Өткен жылы пилоттық жоба ретінде Қызылорда облысында сайланған екеудің бірі Шиелі ауданы әкімі Нұржан Ахатов. Өзі осы ауданның тумасы болғандықтан да болар, сол сайлауда ауданда тіркелген 50402 сайлаушы тіркеліп, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ә.Ерсұлтановтың сол кездегі хабарламасы бойынша “ауданда сайлаушылардың 75,2%-ы учаскелерге келіп, олардың 86,2%-ы Нұржан Ахатовты қолдаған”.
Ендігі мәселе шиеліліктер сенімімен 5 жылға аудан әкімі болып сайланған Ахатов сол сайлаушылар сенімін қаншалықты ақтай алады деген сұрақ бары рас.
Осы аптаның дүйсенбі күні Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында 2023 жылғы атқарылған, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды БАҚ өкілдеріне баяндап берді.
Шиелі аймағымыздағы кәсіпкерлігі дамыған аудандардың қатарында. Соның дәлелі болса керек, былтыр сауда-саттық, туризм және өнеркәсіп салалары бойынша мемлекеттік бағдарламалар аясында 5 млрд. 264 млн теңгенің 452 жобасына шағын несие және грант қаражатын алып, 920 жұмыс орны ашылды, 52 жоба бітіп, 214 жаңа жұмыс орны құрылды. Жалпы кәсіпкерлік саласында жыл көлемінде 1134 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал биыл тағы 60-қа жуық нысан өз жұмысын бастайды деп жоспарланып отыр.
– Былтыр өнеркәсіп өнімдерін өндіру 75 млрд 200 млн теңгені құрап, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 129,7 пайыз, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 35 млрд теңгенің өнімдері өндіріліп, 171,3 пайызға орындалды. Негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі 47 млрд 912 млн теңгені құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 127,5% артты. Жалпы ұлттық жобалар аясында 2024-2028 жылдары ауданда құны 77 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Олар толық іске қосылғанда 920 адам жұмыспен қамтылады, – деді аудан әкімі.
Былтыр ауыл шаруашылығы саласында 49 млрд 204 млн теңгенің өнімі өндіріліп, тиісті кезеңмен салыстырғанда 106,7 пайыз құраған. Оның ішінде егін шаруашылығында 34 млрд 986 млн теңгенің өнімі өндіріліп, 108,7%, мал шаруашылығында 13 млрд 806 млн теңгенің өнімі өндіріліп, 102 % артқан.
– Өткен жылы барлығы 30 792 гектар жерге егiн, негізгі дақыл күріш 13 176 гектарға егілді. Егін көлемі кейінгі жылдары 3000 гектарға ұлғайса, биыл 1000 гектар жерге жүгері егу жоспарлануда, яғни, «Жалғызағаш» аумағына «Таң ЛТД» ЖШС Қытай компаниясымен бірлесіп, тамшылатып суару арқылы жүгері егуді қолға алып отыр. Әртараптандыру бағытындағы шаруалар да назардан тыс қалмай, 5500 гектар жерге көкөніс-бақша, картоп өнімдері егіліп, 183 мың тонна өнім алынды. Әсіресе, аймақ басшысының арнайы тапсырмасымен жергілікті тұрғындарды өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, оның ішінде көкөніс-бақша өнімдерімен қамтамасыз етуді ұйымдастыру үшін көктем айларында 1520 гектар жер дайын күйінде үлестіріліп, тұрғындар өз еңбегімен мол өнімге қол жеткізді. Биыл да тұрғындарға көкөніс-бақша дақылдарын егуге 1700 гектар жер дайындалмақ, деп атап өтті Нұржан Ахатов.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында жыл қорытындысымен жобалық құны 548 млн 135 мың теңгені құрайтын 75 жоба мемлекет тарапынан қолдау тапқан. Соның ішінде «Бәйтерек» ауылдық округінде қыза[1]нақ пастасын өндіру цехы ашылып, ауыл азаматтарын жұмыспен қамти отырып, қайта өңдеуді қолға ала бастаған.
– Ауыл шаруашылығы құрылымдары 2021-2023 жылдары 59 жаңа техника алып, жалпы құны 3 млрд 451 млн теңге инвестиция тартылған. Соның нәтижесінде ауданның техника паркі отандық және шетелдік техникалармен 63 пайыз жаңарды. Азық-түлік бағасын тұрақтандыруды қамтамасыз ету үшін өнім сақтайтын кемінде екі қойма салу көзделуде. Қазірдің өзінде Шиелі кентінде жобалық құны 170 млн теңге болатын сыйымдылығы 700 тонна көкөніс сақтау қоймасының құрылысы басталып, мұздатқыштарды орнату жұмыстары жүргізілді,-деді аудан басшысы.
Жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында өткен жылы бірқатар жоба іске асырылған. Атап айтқанда, Шиелі кенті мен ауылдық елді мекендердегі 28 көшені орташа жөндеуге «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 565 млн теңге бөлініп, жұмыстар толық аяқталған. Жоба құны 1 млрд 555 млн теңгені құрайтын, аудан орталығының күре жолдары саналатын 9 көшенің 12,1 шақырымына күрделі жөндеу жүргізілуде, жұмыс биыл аяқталады. Сондай-ақ ауызсу, аяқсу, елді мекендерді газдандыру, тұрғын үймен қамту, құрылыс, білім, денсаулық, мәдениет салалары бойынша да ауқымды жұмыстар бар.