«Мен емханаға бармаймын және МӘМС-ті пайдаланбаймын», «Учаскемді де, дәрігерімді де білмеймін, олар мені іздемейді де». Өкінішке орай кейбір азаматтардан осындай пікірлерді естіп жатамыз. Енді біреулер тегін медициналық көмекті алу қиын, оған көп уақыт пен күш кетеді деп есептейді. Осыған орай, емханаға не үшін бару керек және МӘМС жүйесінің мүмкіндіктерін қалай пайдалануға болатынын зерттеп көрдік.

Емханада тіркелген азаматтарға алғашқы меди­циналық-санитарлық көмек (МСАК) көрсетіледі. Бұл – медициналық көмектің базалық деңгейі. МСАК тіркел­ген тұрғындарды есепке алады, профилактикалық тексерулер өткізіп, флюорографияға түсіреді. Ауру­ларды ерте сатысында анықтауға, созылмалы нау­қастардың жағдайын бақылауға, асқынулар мен шұғыл госпитализацияны болдырмауға, жалпы халық денсаулығын тұрақты бақылауда ұстауға көмектеседі.

Сайып келгенде,   МСАК – сіздің учаскелік дәріге­ріңіз және сіз тіркелген емханаңыз. Кез келген алғашқы шағымдар пайда болған кезде профилактикалық мақсатта немесе бақылау үшін сол жерге жүгінесіз. Сондықтан өзіңіздің қай емханаға тіркелгеніңізді және дәрігеріңіздің кім екенін білу маңызды.

– Учаскелік дәрігерге бару үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылу шарт па?

– Жоқ. Пациенттер учаскелік терапевтке немесе жалпы тәжірибе дәрігеріне «cақтандырылған» мәрте­бесінің бар-жоғына қарамастан бара алады. Бірақ кейін МӘМС пакеті аясында бейінді мамандардың кеңесі немесе медициналық қызметтер қажет болса, «cақтан­дырылған» мәртебесін алу керек.

– Бейінді мамандарға жазылу үшін неге учаскелік дәрігерге бару керек?

– Бейінді мамандарға жазылу терапевт арқылы жүргізіледі. Себебі ол бастапқы тексеру жүргізіп, алдын ала диагноз қояды және әрі қарайғы тексерудің қажеттілігін анықтайды. Пациентті қай маманға жолдау керектігін шешіп, қажетті талдаулар мен зерттеулерге жолдама береді. Мұндай тәсіл өздігінен емделудің алдын алып, негізсіз жүгінулерді азайтады және пациенттердің ағынын оңтайландырады. Осылайша, бейінді мамандар өз көмегіне шын мұқтаж жандарға көбірек уақыт бөле алады.

– Анализдер мен диагностикаға жолдаманы қалай алады?

– Кез келген кеңес беру және диагностикалық қызметті емдеуші дәрігер тағайындайды. Ол пациенттің жағдайын, шағымдарын және белгілерін қарайды. Егер тиісті көрсеткіштер болса, дәрігер зертханалық және өзге де зерттеулерге жолдама береді. Міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру жүйесінде қызмет алу үшін пациенттің «сақтандырылған» мәртебесі болуы шарт.

Медициналық қызметкерлер профилактика, диаг­ностика, емдеу және оңалтудың ең тиімді әдістерін таңдау кезінде клиникалық хаттамаларды басшылыққа алады. Талдаулар мен диагностикалық зерттеулерге жолдаманы тіркелген жеріңіздегі дәрігерден алуға болады. Әдетте бұл – терапевт, ол көрсеткіштер бойынша немесе профилактикалық тексеру аясында зерттеу тағайындайды.

– Жеке клиникада МӘМС есебінен операция жасауға болатыны айтылды. Оған жолдаманы қалай аламын?

– Ауруханаға жатқызу көрсеткіштері пациенттің жағдайына байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ әдетте жедел ауырсынулар, созылмалы аурулардың асқынуы, жарақаттар немесе стационарлық бақылауды қажет ететін өзге жағдайлар жатады (ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 24 наурыздағы № ҚР ДСМ-27 бұйрығы «ҚР стационарлық жағдайларда медициналық көмек көрсету стандарты туралы»).

– Ауруханаға жату үшін не істеу керек?

• Тіркелген емханадағы дәрігерге жүгіну. Егер көрсеткіштер болса, маман тексеру жүргізіп, диагноз қою үшін қажетті зерттеулерді толық көлемде тағайындайды;

•Емхана жағдайында қажетті минималды тексеруден өту;

• Ауруханаға жатуға жолдама алу. Медици­налық ұйымды өз дәрігеріңізбен бірге таңдай аласыз;

•Ауруханаға жату талонын алу. Ол арқылы «Емдеуге жатқызу бюросы» сайтында (https://bg.eisz.kz/) өз кезегіңізді бақылауға болады.

Жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету (ЖТМК) үшін тіркелген медициналық ұйым профильдік маманның қорытындысына сүйене отырып, пациенттің құжаттарын ЖТМК жөніндегі комиссияға жолдайды.

Пациент тіркелген медициналық ұйым оған тиісті бейін бойынша осы қызметтерді көрсететін өзге ұйымды таңдау мүмкіндігі бар екенін хабарлауы тиіс.

ЖТМК жөніндегі комиссия жергілікті денсаулық сақтау басқармасының басшысы бұйрығымен жаса­лады және пациентті тиісті медициналық ұйымға жолдау мәселесін шешеді. Тегін медициналық көмек­тің кепілді көлемі (ТМККК) тізбесіне кірмейтін мамандандырылған медициналық көмек МӘМС жүйесінде немесе ақылы негізде көрсетіледі. Маман­­дандырылған көмектің көлемі, соның ішінде зерт­ханалық және диагностикалық зерттеу әдістері, клини­калық хаттамаларға сәйкес айқындалады (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 8 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-238/2020 бұйры­ғына сәйкес).

– Егер жолдама беруден бас тартса не істеу керек?

– Егер пациенттің қандай да бір медициналық қызметке көрсеткіштері бола тұра дәрігер жолдама немесе көмек  беруден бас тартса емханалар мен ауруханаларда құрылған Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметіне жүгіне алады. Бұл қызмет «осында және қазір» қағидаты бойынша мәселелерді шешуге арналған.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған