• Журналист – мәртебелі мамандық. Ол – ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы. Сондықтан біз медиа саласының мамандарына әрдайым зор құрметпен қараймыз. Түптеп келгенде, мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйткені ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай.
• Әлихан Бөкейхан «Газет-журнал шығаруға зор шеберлік керек» деп талап қойған. Бұл – бүкіл ақпарат саласына ортақ тұжырым. Жалпы, журналистер мемлекеттік саясатты халыққа түсіндіру ісінде айрықша рөл атқарады.
• Біз әрбір сөзімізді қоғамды түзеуге жұмсасақ, болашағымыз да баянды болары хақ. Мен Құрылтай отырысында елімізге қатер төндіретін бес кеселге тоқталдым. Тағы да қайталап айтқым келеді. Жұртты нашақорлық пен құмарпаздықтан, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан, вандализм мен ысырапшылдықтан қорғау – ортақ міндет. Мемлекет бұл бағытта нақты қадамдар жасап жатыр.
• Еліміздегі әрбір шаңырақ қазақ отбасының үлгісіне айналуы керек. Әрине, қабылданған заң барлық қатерді бірден жойып жібермейді. Бұл – ұзақ әрі күрделі үдеріс. Заң жазалау үшін емес, ең алдымен, құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін маңызды. Оған бүкіл қоғам болып атсалысу қажет. Осы жолда ақпарат өкілдерінің рөлі ерекше.
• Ең қауіпті әлеуметтік кеселдің бірі – лудомания. Құмар ойынға тәуелділік көптеген азаматты орға жығып, қарызға белшесінен батырады, отбасының шырқын бұзады, қылмысқа, суицидке итермелейді. Статистика бойынша іс жүзінде әрбір бесінші қылмыс құмар ойындардың кесірінен жасалады.
• Интернет дамыған сайын лудомания проблемасы ушыға түсті және нағыз әлеуметтік індетке айнала бастады. Бұл ұлтымыздың болашағына қатер төндіреді. Сондықтан Мемлекет басшысы ретінде мен осы қауіпті құбылыспен күресу үшін бірқатар пәрменді шаралар қабылдадым.
• Жалпы, депутат пен журналист қызметі бірі-бірімен тығыз байланысып жатыр. Екеуі де ел мүддесін қорғайды. Халық сенімін арқалап, оған мүлтіксіз қызмет етеді. Қазір депутаттар корпусы мен масс-медиа өкілдері үйлесімді жұмыс істеуде.
• Жаңа ақпараттық дәуірге қадам бастық. Осы орайда мемлекеттік басқару жүйесі сөз білетін, тиімді әрі жан-жақты қарым-қатынас орната алатын адамдарға зәру. Сондықтан өз мансабын мемлекеттік қызметпен байланыстырған немесе байланыстыруды жоспарлап жүрген әріптестеріңіз осы салада да өз әлеуетін толық жүзеге асыра алады.
• Бүгінде отандық журналистика мықты қоғамдық институтқа, нағыз төртінші билікке айналды. Бұл саланың осынау маңызды іске қосар үлесі зор. Журналистердің алдында тұрған міндеттердің ауқымы – өте кең
• Отандық медиа қоғамда жоғары экологиялық сана мен табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға зор көмегін тигізе алады.
• Тарихи-мәдени мұраларға зиян келтіру, ескерткіштерді қорлау сияқты келеңсіз әрекеттер тек заңмен ғана жазаланып қоймай, қоғам тарапынан да айыпталуға тиіс. Бұл орайда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі аса маңызды.
• Домбыра – қазақтың жаны, ұлт болмысының айнасы. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Біз ұлттық бірегейлігімізді сақтағымыз келсе, қастерлі аспапты қадір тұтуымыз қажет. Ол – біздің тереңнен тамыр тартатын төл тарихымыздың куәгері. Мерейлі мереке өнерімізді өрге шығарып, тұтастығымызды нығайта түсу үшін керек. Мен ұлттық құндылықты ұлықтайтын бастамаларды барынша дәріптеу қажет деп санаймын. Домбыра күні соның айқын көрінісі болуға тиіс.
• БАҚ өкілдерінің тағы бір маңызды миссиясы – азаматтарға экономиканың дамуы туралы жан-жақты және кеңінен ақпарат беру. Бұл ретте ауыз толтырып айтатын дүние жеткілікті.
• Соңғы жылдары еліміздің барлық өңірінде тұрақты түрде жаңа кәсіпорындар ашылып, жаңа жолдар мен көпірлер салынып жатыр. Инженерлік желілер мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары жаңартылуда. Бірақ көбіне мұндай жағымды ақпарат лайықты деңгейде таралмай жатады. Жақсыны жақсы деп айту керек.
• Ел дамуындағы оң өзгерістерге көбірек назар аудару бұқаралық ақпарат құралдарының, әсіресе, мемлекеттік БАҚ-тың міндеті деп санаймын.
• Өздеріңіз жақсы білесіздер, экономиканы дамыту үшін тұрақ[1]ты энергия көзі керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салу мәселесін пысықтау туралы нақты тапсырма бердім. Қазір жан[1]жақты талқылау болып жатыр. Әртүрлі пікір айтылуда. Бұл үде[1]ріске бұқаралық ақпарат құралдары да белсене атсалысуы керек.
• Бүгінде Қазақстанда жүздеген тәуелсіз БАҚ пен медиаресурс бар. Ал интернеттегі көптеген түрлі блогтар мен каналдар туралы айтпаса да болады. Олар елде болып жатқан үдерістерді әр қырынан жариялап көрсетеді, билік органдарының қызметіне сын айтады. Бірақ біз әуел бастан пікір алуандығына ұмтылып келеміз. Бұл – біздің айтулы жетістігіміз.
• Көпшілік мұны әлі күнге сезінбей жүр. Алайда Қазақстанда әлдеқашан жаңа саяси жағдай қалыптасты. Оны сөз бостандығынан, ашық бәсекелестіктен, билік пен қоғам арасындағы конструктивті диалогтан, бүкіл ақпараттық ресурстардың қолжетімділігінен байқауға болады. Біз осындай өзгерістер жүзеге асырылды деп сеніммен айта аламыз. Мұндай жағдайда БАҚ-тың рөлі мен жауапкершілігі арта түседі.
• Отандық масс-медиа әрдайым объективтілікті, бейтараптылықты сақтап, ел мен қоғамның мүддесін бәрінен жоғары қоятынына сенімдімін.
• Сонымен қатар сөз бостандығына арқа сүйеп, елімізде ештеңе өзгермейді-мыс, ахуал мүшкіл деп жағдайды үнемі ушықтыра беру қажет емес. Бұл шындыққа сай келмейді. Кемшіліктер бар, бірақ жағдай тым мүшкіл емес. Мұндай ақпарат адамдарға көмектеспейді, керісінше оларды күйзеліске ұшыратып, қоғамда апатия тудырады.
• Әділетті Қазақстанды кемеңгер көсемдер, аңыздағы қаһармандар емес, қарапайым еңбеккерлер мен адал азаматтар құрады. Оларды барынша дәріптеу керек. Заманымыздың нағыз батырлары және ұлтымыздың сенімді тірегі – осындай адамдар.
• Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамда Заң мен тәртіпті орнықтыру үдерісінде атқаратын рөлі айрықша. Бұл – елімізде жүргізіліп жатқан жаңғыруларға негіз болатын қағидаттардың бірі.
• Нағыз журналистер әсіре әуестіктен, бос сөзден және әлеуметтік желіде өзіне-өзі масаттанудан ада болады. Олар әрдайым оқиғаның ортасында жүреді. Халықты алаңдататын өзекті мәселелерді көтеріп, мазмұнды материалдар әзірлейді. Дәл осындай белсенді әрі пайдалы іс атқаратын тілшілер қауымы отандық журналистиканың бет-бейнесі саналады. Олар еліміздің өркендеуіне зор үлес қосып келеді.
• Қазір жаңа медиа дәуірі басталды. Бұқаралық ақпарат құралдары жасанды интеллект технологиясын тиімді пайдаланып жатыр. Мұны шын мәнінде жаңашылдық пен жасампаздықтың көрінісі деуге болады. Әр адам өз ісінің шебері болуға тиіс. Сонда елімізде нағыз кәсіби біліктілік культі қалыптасады. Мен мұның маңызы туралы үнемі айтып келемін. Біз ұстаз, дәрігер, ғалым және басқа да әлеуметтік сала мамандарының абыройын арттыру үшін нақты шаралар қабылдадық. Тәртіп сақшылары мен құтқарушылардың мәртебесін көтердік. Осындай жан-жақты жұмыстар жалғаса береді. Себебі еңбек адамы – ел байлығы.
• Ақпарат – қуатты құрал. Әсіресе, қазіргідей құбылмалы заманда халыққа жан-жақты сарапталған, тексерілген, шынайы ақпаратты ұсыну аса маңызды. Азаматтарды адастыратын ақпаратқа жол беруге болмайды.
• Сөз бостандығы – елдегі әр бастаманы сынау деген сөз емес. Нағыз ұлт мүддесін көздеген ақпарат құралы елдің береке-бірлігін нығайту үшін қызмет етуі керек. Баспасөз – қоғамның бет-бейнесі. Мен күнделікті газет-журналды үнемі қадағалап отырамын. «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда», «Aiqyn», «Литер», «Turkistan», «Ana tili», «Қазақ әдебиеті» басылымдарын, аймақ[1]тарда шығатын гаеттерді де үзбей оқимын. Көп мағлұмат аламын. Пайдалы ақпарат өте көп. Жалпы, қазіргі таңда газеттерде жарияланып жатқан материалдардың сапасы жоғары деп айтуға болады. Оқуға тартымды деп айтқым келеді. Қоғамның тынысын, зиялы қауымның ой-пікірін біліп отыру өте маңызды деп санаймын.
(Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:тың БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзі)