Халықаралық қарым-қатынастардың көптеп дамуына байланысты, бір мемлекеттің сот органдарынан шыққан  құжатын екінші мемлекеттің аумағында ұсыну қажеттілігі туындап жатады. Құжаттың заңды маңыздылығын қалай растауға болады және ол үшін не қажет? «Апостиль» термині нені білдіреді? Апостиль – бұл құжаттамаға қол қойған адамның қолын және оның өкілеттіктерін, сондай-ақ осы құжат бекітілген мөрдің немесе мөртаңбаның түпнұсқалығын растайтын арнайы мөртаңба (штамб).

     Ресми құжаттарға апостиль қою қызметі Гаагада 1961 жылы 5 қазанда қабылданған шетелдік ресми құжаттарды заңдастыру талаптарын жоятын конвенциямен, сонымен қатар бірқатар нормативтік-құқықтық актілермен реттеледі. Гаага конвенциясы азаматтық немесе коммерциялық мәселелерде сот және соттан тыс құжаттарда шетелдік тарапқа беру мен ұсынудың ең тиімді механизмін қамтамасыз етуге арналған халықаралық процестегі маңызды көпжақты халықаралық келісім болып табылады. Құжат ұсынылуға жататын мемлекет Гаага конвенциясына мүше ел болған жағдайда ғана апостиль қойылады.

     Қазақстан Республикасында өз өкілеттігі шегінде апостилдеу құзыретін 9 мемлекеттік орган, соның ішінде сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қоюды  Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті жүзеге асырады. 

     Мемлекеттік қызметті көрсету мәселелері бойынша, ресми құжат пен мемлекеттік баж төленгені  туралы түбіртек ұсынылған жағдайда апостиль қоятын лауазымды тұлға ретінде сот әкімшілігінің жауапты маманы бекітілген. Қызметті алушылар тікелей қызметті берушіге жүгінген кезде, жауапты маман сот органдарынан шыққан ресми құжаттың дұрыстығын, сонымен қатар құжатқа қол қойылған лауазымды тұлғаның қолын, тиісті сот мөрі мен мөртаңбасының айқындығын тексереді. Мөртаңбадағы бағандарды мемлекеттік тілде ғана толтырылуға жол беріледі. Ұсынылатын құжаттар анық және нақты жазылуға, лауазымды адамдардың қолдары және мөрлердің бедері анық болуға тиіс.

      Егер сіз құжатты дайындаған ел  Гаага конвенциясына қатыспаса, оны консулдық заңдастыру  қажет болады. Бұл айтарлықтай күрделі рәсім, ол құжатты  ҚР Әділет министрлігінде, ҚР СІМ органдарында, бұдан кейін ҚР баратын елдің консулдығында  куәландыруды талап етеді. Бұл жерде құжат консулдық белгісі бар елдің аумағында ғана заңды күшіне ие болады.

      Сондай-ақ заңдастыру рәсімі құжат типіне негізделуі  мүмкін, себебі консулдық заңдастыруға да, сондай- ақ  апостильдеуге де жатпайтын құжаттар бар. Бұл негізінен коммерциялық құжаттарға қатысты: шарттар инвостар, коносаменттер, түрлі тауарды таратушы құжаттар және сыртқы экономикалық қызметке байланысты өзге құжаттар, олар үшін жекелеген рәсім бар – құжат ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасында бұдан кейін баратын елдің консулдығында заңдастырылады.

     Апостиль құжаттың мәтіннен бос орында не оның арғы бетінде қойылады және уәкілетті мемлекеттік органның  елтаңбалық мөрімен бекітіледі. Апостиль, оны ұсынылған құжатқа қоюы мүмкін емес болған жағдайда қағаздың бөлек парағында қойылуы мүмкін. Бұл жағдайда құжаттың парақтары мен апостилі бар парақ кез келген түсті жіппен бірге тігу жолымен бекітеледі және нөмірленеді, бұл туралы «жұлдызшада» тиісті жазу жүргізіледі. «Жұлдызша» – құжаттар парағы бекітілген жерде желімделетін және апостиль қоюшы орган елтаңбалық мөр қойған қалың қағаз болып табылады. Құжаттардың соңғы парағы бекітілу орнында елтаңбалық мөр қойылатын «жұлдызшамен» желімденеді. Бұл ретте қойылған мөрдік бедері «жұлдызшада» және парақта бірдей орналасуға тиіс. Бекітілген парақтардың саны апостильді қоятын адамның қолымен расталады.

     Конвенцияға сәйкес апостиль қойылатын, сот органдарынан шығатын құжаттар алыс шетелдерге жіберілуге жатады және мемлекет имиджінің өзіндік көрінісі болып табылады.

А.Нұрмаханов, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының жетекші маманы

 

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған