Салтанатты жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құрылысшыларды кәсіби мерекесімен құттықтады.
– «Құрылысшылар – сәулет өнерінің шеберлері ғана емес, адал еңбектің иелері. Сары аяз қыста да, шіліңгір шілденің аптап ыстығы мен боз жауынды қоңыр күзге қарамастан құрыш білектің қуатын ғимарат салуға арнайтын қадірлі мамандық иесі. Сондықтан әрбір шебер қолды құрылысшының туған өлкеміздің дамуында қолтаңбасы бар. Бүгінде өңірде құрылыс индустриясы қарқын алып келеді. Заманауи ғимараттар салынып, жаңа ықшам аудандарда көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеріп, аймақ ажарына әр қосты. Миллиардтаған теңгенің ірі жобалары да құрыш қолды құрылысшылардың табандылығының арқасында жүзеге асуда. Биыл Сыр елі құрылыс жұмыстарының көлем көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы қатарда», – деді аймақ басшысы.
Мерекелік іс-шарада облыс әкімі Тәуелсіздік жылдары облысымыздың өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне ерекше атсалысқан азаматтарға, майталман мамандарға түрлі марапат табыстады. Атап айтқанда, “Қызылорда облысының Құрметті азаматы” атағымен мемлекет және қоғам қайраткері, “Құрмет” орденінің иегері Қожахмет Баймаханов марапатталды.
Сонымен қатар сала мамандарына “Құрметті құрылысшы”,” Құрметті жолшы” төсбелгілері, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрмет грамотасы, Қызылорда облысының Құрмет грамотасы мен облыс әкімінің Алғыс хаты берілді.