Түрме, тергеу изоляторы десе бірден қараңғы қапас, темір тор, қатыгез сақшылар, қауіпті қылмыскерлер көз алдымызға елестеп, денеміз түршігетіні рас. Шыны керек, бейбіт өмірде аяғын шалт басып, абақтыға тоғытылғандардың өмірінен бейхабармыз. Дегенмен түрме, тергеу мекемелерінің қызметкерлері тарапынан әртүрлі қиянаттар жасалады екен, ұрып-соғып, кейде қылмыскерлермен бірге сыбайластыққа дейін барады деген сөздерді жиі естиміз. Алайда, соңғы кездері еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесінде біршама өзгерістер орын ала бастағанын айту керек.
Өткен аптада ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесіне (тергеу изоляторы) БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды. Басты мақсат тергеу изоляторының жай-күйі, сотталғандар мен айыпталушыларға келетін заңды өкілдердің мекеме аумағына кіруі, жазасын өтеушілермен кездесуі, сотталған азаматтарға арналған екі күндік кездесу бөлмесіне жолдама алудың жолы және қандай баппен, үкіммен рұқсат берілетіндігі, сондай-ақ шаруашылық қызметіне қалдырылған сотталған азаматтардың жатынорны мен олардың жұмыспен қамтылуын таныстыру.
Төрт қабатты, сырты биік қабырғалармен қоршалған тергеу изоляторына кіргеннен кейін тексерістен өтіп, ішке қарай беттедік. Мұнда да бір-бір үйдің арқасүйері, бір-бір үйдің еркесі, тіпті жалғызы жүр. Бірақ бұл жерде оларды ерке екен, жақсы адам немесе ата-анасының жалғызы деп, ешкім басынан сипай қоймайтыны анық. Бірі кезінде шалықтап жүріп шалыс басса, енді бірі адасып жүріп айыпты болып, өмір өткелінде сүрініп кеткен. Бір-ақ рет! Бітті…
Темір шеңгел. Темір есіктер. Темірдей қатал тәртіп. Тепсе темір үзетін жасында темірмен құрсауланған тағдырлар. Мұндағылар жаурағанда жылытып, жабыққанда жұбата қояр жақындардан жырақ, арқасүйер аға мен ақ сүт берген анадан алыста жүріп, мойнына тағылған айыптың азабын тартады.
Қызметкерлер үшін айыптының ауыр қылмыс жасағанын естуден ауыр нәрсе жоқ. Түрлі жантүршігерлік қылмысты жасағандармен бетпе-бет жұмыс істеудің өзі бір сынақ…
Адам кіріп-шыққан сайын құлыптанатын есіктен кіргенде, көз ілеспес жылдамдықпен есік қайта жабылды. Құжат тексеріліп, қалта қаралды. Бас киіміңе дейін шешіп көрсетуге міндеттісің. Ары қарай жабық есік ішіндегі тіршілік басталып та кетті.
Бір байқағанымыз ғимараттың сыртқы жан-жағында, тергеу изоляторының ішінде, тіпті айыпталушылардың демалатын орындарына дейін бейнекамералар орнатылған. Бұның себебі де бар. Мемлекет басшысы пенитенциарлық мекемелерде және полицияның қызметтік ғимараттарында, құқық қорғау органдарының барлық жедел-тергеу бөлімшелерінде жаппай бейнебақылау камераларын енгізуді тапсырды. Бұл полицияға халық алдында ашық жұмыс істеуге мүмкіндік беріп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.
Осы тұста айта кеткеніміз жөн болар, жақындарына келген адамдар мұнда сәлем-сауқатпен шектелмейді. Олардың кездесуіне де жағдай жасалған. Бұл жерде қысқа мерзімді кездесу 2 сағатты, ұзақ мерзімді кездесу 2 күнді құрайды. Яғни айыпталушының әйелі, не күйеуі және өзге де туыстары екі күн арнайы бөлмеде қона алады. Оның ішінде жатын бөлме, асхана және әжетхана бар. Алайда ұзақ мерзімді кездесуге 6 айда бір-ақ рет рұқсат етіледі.
Бұл мекемеде айыпталушыларға арналған кітапхана бар. Теріс діни ағымды ұстанатын айыпталушыларға арналған теолог кабинеті де, өз – өзін жайсыз сезінетін айыпталушыларға арналған психолог кабинеті бар. Қоғамнан алшақтау – жазасын өтеуші үшін өте ауыр психологиялық стресс. Сондықтан психологтардың көмегенсіз сотталғандарды тәрбиелеу мүмкін емес. Содан да болар қылмыстық атқару саласындағы психолог маманның жұмысы сотталған не айыпталушы азаматтардың қамауға келіп түскен күнінен бастап, жаза мерзімін өтеу кезінен мекемеден босатылып шыққанға дейін жалғасады.
– Мекемедегі дәнекерлеу, санитариялық тазалық жұмыстарымен айналысатын сотталғандарымыз бар. Қазіргі таңда 17 сотталғандар ұсталуда. Олармен күнделікті мекеме бастығының бұйрығымен бекітілген күн тәртібі бар. Күн тәртібіне сәйкес таңғы сағат 6-00- де ұйқыдан тұрудан бастап, таңғы, түскі, кешкі астардың барлығы уақытыменен. Бос уақыттарында тәрбиелік іс-шаралары өткізіледі. Басты мақсат оларды жақсы жаққа қарай бейімдеу,-деді No68 тергеу изоляторының қызметкері Ерлан Романқұлов.
Абай өзінің отыз жетінші қара сөзінде «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», – деп, адамның кез келген уақытта өзін қолына алып, түзеле алатындығын айтады. Демек, қатесін мойындап, айыбын өтемейтін адам жоқ. Сондықтан шалыс басқаны үшін, шарасыздықтан шатасқаны үшін айыбын өтеп, темір тордың ар жағында отырғандардың тура жолға түсіп, түзу өмір сүруіне мүмкіндік беру керек.
Біз байқаған түрмедегі тіршілік осы. Темір тордың ар жағында қаншама тағдырдың, бізге беймәлім өмір мен заңдылықтың бары анық. Еңсеміз еңкіш шықты. Бостандыққа не жетсін…
Мұхаммедшах Каюп