Сонымен Сыр топырағында ел болашағының жарқын белесіне жол ашатын маңызды мәселелер талқылауға түсетін Ұлттық Құрылтайдың V отырысы жоғары деңгейде өтті. Халықтың көптен күткен үміті мен сеніміне селкеу түскен жоқ. Алқалы жиында қоғамның талқысына түскен өзекті мәселелер қозғалып, кемел келешектің жүйелі жоспары құрылды.
Ел ішінде былтыр Бурабайда өткен кезекті Құрылтайдағы Президенттің келесі жиынды Қызылордада өткізу жөніндегі ұсынысы қызу талқыланып келді. Жүз жылдық тарихы бар Сыр шаһарында ұйымдастыру көзделген саяси шараның мән-маңызы халық арасында сан түрлі пікір қалыптастырды. Әсіресе, бұл жиынның жылдағыдан ертерек ұйымдастырылуына түрлі жорамалдар айтылып жатты. Парламенттік жүйе, жаңа реформалар, референдум мәселелері қызу талқыға түсетін диалог алаңы болады деп күткендер де болды.
Негізі ежелден Сыр өңірі Ұлттық Құрылтайдың ұясына айналған киелі мекен болған. Атадан балаға мирас болған кең байтақ жеріміздегі Жоңғар жорығын ауыздықтау мақсатында 1710 жылы Арал өңірінде қазақ ру басыларының ұйымдастыруымен «Қарақұм құрылтайы» өткені тарихтан мәлім. Ел бостандығы таразыға түскен сын сәтте елді бірлікке ұйыстырып, жауға бірігіп тойтарыс беруге шешім қабылданғаны тарихи деректе көрініс табады. Соған орай арада талай ғасырды артқа тастап, Ұлттық Құрылтайдың Сыр өңірінде қайта ұйымдастырылуынан халық үлкен өзгерістер күтті. Бұл жиын ел келешегі үшін маңызды мәселелердің талқылау алаңына айналатынына үмітпен көз тастағаны байқалды.
Көп болып күткен алқалы жиыннын алғашқы күнінде секциялар отырысы ұйымдастырылып, онда ел дамуына негіз болатын маңызды мәселелер кеңінен талқыланды. Жалпы жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен ұлт болашағы үшін жүйелі жоспар құруды көздейтін нағыз жанашыр жандар бас қосты.
Секция отырысының алғашқы бөлігінде «Әлеуметтік-мәдени даму», «Білім және ғылым» бағыттары бойынша ойқозғалса, түстен кейін «Азаматтық қоғам» және «Экономикалық даму» мәселелері талқы таразысына түсті.
– «Бүгін төрт секцияның жұмысы ұйымдастырылады. Жалпы биылғы алқалы жиынға 100-ден астам құрылтай мүшелері қатысады.Негізінен Ұлттық Құрылтайда айтылатын ұсыныстар мен пікірлер Мемлекет басшысы мен мемлекеттік органдардың бақылауында. Ал секция отырысында айтылған барлық ұсыныстар Ұлттық Құрылтайдың хатшылығы арқылы мұқият зерделеніп, соған сәйкес тиісті қорытындылар жасалатын болады», – деді секция отырысына қатысты Мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаева.
Жалпы секция отырыстарында жарқын келешекке негіз қалайтын маңызды бағыттар кеңінен қамтылды. Оның ішінде ғылым және білім саласын дамытуға жол ашатын жүйелі бастамалар да сөз болды. Әсіресе, Ұлттық ғылым академиясына қатысты ұсыныстар көптің талқысын туғызды.
– «Жалпы бұған дейін өткен құрылтайларда көтерілген әрбір мәселе кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Оның ішінде Ұлттық ғылым академиясына қатысты ұсыныстар оңтайлы шешімін тауып жатыр. Бұл жолғы отырыста бірнеше мәселе көтеріп отырмыз. Соның ішінде еліміздің ғылым саласын экономикаға бейімдеу мәселесі өте өзекті. Көп жағдайда ғылыми тақырыптар экономикаға емес, ғалымдардың мүмкіндігіне қарай қалыптасып келеді. Былтыр ҰҒА алғаш рет әлемдік тәжірибеге сәйкес форсайт зерттеу жобасын өткіздік. Осы зерттеу нәтижесінде 220 жаңа экономикалық міндет пен 65 ғылыми-техникалық тапсырыстар дайындадық. Сонымен қатар әлемдегі ең мықты институт саналатын «Korea institute of Science and Tehnology information» ұйымымен келісім-шартқа отырып, академия базасынан «AL Silknet» орталығын құрдық. Ендігі кезекте осы жүйені одан әрі дамытып, Орталық Азиядағы бірегей ақпараттық орталыққа айналдыру жөнінде ұсыныс білдірдім. Сондай-ақ, бүгінгі таңда өңірлік ғылымды дамыту ісі де кенжелеп тұр. Қазіргі уақытта ғылымның негізі Алматы мен Астана қалаларында шоғырланған. Сәйкесінше қаржы көздері де көбіне осы екі өңірге бағытталады. Соған сәйкес өзге өңірлердің де ғылымын дамытуға жете мән берілуі тиіс» – дейді Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев.
Ертеңіне Президенттің қатысуымен өткен негізгі жиынның мән-маңызы ұлтымыз үшін жоғары. Таңазанмен «Достық үйінің» маңына еліміздің түкпір-түкпірінен ел мәселесіне атүсті қарамайтын азаматтар жиналды. Жүйелі жоспарлар мен маңызды шешімдер қабылданар сәт жақындаған сайын түрлі пікірлер де айтылды. Ең бастысы, келелі кеңестің Сыр топырағында ұйымдастырылуын тарихи дерекпен байланыстырып, көпшілік оң шешім ретінде жоғары баға беріп жатты.
Соңғы жылдары оң өзгерістерге бет бұрған Сыр өңірінің қазіргі келбетіне сүйсіне қарағандар қарасы қалың болды. Мәртебелі меймандар Қызылорда қаласының қарқынды даму сатысына деген бетбұрысына игі тілектерін де аянып қалмады. Тіпті алқалы жиында Президентіміз де Сыр өңірінде орын алып жатқан оң өзгерістерге лайықты бағасын беріп, бұл аймақ басшысының қажырлы еңбегінің айқын жемісі екеніне тоқталды.
– «Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр. Былтыр аймақтың ішкі жалпы өнімі 6,5 пайызға өсті. Үш жылда облысқа 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылды. Былтыр 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде жаңа жылу электр орталығы іске қосылғанын ерекше атап өткен жөн. Стратегиялық маңызы бар бұл нысан толығымен инвестордың қаржысына салынды. Жылу орталығы аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайта түседі. Облыс тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Халықтың 80 пайызы көгілдір отынды пайдаланады. Елді-мекендерге газ құбырын тарту жұмысы алдағы уақытта жалғаса береді.
Аймақтағы автокөлік жолының сапасы жалпы жақсы жағдайда деуге болады. Облыстың әуе және темір жол жүйесі де жаңғыртылып жатыр. Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы ашылды. Қызылорда қаласындағы тарихи ғимараттың бірі – темір жол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Бұған қоса, аймақтағы 10 темір жол бекетін жаңғырту жұмысы басталды. Мұның бәрі облыстың логистикалық әлеуетін арттыра түседі.
Қазір Қызылорда облысында, әсіресе, әлеуметтік салада жақсы жаңалық көп. Үш жылда осы аймақта 34 білім беру, 45 мәдениет және спорт нысаны салынды. Бұған қоса, 40 медицина нысаны ашылды. Менің тапсырмаммен Қызылордада 300 орынға арналған көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Көп ұзамай 500 орындық емхана және 200 орындық перзентхана салынады.
Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда облысы барлық салада қарқынды дамуда. Облыстың жағдайы жалпы жақсы деп күмәнсіз айтуға болады. Бұл – әкім Нұрлыбек Нәлібаевтың белсенді, табанды жұмысының нәтижесі», – деп Мемлекет басшысы өз сөзінде нақты атап өтті.
Жалпы жылда наурыз айында ұйымдастырылатын келелі кеңестің биыл қаңтардың ортасында өткізілуі халық пікірін сан-саққа жүгіртті. Жұртшылық бұл жиыннан парламенттік реформаларға қатысты қандай да бір жаңалық күткені жасырын емес. Электоралды процесстердің нақты күні белгіленуі мүмкін деген үмітпен қарады. Алайда, жиын барысында Мемлекет басшысы Жаңа парламент – «Құрылтай» деген атаумен қайта құрылымданатынын айтып, елді елең еткізді. Арнайы Ассамблея квотасы болмайды. Бір партиялы жүйе 145 депутаттық тізіммен жасақталады. Сонымен қатар бұл жиында вице-премьер статусы белгіленіп, мемлекеттік кеңесші қызметі жойылатыны жария болды. Осы сәттен бастап Ұлттық Құрылтай жұмысын тоқтатып, оның орнына алдағы уақытта құрамы 126 адамнан тұратын Халық кеңесі құрылады. Нақты айтқанда, кеңес құрамына этно-мәдени орталықтардан 42, мәслихаттардан 42, қоғамдық ұйымдардан 42 адам мүше болады.
Жалпы алқалы жиында айтылған әрбір жүйелі жоспарлар мен баянды бастамалар алдағы уақытта Конституцияға айтарлық өзгерістер енгізілетінін меңзейді. Яғни, бұл жолғы Құрылтайда ел тарихындағы маңызды мәселелер қозғалып, саяси жүйені түбегейлі өзгертуге батыл қадам жасалып отыр.
Құрылтайда қозғалған әрбір ұтырлы ұсыныстар мен баянды бастамалар Құрылтай мүшелері мен сарапшылар тарапынан да зор қолдау тауып отыр. Жиынға қатысушылармен пікірлесу барысында осыны аңғардық.
Парламент Мәжілісінің депутаты Максим Рожин:
– «Шынымен де бүгін өте ауқымды, елдің болашағын айқындайтын, келешекте мемлекетті басқарудың структурасын қалыптастыратын келелі ұсыныстар түсті. Енді бұл бағытта конституциялық комиссия жұмыс жасайтын болады. Алдағы уақытта заңға да үлкен өзгерістер күтіліп отыр. Президент айтып өткендей, бұл жұмыстардың барлығы да халықтың шешімімен жасалуы тиіс».
«Қазақстан» ұлттық арнасының продюсері, журналист Ерқанат Көпжасарұлы:
– «Шынын айтқанда, бүгінгі алқалы жиынға байланысты көптеген сарапшылардың пікірі мүлде басқа болды. Нақтысы, референдумның өтетін мерзімі белгіленеді деп топшылап жатты. Бірақ бүгін Президентіміздің саяси шешімдерін болжап білу мүмкін еместігін тағы бір дәлелдеп берді деп айтуға болады. Ерекше атап өтетін жәйт, вице-президент институтын енгізу ұсынылып отыр. Осы орайда, Ұлттық Құрылтайдың өз миссиясын аяқтағаны жария болды. Есесіне Халық кеңесі институты құрылып, оның жұмысы заңмен реттелетіні айтылды. Сондықтан біз саяси өзгерудің алдында тұрмыз деп айтуға толық негіз бар. Енді осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізетін боламыз».
«Қазақстанның Еңбек ері», академик, ғалым Асқар Жұмаділдаев:
– «Бүгінгі жиында Мемлекет басшысының әрбір қабылдаған саяси шешімі қай тұрғыдан да құптарлық. Өйткені бұл жиында елді басқарудың механизмі мен алгоритмі нақтыланды. Бастысы, президенттік билік сақталды. Егер президенттік билік болмаса, әркім жан-жаққа тартып, елде береке қалмайды.Сондықтан вице-президент институтын қалыптастыру жүйесі елдің сенімін еселеу түсті деп айтуға толық негіз бар».
Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев:
– «Қасиетті Сыр өңірінде өткен Ұлттық Құрылтайдың бесінші жиыны өте маңызды оқиғаларға толы болды деп есептеймін. Жалпы жиын барысында Құрылтай мүшелері өз ұсыныстарын ортаға салып, еліміздің өткенін өлшеп, болашағын бағдарлайтын маңызды шешімдер айтылды. Тиісті тапсырмалар берілді. Оның ішінде ең бастысы, алдағы уақытта конституциялық өзгерістердің болатындығы мәлім.Ең бастысы, Президенттің баяндамасында мемлекетіміздің бүгінін бағдарлап, болашағын айқындайтын маңызды шешімдер айтылды. Оның ішінде конституциялық өзгерістердің болатындығын, Ұлытау төрінен басталып, Қызылорда төрінде жалғасқан Ұлттық Құрылтайдың өзінің миссиясын абыройлы атқарғандығын атап өтті. Алдағы уақытта 100 адамнан тұратын Халық кеңесі құрылатындығы жария болды. Сонымен қатар парламенттік реформа мен оның бағыт-бағдары айқындалды. Осы ретте ғасырлар бойы жүрегімізге жақын атау Парламент алдағы уақытта Құрылтай деген атаумен аталатынын мәлімдеді. Бұл бірінші кезекте күшті Президент, ықпалды Парламент, халық үнін ететін Үкімет қағидатын қалыптастырып қана қоймай, ұлттық таным мен болмысымызға тән атау болатынына сенім зор. Бұл жүйе елдің, халықтың көңілінен шығады деп ойлаймыз».
P.S. Жалпы Сыр өңірінде ұйымдастырылған соңғы Ұлттық Құрылтай еліміздің жаңа саяси өрлеу сатысына батыл қадам жасауына бағыт беретін тарихи жиын болды. Өйткені ұлт болашағы айқындалған маңызды мінберде қабылданған әрбір шешім әділетті Қазақстанды құруға жасалған сенімді қадам деп айтуға толық негіз бар.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ