Мектепті 20 жыл бұрын бітірген түлектер жақсы істің басы-қасынан табылды. 2003 жылы Ү.Түктібаев ауылының Б.Әбдіразақов атындағы №88 орта мектептен түлеп ұшқан түлектер ауылында бас қосты. Олар туған жерге тағзым етіп, ауылға балалар ойын алаңын тарту етті.
Ойын алаңының ашылуына арнайы барған аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев көпке үлгі боларлықтай игі іс жасаған түлектерге алғысын білдірді.
– Ауыл жұрты қашанда өз елінің жанашыр азаматтарымен мақтанады. Сіздердің жасаған жақсылықтарыңызды көрсетіп, келешектің тұтқасын ұстар жастарға үлгі етеді. Түлектердің тартуы елге жасалған қамқорлық пен жанашырлықтың жарқын көрінісі деп есептеймін. Ауыл балаларының жақсы демалыс өткізуіне қолайлы жағдай жасап жатқан түлектердің бұл ісі көпке үлгі-өнеге. Алтын ұя мектептеріңізден түлеп ұшқандарыңызға 20 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Мұнан соң Жалғас Оңғарұлы аталған жердің гүлденуіне лайықты үлес қосқан бірқатар азаматтарға аудан әкімінің “Алғыс хатын” табыстады.
Артынша алаңның лента қию рәсімі өтіп, бүлдіршіндер заманауи құрылғылармен қамтамасыз етілген алаңда асыр салып, қуанышқа кенелді.