Кешегі қасиетті Құрбан айт мерекесінде аудан орталығы – Әйтеке би кентінің шығыс беткейінде асарлатып салынған “Халық” атындағы жаңа мешіттің салтанатты ашылуы өтті.
Көпшілік бас қосқан шараға арнайы барған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ізгілікке, мейірбандылыққа шақыратын мешіт қызметінің маңызы зор екендігіне тоқталып, аудан әкімінің “Құттықтауы” мен арнайы сыйлығын табыстады.
Жүрегі ізгілікке толы жандардың аманатымен, бастамасымен қолға алынған «Халық» атындағы мешіттің бой көтеруіне қарапайым халықтың жасаған еңбегі орасан.
Аталған шарада сөз алған Қызылорда облысының бас имамы Абуов Болатбек қажы асыл дініміздің құндылықтарын дәріптейтін мешіт үйінің жамағатпен көрікті болатынын айтып, жастар үшін ата-ананы сыйлап, құрмет тұтуға үндейтін ілім алуына мүмкіндік жасалғанына қуанышты екендігін жеткізді. “Халық” атындағы жаңа мешіттің бас имамы болып бұған дейін “Әли-Муса” мешітінің бас имамы қызметін атқарып келген Бақытжан Қаниев тағайындалды.
Басқосуда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов та тұрғындарды жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, жүрек жарды лебізін айтты. Сонымен қатар ҚР ішкі істер министрлігінің Құрметті ардагері, Журналистер одағының мүшесі Беганыш Жақсыбай мен игілікті істің басында жүрген жандардың атынан бір топ азаматтар ыстық ықыластарымен бөлісті. Мұнан соң жаңа мешіт лентасы қиылып, құран оқылып, қонақтар ғимаратпен танысты.
Әйтеке би кентінен бой көтеріп, заманауи үлгіде салынған «Халық» атындағы мешітте 700 адамдық қатымхана, неке қию залы, сүндеттеу бөлмелері және 350 адамға арналған асхана жұмыс жасайды.
Мешіттің ашылуына орай ұлттық спорт түрінен сайыстар және құран жаттау жарысы өткізілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы сыйлықтармен марапатталды.