Қызылорда қаласындағы бір мектепте алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімінің бос орнына конкурс өткізілген. Конкурсқа екі үміткер қатысқан. Олардың бірі құжаттарының толық еместігіне байланысты конкурсқа қатысудан шеттетілген, ал екіншісі конкурсқа қатысып, кейін жұмысқа қабылданған.

Конкурсқа қатыса алмаған үміткер конкурстың нәтижесі бойынша сотқа талап қоюмен жүгініп, конкурс комиссиясының шешімін заңсыз деп тануды және хаттаманың тиісті бөлігін жоюды сұраған.

Сотта анықталғандай, осыған ұқсас конкурс бұған дейін де өткізілген, алайда, дәл осы үміткердің шағымы бойынша оның нәтижелері жойылып, тиісті сот шешімі заңды күшіне енген. Соған қарамастан, мектеп конкурс өткізу барысында қайтадан ұқсас заң бұзушылықтарға жол берген.

Атап айтқанда, конкурс ресми хабарландыруда көрсетілген күннен бір күн кеш өткізіліп, педагог кадрларды іріктеу қолданыстағы талаптарға сай ақпараттық жүйе арқылы емес, қағаз түрінде жүргізілген. Мектеп электронды платформаны пайдаланудың мүмкін еместігін растайтын құжаттарды сотқа ұсынбаған.

Талап қоюшы конкурс өтетін күні туралы нақты ақпаратқа қол жеткізе алмай, конкурсқа қатысу мүмкіндігінен айырылған. Осыған байланысты, ол тиісті органдарға шағымдануға мәжбүр болған.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюшының талап қоюын қанағаттандырып, алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімінің бос орнына жеңімпазды ұсыну туралы конкурс комиссиясының хаттамасының бір бөлігін жарамсыз деп таныды. Сонымен қатар, сот анықталған заң бұзушылықтар бойынша жеке ұйғарым шығарды.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған