Елімізде 1 наурыз – «Алғыс айту күні» болып 2016 жылдан бастап атап өтілуде. 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде «Алғыс айту күні» деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойған болатын. Осы орайда, Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №68 мемлекеттік мекемесінде тәрбие жұмыстары бөлімнің ұйымдастыруымен шаруашылық қызметіне қалдырылған сотталған азаматтар арасында «Шын жүректен алғыс айтамын» атты мерекелік концерт өтті.
Ең алдымен, ұйымдастырылған кеште мекеме басшысы сөз сөйлеп барша келуші қонақтарға өз алғысын білдірді. Сонымен қатар, көктемнің алғашқы аптасын жарқын көңіл күймен бастап, жылы лебізін жеткізді.
Мерекелік бағдарлама мекеменің мәжіліс залында ұйымдастырылып, шарада Қызылорда облыстық филармониясының өнерпаздары ән шашу тарту етті. Бұл шараның ерекшелігін атап өтер болсақ, көктемнің алғашқы күнінде сотталған азаматтар ата-аналарымен кездесу мүмкіншілігіне ие болды. «Ашық есік» күнінде шаруашылық қызметіне қалдырылған жазасын өтеуші азаматтарға келуші ретінде ата-аналары, жұбайы, ұлы, қызы, немерелері келді. Мекеме басшысының қолдауымен өткен шарада барлық келушілер мен сотталған азаматтар ерекше көңіл күйге бөленіп, мекеме басшысы Қ.Ильясов пен бөлім басшысы Е.Романкуловқа мерекені пайданалана отырып өз алғыстарын білдірді. Сондай мерекелік шараның соңында Қызылорда облыстық филармониясының өнерпаздары «Алаш» триосының орындауында «Алғыс» әнімен аяқталды.
- Бұл шараны күткеніме ұзақ уақыт болды. Осы мекемеде жазамды өтеп жатқаныма шамамен бір жылдан асты. Мұндай мерекелік бағдарламаланың ұйымдастырылғанына қуаныштымын. Бұл шара арқылы мен, өзімнің анам мен жұбайымды көріп сағынышымды басып алдым. Осы шараны ұйымдастырған тәрбие бөлімінің бастығына, және шараның жоғары деңгейде өтуіне қолдау білдірген мекеме басшылығына өз ризашылығымды білдіремін. 1-наурыз «Алғыс айту» күні баршамызға құтты болсын! Барлық мекеме қызметкерлеріне алғысымды білдіремін, – деп сөзін аяқтады жазасын өтеуші.