін айтып өзіне дәреже жинайтын, тар сананың жетегінде кеткен жаттанды діни түсініктерді қайталай бергенді емес, заманымызға керек ететін, ел болашағына, адамзатқа ортақ Жаратушының бейбіт сенімі жолына қолдау білдіріп, қоғамды заман талабымен мәдениетті өркениетке деген сеніммен бастауымыз қажет.

Құдайдың жолы – адамзатқа ортақ, оны заман талабымен адамзатқа жеткізіп түсіндіру барлығымыздың міндетіміз болып табылады.

М.Н.Нұржанов

«Ақиқат нұры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған