Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 653-бабы 1-бөлігі бойынша процеске қатысушылардың және өзге де адамдардың қатысуынсыз соттың iстi одан әрi қарауы мүмкiн болмайтын жағдайлар, олардың шақыру қағазы, хабарлау, хабардар ету немесе шақыру бойынша сотқа дәлелді себептерсіз келмеуі, сот отырысында төрағалық етушiнiң өкiмдерiне бағынбауы, сотта белгіленген қағидаларды бұзудан көрiнетін сотты құрметтемеушiлiк, сотты және  судьяны құрметтемеуден көрінетін әрекеттер сотты құрметтеушілік екені көрсетілген.

          Қызылорда қаласының әкімшілік  құқық  бұзушылықтар  жөніндегі мамандандырылған  ауданаралық сотында  Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 653-бабы 1-бөлігі бойынша екі әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды. 

Бірінші іс бойынша құқық бұзушы И. Қызылорда облысының мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралып жатқан қылмыстық іс бойынша сот үкімін жариялау кезінде сот отырысында айқай-шу шығарып, соттағы тәртіпті бұзып, қатысушылар отыратын орыннан тұрып кетіп, сотталушыларға барып, сот приставының талаптарына бағынбай, оны итеріп, сотталушыларға қарай ұмтылып, сот отырысының өтуіне кедергі келтіріп, сотты құрметтемеушілік әрекеттерін жасаған.

Сот отырысында құқық бұзушы И. кінәсін мойындап, сотталушы А. танысы екенін, судья үкімді жариялап тұрған кезінде сотталушыларға қарай жүгіріп барғанын, тәртіпті бұзғанын растады.         

Бейнежазбада құқық бұзушы И.-дың сот залында бола тұра, сотта және сот залында белгіленген талаптарды бұзып, сотты құрметтемеушiлiк  әрекеттерін жасағаны анық көрінеді.

Құқық бұзушы И. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 653-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 5  тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынды.

Дәл осы қылмыстық іс  бойынша тағы бір азаматқа қатысты іс  қаралды. Алайда, іс бойынша  құқық  бұзушы Н. кәмелет жасына толмауына байланысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 653-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, табысы болмауына байланысты, оның заңды өкілі – анасына 25 844 теңге айыппұл салынды.

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған