Қастерлі Қызылорда жерінде бас қосып отырмыз. Бұл – халқымыз үшін орны ерекше аймақ. «Сыр – Алаштың анасы» деген аталы сөз бар. Осы атыраптағы Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ, Алтынасар, Баршынкент қалаларының орны көне заманның өзінде қазақ жерінде дамыған қала өркениеті болғанын аңғартады. Қызылорданы сол әйгілі қалалардың заңды жалғасы дей аламыз. Бұл шаһардың тарихи мән-маңызы айрықша. Оның осыдан бір ғасыр бұрын Қазақстан астанасы болғаны баршаға мәлім. Бұл жерде еліміздің болашағына қатысты аса маңызды шешімдер қабылданды.
Жалпы, «Сыр елі – жыр елі» деп бекер айтылмайды. Қорқыт ата заманынан жалғасып келе жатқан жыраулық-жыршылық және күйшілік өнер бұл аймақта кең қанат жайған. Жиенбай, Нұртуған, Нартай сынды саңлақтар негізін қалаған жыршылық мектептерді бүкіл еліміз біледі.
Сыр бойы – нағыз еңбек адамдарының мекені. Кеңес заманында осы аймақтан 100-ге жуық Еңбек Ері шыққан. Әйгілі күрішші Ыбырай Жақаевты халқымыз ерен еңбектің символына балайды. Аға буынның абыройлы жолын бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастырып келеді.
Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр. Былтыр аймақтың ішкі жалпы өнімі 6,5 пайызға өсті. Үш жылда облысқа 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылды. Былтыр 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде жаңа жылу электр орталығы іске қосылғанын ерекше атап өткен жөн. Стратегиялық маңызы бар бұл нысан толығымен инвестордың қаржысына салынды. Жылу орталығы аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайта түседі. Облыс тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Халықтың 80 пайызы көгілдір отынды пайдаланады. Елді-мекендерге газ құбырын тарту жұмысы алдағы уақытта жалғаса береді.
Аймақтағы автокөлік жолының сапасы жалпы жақсы жағдайда деуге болады. Облыстың әуе және темір жол жүйесі де жаңғыртылып жатыр. Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы ашылды. Қызылорда қаласындағы тарихи ғимараттың бірі – темір жол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Бұған қоса, аймақтағы 10 темір жол бекетін жаңғырту жұмысы басталды. Мұның бәрі облыстың логистикалық әлеуетін арттыра түседі.
Қазір Қызылорда облысында, әсіресе, әлеуметтік салада жақсы жаңалық көп. Үш жылда осы аймақта 34 білім беру, 45 мәдениет және спорт нысаны салынды. Бұған қоса, 40 медицина нысаны ашылды. Менің тапсырмаммен Қызылордада 300 орынға арналған көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Көп ұзамай 500 орындық емхана және 200 орындық перзентхана салынады.
Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда облысы барлық салада қарқынды дамуда. Облыстың жағдайы жалпы жақсы деп күмәнсіз айтуға болады. Бұл – әкім Нұрлыбек Нәлібаевтың белсенді, табанды жұмысының нәтижесі.
Өткен ғасырдың ортасында адамзат баласы алғаш рет Байқоңырдан ғарышқа аттанғаны – бүкіл әлемге белгілі дерек. Ұлы Жібек жолының бойындағы тарихи өлке жаңа дәуірде де ойдағыдай дамуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында сөйлеген сөзінен