Қала әкімі Асылбек Шаменов шаһарға қарасты кент және ауылдық округтерді аралап, қазіргі таңда атқарылып жатқан және алдағы уақытта жасалуы тиіс жұмыстармен танысты. Сондай-ақ, әр елдімекеннің тұрғындарымен кездесіп, көкейтесті мәселелерін тыңдады. Қазақ халқында «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөз бар. Мемлекет басшысының әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы Жарлығы осыған саяды. Бүгінде әкімдер тұрғындардың әрбір уәжіне құлақ түріп, жергілікті жердегі мәселеге тереңнен үңілуге кірісіп кетті. Мәселен Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шаменов өткен аптада қалаға қарасты кент пен ауылдық округ тұрғындарымен кездесіп, талап-тілектерін тыңдады.
Алғашқы кездесу Тасбөгет кентінен басталды. «Карамель» сауда үйінің алдында шаһар басшысымен кездесуге келген халық көп болды. Алдымен Асылбек Шаменов Тасбөгет кентінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы қысқаша баяндап өтті.
– Құрметті тұрғындар, ел Президентінің өткен жылғы Жарлығына сәйкес, тоқсан сайын тұрғындармен кездесіп, мәселелерін тыңдаудамыз. Алдымен кентте атқарылып жатқан жұмыстар туралы сіздерге айта кетсем. 32 мың халқы бар кентте 80,6 шақырымды құрайтын 52 көше бар. Оның 35 көшесіне асфальт, 17 көшесіне қиыршық тас төселген, 5 көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынған. Биылғы жылы 41 көшені жөндеуге 833,7 млн. теңге қаралып жұмыстар атқарылуда. Соңғы жылдары Тасбөгет кентінде апатты тұрғын үйлер мәселесін шешу қолға алынуда. Жалғыз баспанасы апатты деп танылған кенттің 140-тан астам тұрғыны қала аумағынан салынған жаңа үйлерден пәтер кілттерін алды. Биылғы жылы инвесторлар есебінен 4 млрд. теңгеден астам қаржыға кент орталығынан 5 қабатты 388 пәтерлі 4 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.
Мәселелеріңіз болса айтыңыздар. Қолдан келгенше көмектесеміз,-деді шаһар басшысы.
Кездесуде кент әкімі Семсер Сыздықов ілкімді істерді тізбектеп берді. Атап өтсек, апатты тұрғын үйлер мәселесін шешу жүйелі түрде жүргізілуі нәтижесінде жалғыз баспанасы апатты деп танылған кенттің 140-тан астам тұрғыны қала аумағынан салынған жаңа үйлерден пәтер кілттерін алды.
2022 жылы облыстық бюджеттен қаралған 680 млн теңгеге 59,6 шақырым электр желісі жүргізіліп, жаңадан 15 қосалқы станция қойылса, «Сабалақ» саяжайына газ желісін тартуға «AS and Limited» ЖШС демеушілігімен 100 млн теңгеге жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.
2021-2022 жылдары Сабалақ, Еңбек саяжайларын ауыз сумен қамтуға бюджеттен 1,4 млрд теңге, демеушілік есебінен 50 млн. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілді. Жобаға енбей қалған аумақтарға демеушілер қосымша 187 млн теңге бөліп, құрылыс жұмыстары аяқталды.
Қазірде кент орталығынан спорт кешенінің құрылысы жүруде. Оған қоса, бірнеше әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Мұнан өзге, халықтың қолайлы ортада өмір сүруі үшін қажетті жағдайлар жасалуда. Тұрғындар елде атқарылып жатқан жұмыстарға қанық. Өткен жылы айтылған ұсыныстар қанағаттандырылып, биыл ауқымды жобалар сәтті жүзеге асуда.
Алғашқы сұрақ берген кент тұрғыны емхана мәселесін қозғады.
– Тасбөгет кентіндегі емхананың жағдайын білесіз. Бізге жаңадан салынған заман талабына сай емхана қашан салып бересіздер?
– Кенттегі №4 қалалық емханада 40 мыңнан астам тұрғынға 50 дәрігер қызмет көрсетіп келеді. Ағымдағы жылы заман талабына сай 350 келушіге арналған жаңа емхана құрылысын жүргізу үшін түрік инвесторларымен келіссөздер жүргізілуде,- деді қала әкімі.
– Мен жалғызбасты анамын. Күйеуім қайтыс болған. Пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Қызымды жақында Түркияға жібердім, ақша тап деп. Үйімде ішерге тамағымыз жоқ. Кіші қызым ауырып қала береді. Тапқан ақшамыз ештеңеге жетпейді. Маған баспана мәселесін шешіп берсеңіздер…
– Сіздің мәселеңіз туралы кент әкімінен нақтылап сұрастырып алайын. Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Рысбек Абзалға сіздің мәселеңіз туралы тапсырма беремін.
– Тасбөгет кентінің орталығындағы бейнекамера жұмыс істей ме өзі? Кешкісін жұмыстан шыққанда ғимараттың алды таза болып, ертесі азанда қайта келсек, қоқыстар шашылып жатады. Мұны жасап жүрген адамдарға неге шара қолданбайсыздар?,-деп шүйлікті тағы бір кент тұрғыны.
Бұл мәселе бойынша кент әкімі бейнекамералардың толық жұмыс істейтінің және алдағы уақытта мұндай оқиға қайталанбайтынын айтты.
Мұнан бөлек, қала әкіміне көшедегі тазалық мәселесі, апаттық жағдайдағы үй секілді мәселелер айтылды. Қала әкімі тиісті сала басшыларына тапсырма беріп, тұрғындардың сұрақтары назарсыз қалмайтынын жеткізді.
Кездесу соңында шаһар басшысы кент әкіміне барлық мәселені назарға алуға тапсырма берді.
– Кент әкімі деген таңғы алтыдан бастап кентті жаяу аралап, тұрғындардың жағдайын білу керек. Істемей тұрған, не қирап қалған дүниелерді көзімен көру керек. Кабинетте отырып жұмыс бітпейді. Тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, шешуге тырысу керек,-деді Асылбек Шаменов Тасбөгет кентінің әкіміне.