Облыстық сот ғимаратында «Қылмыстық істерді қарау барысында туындайтын мәселелерді, кемшіліктерді, орын алған заң бұзушылықтарды және жаза өтеу орындарында сотталғандарға ізгілік актілерін қолданудың сот практикасы» тақырыбында облыстық сот пен облыстық прокуратураның ұйымдастыруымен бірлескен дөңгелек үстел өткізілді.
Дөңгелек үстелге Қызылорда облыстық сотының төрағасы Ә.Шығамбаев, Қызылорда облысының прокуроры Р.Ожаров, облыстық соттың судьялары, қылмыстық істер қарайтын соттардың төрағалары мен судьялары, прокуратура, құқық қорғау органдарының басшылары мен қызметкерлері, адвокаттар алқасының төрағасы қатысты.
Облыстық сот төрағасы Ә.Шығамбаев алғы сөзінде көтеріліп отырған тақырыптың маңыздылығына тоқталып, қылмыстық ізге түсу органдарымен қылмыстық іс жүргізу барысында процессуалдық кемшіліктер кетіп жататынын, олардың көпшілігі сотта істі қарау барысында анықталатынын атап өтті.
Қызылорда облысының прокуроры Р.Ожаров сотқа дейінгі тергеп-тексеру сапасының төмендеуі салдарынан азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына әкеп соқтыратын жағдайлардың кездесіп жатқанын тілге тиек етіп, бұл өз кезегінде құқық қорғау органдарының беделін түсіретінін, азаматтардың көзқарасына, сеніміне кері әсер ететінін атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында қылмыстық істер бойынша қылмыстық қудалау органдарымен дәлелдемелерді дұрыс бекітпеу, қылмыстық әрекеттерді дұрыс сараламау және процессуалдық талаптардың бұзылуы фактілері жиі орын алатыны, мұндай кемшіліктерге жол бермеу керектігі айтылды.
Шарада қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Д.Алиев, облыс прокуратурасының 2-басқарма бастығы Б.Сариев, облыс прокуратурасының 1-басқарма бастығы Б.Нұрмағанбетов, Полиция Департаментінің тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Б.Сәулебеков, облыстық адвокаттар алқасының төрағасы М.Даубалаев, қылмыстық атқару жүйесінің Қызылорда облысы бойынша Департаменті басшысының міндетін атқарушы М.Накенов көтеріліп отырған мәселелер бойынша баяндама жасады.
№2 сотының судьясы А.Зейнулла сотталғандарға ізгілік актілерін қолдану бойынша баяндама жасап, сот тәжірибесімен бөлісті.
Дөңгелек үстелдің қорытындысында қатысушылар заңдар мен бұлтартпау шараларын дұрыс қолданып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын басты назарда ұстау керектігін, қолданыстағы заңдардың талаптарын қатаң сақтап, қоғамның сенімін арттыру туралы ортақ пікірге келді.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі.