Айлардың сұлтаны – Қасиетті Рамазан айы 2024 жылдың 11 наурызында басталды. Ал, қасиетті Қадір түні 5 сәуірден 6 сәуірге қараған түні түсіп тұр.Рамазан – тақуалыққа жеткізетін ай.
Рамазан – өзінің ішкі жан-дүниесімен сыр бөлісіп, пенденің шын ықыласпен тәубаға келу айы. Бұл айда Аллаһтың рақымынан үміт ете отырып ауыз бекітіп, құлшылық жасаған адамның тәубесі қабыл болып, күнәларынан анасынан туған күндегідей тап-таза болып арылады. Бұл жылына бір рет келетін үлкен мүмкіндік. Ғибадат айында ерекше рухани атмосферада іс-амалдарды ой елегінен өткізіп, иманды жаңартуға, ізгілік істер арқылы жүректі жұмсартуға болады. Ал осы бір мүмкіндікті пайдалана алмау нағыз дімкәстікті білдіреді.Тозақтан қалқан болатын амалдардың бірі бұл- ораза. Алла Тағала ораза арқылы, пенденің бетін тозақтан 70 жылға алыстатып жібереді.
Иманның үшінші шартының бірі- Рамазан айының парыз болуы. Бұл жайында, Құран Кәрімде Алла Тағала «сендердің алдарыңдағы үмбеттерге парыз етілгендей, ораза сендерге де парыз етілді»-, деп айтады. Оразаның ерекшелігіне келер болсақ, бұл басқа айларға қарағанда осы айда жасалған амалдар, ғибадаттар еселеніп сауап алуына, Алланың рахымына, мейіріміне бөленуімізге себеп болады. Барлық мұсылмандардың 11 ай бойы кір шалған жүректерінің тазалануына, жаман әдеттерден арылуына көмектеседі. Игі амалдар жасап, Алланың алдында дәрежеміздің жоғарылауына әрекет жасаймыз. Әр тарапқа шуағын төге отырып, адамды ізгілік пен қайырымдылық әлеміне шақырып, бауырмашылдықпен өмір сүруге үндейді. Әр жылғы оразасын үзбей ұстап, бір ай тақуалықтың мектебінен өтіп, ғұмырына мән сыйлаған Жаратқанның адал құлдарын ақыретте күтіп тұрған сый қаншалықты ғажап десеңізші!
Жыл сайын Рамазан айын қуанышпен қарсы алып, айналамызға нұр шұғыласын шашқан қасиетті түндердің, құлақ құрышын қандыратын азанның, сәресідегі тәттіліктің, ауызашардағы бақытты, тарауих намазына деген ынтаны көрген балалар да бұл айдың ерекшелігін сезеді. Олар үшін әрбір Рамазан айы ұмытылмас балалықтың бал сезімдерімен есте қалады.
Қасиетті де берекелі, көп күттірген Рамазан айы барлығымызға Алланың хикметтеріне, сауап амалдарға толы болсын. Раббымыз әр жасаған амалымызды бізбен сізден қабыл етіп, жүректерімізге хидаят берсін. Барынша игі істермен көбірек шұғылданып, уақытымызды тиімді пайдалануға тырысайық.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 3 курс студенті, Динара Жумадил