Тазаланған жерге ие болу керек шығар

Ассалаумалейкум, ағайындар.

Өткен аптаның жұма күні қәбірстанда жатқан ағайындарға дұға бағыштайын деп барғанмын, Қазақ қорымының айналасындағы келеңсіздік пен жайсыздықтарды көріп, жағамды ұстадым. Ертеңгі тірі жанның баратын мәңгілік мекенінің айналасындағы жатқан қоқыс, ұшқан пакет, ішімдіктен босаған құтылардың барлығынан аяқ алып жүре алмайсың. Мен тек қана қорым айналасындағы құтылар десем, ары қарай карьер іші үйден шыққан қоқысқа толып тұр. Әрине ол қоқысты өзге жақтан біреу әкелмегені белгілі, ол тұрғындардың өздерінің тастаған қоқысы екеніне көзіміз жетіп отыр ғой. Біз болашақ ұрпаққа не қалдырамыз? Адам аяқ алып жүрмейтін қоқыс, ешкім қажет етпейтін табиғат, қоқысқа толы көл өскелең ұрпаққа қандай салауатты өмір сыйламақ? Осыны ойлап аза ойым қаза тұрды және де бұл қоқыстарды апталап сенбілікке шығып жинайтын мемлекеттік қызметкерлер мен азаматтық қызметкерлерді ( мұғалімдерден басқасы) ойладым. Өзге тастайды, өзге біреу жинайды. Тастап отырғандардың азы жеке адамдар болғанымен, көбі кәсіпкерлердің ісі екені ( мейрамханадан тонналап шыққан шишаларды мотоцикл айдаушыларға 5/10 тиынын беріп осы жаққа апартады) байқалады. Тазалық жиналған жерде емес тазалық сақтаған жерде болады. Ал осы жапа тармағай сенбілік жасап бір жерді жинаған соң ол жиналған жерге кім қарайды қайтадан дәл сол жерлер қоқысқа айналып жатыр емес пе? Сондықтан бұл жерде Әйтеке Би Кенті Әкімдігі тазаланған жерге ие болуы керек шығар? Оны жоғарыдан біреу айтпаса ол жерге жауапты адам да бармайтын шығар? Бақылаушылар тырысып тиянақты жұмыс жасаса қоқыс тастаушыларға шара көрілсе, қоқыс тастаушыларға тиісінше айыппұл салынса ол әрине нәтижесін берген болар еді. Менің ойымша бізді біреу келіп түрткілемесе біз өз еркімізбен тазалыққа шыға қоймаймыз. Келе сала жаңа әкім түрткілеп жатыр, соған ғана керек сияқты болып көрініп, өз жұмысын тазалықтан бастап жатыр. Деседе, жаңадан келген әкімге қосшы керек. Қоқыстың отанын айтып содан арылуға жұмыс жасайтын жауаптылар, қоқыс үйілген жерді жинатуға емес, ұялып жасырумен айналысып жүрген сияқты. Ауруын жасырған өледі деген, ертең осы жиналған қоқыстан эпидемия шығатын болса, біздің тұрғындар төтеп бере алмай қалуы мүмкін. Онсызда біздің Арал мен Байқоңырдан шегіп отырған зардабымыз жеткілікті. Ал оның үстіне мына үйілген қоқыстардың зардабын көрер болсақ бұл аудан тұрғындарына қиынға соғады. Кештік өмірің болса түстік мал жина деген. Мал жинау деген кәдімгі мал жинау емес, ол болашаққа таза табиғат, таза ауа, таза көл қалдыру. Жұрттың бәрі ойлауы мүмкін мешіт салсақ сауап аламыз деп. Ол Пайғамбар дәуірінде мешіттен басқа салатын дым болмаған. Ал, қәзіргі заманда ( кәсіпкерлерге ұсыныс) мектеп, аялдама, қоқыс салатын орындар салсаң да оның да сауабы көптеу болатын шығар. Табиғатқа жақындау ол Жаратқанға да жақындау шығар деп түсінемін. Айт та айттық бердім, біреуге мал шалдым деген меніңше өткен заманнң жаңғырығы іспеттес. Қазіргі заманда Атадан мал қалғанша тал қалсын дегендей, табиғатты көктету мен аялауға күш жұмсаған дұрыс шығар. Алда ораза айы келе жатыр. Оразаға дейін тазалап үлгеруге жұмыс жасалса екен. Себебі Рамазан тазару айы. Сондықтан, аудан тұрғындары осы пәтімізбен, жаңа әкімнің лебімен тазалыққа ұмтылғанымыз жақсы.

Айтпақшы қоса кетейін, өткенде желі пайдаланушы інім Арыстан Нұрланұлы Сисенов , КСК туралы жазғаны үшін, Счастнов көшесі екі қабатты үйлердің тұрғындарымен Қазалы Ауданының Әкімдігі тарапынан кездесу болыпты. Сонда қоқыс салатын жәшікті төңкеріп, өздерің жинап алыңдар, сендерге ешкім жинап бермейді деп кент әкімі КСК басшысымен бірге осындай уәж айтыпты. Бұл жерде кімдікі дұрыс? Тұрғындар өз өтініштері орындалмаған соң, Қазалы Ауданының Әкімдігі яғни аудан әкімінің қабылдауына жазылмасқа болмас деп тарқасыпты. Ет сасыса тұз себеміз, тұз сасыса не себеміз? Жалғыз ағаш орман болмайды, жалғыз аудан әкімінің Қазалы Ауданының тазалығын ұстап тұруға мүмкіндігі жоқ. Оның басқа да жұмыстары жетеді ғой, егін келе жатыр, су тапшылығы бар, жол, абаттандыру жұмыстары дегендей. Сондықтан әкімнің жанындағылар керағар жұмыс жасамауы тиіс шығар деген ойға кеттім. Жалпы адам жан жағын тазалау үшін, бірінші өзінің көкірегі мен мінезі, ішкі ойын тазалауы керек шығар деген ойдамын.

Әлбетте, бұл менің жеке пікірім. Келісу, келіспеу өз еріктеріңізде.

Асылхан Дарибаев

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған