Осы орайда ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың айтқан сөзі еске оралып отыр: «Сын сағаттарда Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев шұғыл да жігерлі шешімдер қабылдап, елді осындай ауыр соққыдан алып шықты. Жағдай тез арада тұрақталды. Уақыт өте келе бұл елдік пен тұтастықты сақтап қалу үшін жасалған бірден-бір дұрыс қадам екенін біз енді түсініп келе жатырмыз.
Заңдық тұрғыдан барлығы мінсіз болуы қажет. Асығыстық танытуға болмайды. Себебі, таразы басында тұрған ол – біздің азаматтардың тағдыры. Президенттің кінәсіз адам жазаға тартылмауға тиіс, ал кінәлі қызметкерлер қатаң жазаға тартылуы тиіс деген тапсырмасы бар, осы тапсырма мүлтіксіз орындалуы керек. Қазақ қоғамын дүр сілкіндірген қаңтар оқиғасы адами құндылықтарды қайта қарауға, сананы өзгертуге мәжбүр етті. Елді тітіреткен осы бір оқиға бүкіл халыққа сабақ болса игі!”
Ал Мемлекет басшысы содырлардың әрекеті бір орталықтан үйлестірілгені туралы айтты: «Алматыда және Қазақстанның басқа қалаларында нағыз шайқастар болды. Алматыда шайқас түнгі сағат 2-ге дейін жалғасты. Алматы мен 9 облыс қарақшылар қолына өтті. Бұл мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті. Агрессивті шабуыл бір мезгілде 11 облыста болды, бірақ негізгі соққы Алматыға бағытталды. Бұл – ең маңызды көлік-коммуникациялық тораптар шоғырланған елдің ең ірі қаласы және қаржы орталығы. Бұл қаланың құлауы бүкіл халық тығыз орналасқан оңтүстікті, содан кейін бүкіл елді басып алуға мүмкіндік ашады».
Ол лаңкестердің қалай әрекет еткенін де тілге тиек етті: «Лаңкестер өздерінің байланыс құралдарын пайдаланған, олар құқық қорғау органдарының киімін киген. Олар митингіге шығушы халықтың атын жамылған. Содырлар ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің келгенін біліп, Қазақстан президентінің резиденциясын басып алу жоспарынан бас тартты. ҰҚШҰ-ның дағдарыстық жағдайларға ден қою тиімділігін арттыруды ұсынамын. Қазақстанда бейбіт шерушілерге күш қолданды деген айыптаулар – жалған ақпарат. Алматыға гиеналардың үлкен тобыры ағылды, бұл Алматы трагедиясы ретінде тарихта қалады”.
Мемлекет басшысы әскери бөлімдерге шабуыл жасау кезінде профессионалды мергендер әрекет еткенін жеткізді: «Әскери бөлімдерге шабуыл жасау кезінде қарақшылар армия бақылау бекеттері, қару-жарақ пен әскери техниканы иемденуге әрекеттенді. Алматыда, басқа қалаларда нағыз шайқастар жүріп жатты. Мәселен, Алматыдағы Ішкі істер департаменті ғимаратының төңірегіндегі ұрыс екі түнге созылды. Полиция лаңкестік әрекеттермен күресті. Бір ғана Алматының өзінде 7 қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасалды. Бұл жақсы дайындалған мамандардың, соның ішінде арнайы мылтықтары бар мергендердің шабуылдары болды. Лаңкестер әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының киімін киіп, жеке байланыс құралдарын пайдаланған. Олар қарапайым халықтың атын жамылған. Қазақстанда жыл басынан бергі оқиғалар жойқын жоспармен бір тізбектің дәнекеріне айналды, олар ұзақ уақыт дайындалды. Деструктивті күштер Қазақстандағы жағдайды бұзуға бірнеше рет әрекет жасады, бұл әрекеттердің жолы кесілді».
Қазақстанда 2022 жылдың қаңтарында орын алған оқиғалардың шынайы мәні түжырымдамалық түрде 2019 жылдың шілдесінде алғаш рет белгілі болған, ол бұрын жоспарланған «Шапырашты» операциясына сәйкес келеді. Осындай тосын ой «Нурсултанский соловей» анонимді Telegram арнасынан айтылды. Арнаның мәліметтері бойынша бұл операция қиын жағдай туындаған жағдайда Нұрсұлтан Назарбаев, ҰҚК жоғары басшылығы, Шапырашты руының өкілдері және Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің жекелеген мүшелерінің рұқсатымен қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты биліктен тайдыруды көздеген. Бұл деректің қаншалықты шындыққа жанасатынын уақыт көрсетер.
«Шапырашты» операциясының қиын жағдай деп атағандары: Бірінші, Президенттің белгілі бір саяси әрекеттері; Екінші. Елбасының күтпеген жерден мезгілсіз қайтыс болуы; Олардың ойынша, егер Н.Назарбаев бұл өмірмен қоштасса, «Шапырашты» операциясы дереу басталуы керек еді. Олар елбасы өлімінің фактісі мұқият құпия сақталатынына да аса қатты маңыз берді. Қ.Тоқевтың ізбасар болуына қарсылық ретінде 2019 жылы құрамында ҰҚК басшысы Кәрім Мәсімов, ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Самат Әбіш, Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, сондай-ақ, Елбасының жақын туыстары – Болат Назарбаев, Ахметжан Есімов, Қайрат Сатыбалды және Дариға Назарбаева бар қастандық жасаушылар тобы құрылды. Қазіргі уақытта БАӘ-ді уақытша тұрғылықты жер ретінде таңдаған Қазақстанның саяси және іскерлік элитасының қоршауындағы дереккөздердің айтуынша, бастапқыда Маңғыстау облысындағы сұйытылған газ бағасының көтерілуіне қарсы наразылық акциясы «Шапырашты» операциясын бастау үшін себеп ретінде қарастырылмаған.
«Бірақ операцияның басталуына дәл осы уақытта Елбасының денсаулығының кенеттен нашарлап, ауыр халге түсуі, оның инфарктқа ұшырауы себеп болды. Дәл сол кезде, қаңтардың алғашқы күндерінде Елбасының жеке емдеуші дәрігерінің ақпаратына қанағаттанбаған қастандық жасаушылардың бір бөлігі мемлекеттік билікті күшпен басып алу мен мемлекеттік төңкеріс жасауды жасыру үшін еліміздің бірқатар өңірлерін шарпыған стихиялық митингілерді пайдаланып, операцияны бастауға шешім қабылдайды. Соңғы шешімді 3 қаңтар күні кешке Алматыда Самат Әбіш, Қайрат Сатыбалды және Болат Назарбаев қабылдады. Кәрім Мәсімовке операцияның басталғаны туралы жабық байланыс арнасы арқылы хабарланды. Көшедегі қастандық жасаушылардың негізгі қозғаушы күші Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарындағы сауда орындарының қызметкерлері және Самат Әбіш пен Қайрат Сатыбалдының қолдауымен Қазақстанның оңтүстігінде жасақталған қарулы салафиттік жамағат болды» делінген хабарламада.
Сонымен қатар, БАӘ-де орналасқан дереккөздердің мәлімдеуінше, қалған қастандық жасаушылар тобы «Шапырашты» операциясының басталғаны туралы кем дегенде бір немесе екі күннен кейін білген. «Алайда, бұл ақпарат сенімді оятпайды. Саяси режимді күшпен өзгертуді қалайтын қастандық жасаушылардың бастапқы шеңберін тарылту әрекетіне көбірек ұқсайды немесе қазір Назарбаевтар отбасында болып жатқан жанжалға байланысты болуы мүмкін. Сондай- ақ дереккөздердің түсінбеушілігі оқиғалардың одан әрі дамуымен де байланысты. Бұл қастандық жасаушылардың арасында ресми билікке операцияны бұзуға көмектескен біреудің болғанын анық көрсетеді. Бұл кезде Елбасының денсаулығы елге үндеу айта алатындай мұрша беріп, барлығы сәтсіздікті 18 қаңтарда ғана мойындады. «Шапырашты» операциясының сәтсіздігі нәтижесінде Шапырашты руының барлық дерлік өкілдері Қазақстанның саяси және экономикалық басқаруының негізгі тұтқаларынан шеттетілгеніне қарамастан, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа оның бағытын қайта қарау әрекеті үшін тәуекелі жоғары құбылыс болып қалуда» делінген арна авторларының түйіндемесінде.
(Жалғасы бар)