Стадионның ашылу қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте футболдан Қазақстан Кубогының финалдық ойынын және 11 мың орындық жаңа стадионның ашылу салтанатын ұйымдастыру мәселелері талқыланды.Оған облыстық басқарма мен жауапты мекеме басшылары, Қазақстан футбол федерациясы кәсіби клубтар арасында жарыстар өткізу дирекциясының басшысы Бакытжан Пазылхайыр қатысты.

Аймақ басшысы жауапты сала же­тек­шілеріне бірқатар тапсырма жүктеді.

– «Жаңа стадионның ашылу сал­танаты кезінде электр энергиясын үздіксіз, тұрақты беру, төтенше жағдай туындаса, жедел әрекет ету үшін желілерді алдын ала тексеріп, резервтік қуат көздерін даярлау керек.

Жедел жәрдем қызметінің кезекшілігі ұйымдастырылсын. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, патрульдік қызметті күшейту, көлік қозғалысын реттеу және жедел әрекет етуге әзірлік қолға алынсын.

Жанкүйерлер арасында қоғамдық тәртіптің бұзылмауын қадағалау үшін шара өтетін маңдағы полиция қызметкерлерінің санын арттыру керек.

Қоғамдық саяси ахуалдың тұрақ­тылығы біз үшін өте маңызды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті стадион аумағын толық зерделеп, оқыс оқиға мен төтенше жағдайдың алдын алыңыздар. Өрт сөндіру техникалары сақадай сай тұруы тиіс.

Сондай-ақ, финалдық ойын өтетін аумақта санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталуы керек. Әсіресе, қоғамдық тамақтану орындары мен сауда нүктелерінің тазалығы қатаң бақылауға алынсын»,– деп тиісті сала басшыларына облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы тапсырма берді.

* * *

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа стадионның ашылуына дайындық барысы пысықталған жиналыстан кейін Қазақстан футбол федерациясының жарыстарды ұйымдастыру директоры Бақытжан Пазылхайырмен бірге Орталық стадионға барып, дайындық барысын өз көзімен көрді.

Жаңа нысан халықаралық стан­дарттарға, УЕФА талаптарына сай, соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталған.

Спорт ғимаратының жалпы аумағы 20 мың шаршы метр, жасыл алаңнан бөлек бокс, күрестің үш түрінің, атап айтқанда, дзюдо, грек-рим, еркін күрес, фитнес, спорттық гимнастика, таек­вондо және ауыр атлетика залдарынан тұрады. Келушілерге жыл он екі ай сапалы қызмет көрсету үшін барлық мүмкіндік бар.

Үш қабатты ғимараттың бірінші қабатында жаттығу залдары, екінші қабатында әкімшілік бөлмелер, үшінші қабатында спортшылар үшін және ауқымды жиындар өткізуге арналған орындар қарастырылған.

Халықаралық дәрежедегі ауқымды ойындарға дайын. Ашылу салтанаты қарсаңында жаңа стадионның футбол алаңы ФИФА-ның тестілеуінен өтіп, жоғары деңгейлі QUALITY PRO сертификатына ие болды.

Сондай-ақ сол күні “Арай сити мол” сауда орталығында финалдың бас кубогы Сыр жұртшылығына таныс­тырылды. Облыс тұрғындарының кубок­ты қазанның 4-не дейін сауда орта­лығына барып көруіне мүмкіндік жасалды.

Облыс орталығында «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені де салынуда. Онда олимпиадалық стан­дарт­тарға сай 50 метрлік бассейн, Әлем және Азия чемпионаттарын өткі­зуге арналған 2500 орындық зал, олимпиадалық спорт түрлеріне арнал­ған жаттығу залдары болады.Құрылысы 2026 жылдың екінші жартыжылдығында аяқталады.

Соңғы үш жылда өңірде 20 спорт кешені ашылды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен тағы 6 спорт кешені пайдалануға беріледі. «Қазақстан хал­қына» қорының демеушілігімен 2 млрд. 900 млн. теңгеге мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеріп келеді. Биыл қордың қолдауымен Шиелі, Жалағаш аудандарындағы жаңа спорт кешендері келушілерге қызмет көрсете бастады.

* * *

Қызылордалықтар көптен күткен 4 қазанда Қызылорданың сол жаға­лауында 11 мың көрерменге арналған жаңа стадионның ашылуы өтті. Салтанатты шара аясында футболдан ел Кубогының финалдық матчы ұйымдастырылды.

Шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров арнайы келді. Сондай-ақ, қоғам қайраткерлері мен мыңдаған футбол жанкүйері жиналды.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жиналған жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, командаларға сәттілік тіледі.

– “Бүгін – Қазақстанның спорт тарихындағы айтулы күн. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының аймақ­тарда спорт инфрақұрылымын да­мыту, оның ішінде стадиондар мен спорт кешендерін салу туралы тап­сырмасына сәйкес Қызылорда қала­сында жаңа стадион бой көтерді. Жаңа стадионымыздың ашылуы фут­болдан Қазақстан кубогының финал­дық ойынымен тұспа-тұс келді. Жан­күйерлер асыға күтетін спорт мерекесі отандық футбол тарихында алғаш рет Қызылорда қаласында өтуде. Бұл – сырбойылықтар үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш! Баршаңызды жаңа стадионның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Қаламызда жаңа ны­санның салынуына ерекше қолдау біл­дірген Мемлекет басшымызға, Үкіметке барша Сыр жұртшылығы аты­нан шынайы алғысымызды біл­діреміз. Финалдық ойынды өткізуге бастамашы болып, ұйымдастырған Қазақстан футбол федерациясына зор ризашылығымызды жеткіземіз. Бүгінгі ойынға жолдама алған командаларға сәттілік тілеймін! Қазақстан фут­болының даңқы арта берсін!” – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров жаңа стадионның ашылуы ел футболы үшін маңызды екенін атап өтті.

– «Құрметті қызылордалықтар және футбол жанкүйерлері! Сіздерді жаңа стадионның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – еліміздің футбол картасынан лайықты орын алатын заманауи арена. Қазақстан Кубогының финалы алғаш рет Сыр елінде өтіп отыр. Осы алаңда талай қызықты кездесулер мен ұмытылмас ойындар өтеді деп сенемін. Бүгінгі финал сол табысты жолдың бастауы болсын!» – деді Марат Талғатұлы.

Жалпы ауданы 20 мың шаршы метрді құрайтын жаңа спорттық кешен заманауи халықаралық талаптарға сай салынған. Мұнда футбол алаңы ғана емес, олимпиадалық стандарттарға сәйкес келетін бокс, күрес, фитнес, спорттық гимнастика және ауыр атле­тика залдары орналасқан. Сонымен қатар, нысанда дүкендер мен дәмха­налар қарастырылған.

Ғимараттың бірінші қабатында спорт залдары, футболшылардың дайын­дық бөлмелері және сауықтыру орта­лықтары орналасқан. Екінші қабатта – әкімшілік бөлмелер, ал үшінші қабатта – ауқымды жиындарға арналған мәжі­ліс залы бар. Мүмкіндігі шектеулі спортшылардың жаттығуына да толық жағдай жасалған.

Стадион УЕФА-ның 4-санатына сәй­кестендірілген. Жасыл алаң халық­аралық стандарттарға сай жасан­ды төсенішпен жабдықталған, заманауи жарықтандыру және дыбыс жүйе­лері орнатылған. Бұл өз кезегінде халықаралық деңгейдегі спорттық және мәдени шараларды жоғары сапада өткізуге мүмкіндік береді.

* * *

Стадионның ашылу салтанатындағы финалдық кездесуде Шымкенттің «Ордабасы» және Қостанайдың «Тобыл» командалары бақ сынасты. Ойын өте тартысты, әрі қызықты өтті. Бірінші таймда «Тобыл» командасы қарсылас қақпасына екі дәл соққы жасап, 2:0 есебімен алға шықты. Бірінші голды Николай Сигневич, ал екінші голды Ислам Чесноков салды.

Жаңа стадион ауласында жан­күйерлерге үлкен LED экран қойы­лып, ойынды қолайлы жағдайда тамаша­лауға мүмкіндік жасалған.

Бұл финал «Ордабасы» мен «Тобыл» үшін бесінші шешуші бәсеке болды. Екі клуб та осыған дейін екі рет жеңіске жетіп, екі мәрте финалда ұтылған. Қазақстан Кубогы тарихында қос ұжым бес мәрте кездескен, оның үшеуінде қостанайлықтар, екеуінде шымкенттіктер басым түскен. Бұған дейін финалда үш рет жолығып, екі рет «Тобыл», бір рет «Ордабасы» кубок иегері атанған. Бүгін олардың төртінші финалдық кездесуі болды.

Осылайша, қостанайлық «Тобыл» командасы қарсыласынан басым түсіп, Қазақстан Кубогының жеңімпазы атанды. Жанкүйерлер командаға қоше­мет көрсетіп, жаңа стадиондағы алғашқы финалдық матч тарихта қалатын ерекше сәт болды.

Жеңімпаз «Тобыл» командасын облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Туризм және спорт министрі Ербол Мыр­за­босынов және Қазақстан фут­бол федерациясының президенті Марат Омаров марапаттап, кубок пен медальдарды табыс етті.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған