Қызылорда қалалық сотына талап қоюшы Н. жауапкер «ТП» АҚ-нан тәртіптік жазалар туралы бұйрықтарды заңсыз деп тану, жұмысқа қалпына келтіру, амалсыздан бос жүрген уақыты үшін еңбекақы өндіріп алу туралы талап қоюмен жүгінген.
Талап қоюшы Н. «ТП» АҚ-ның экономика және қаржы бөлімінің бастығы лауазымын атқарған. Талап қоюшымен еңбек келісім шартын бұзу туралы бұйрықты шығаруға тәртіптік жазасы бар жұмысшы еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз қайталап орындамағаны немесе қайталап тиісінше орындамағаны негіз болған.
Алайда, талап қоюшының және оның бөлімінің және бөлім қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарында ҚР Энергетика министрлігінің бұйрығына сәйкес есептерді тапсыру туралы қызметтік міндеттемелері жоқ және болмаған.
Сол себепті, соттан талап қоюшы жұмыстан заңсыз шығарылуы оның ар-ожданы мен қадір-қасиетіне зиян тигізіп, оның іскерлік беделіне нұқсан келтірді деп санап, жауапкер «ТП» АҚ-нан моральдық шығын өндіруді, тәртіптік жазалар туралы бұйрықтардың күшін жоюды және экономика және қаржы бөлімінің бастығы қызметіне қайта орналастыруды сұраған.
Істі сотта қарау барысында талап қоюшының уәждері дәлелін тауып, жұмыс беруші тарапынан Еңбек кодексінде көзделген негіздер бұзылғаны анықталды.
Сот шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырылып, жауапкер «ТП» АҚ-ның тәртіптік жазалар туралы бұйрықтардың күші жойылып, талап қоюшы Н. экономика және қаржы бөлімінің бастығы қызметіне жұмысқа қайта орналастырылып, лажсыз бос жүрген уақытына 3 694 496 теңге өндірілді.
Осылайша, жұмысшының еңбек құқығы заңмен қорғалды.
Қызылорда қалалық соты