Қылмыстық ортада «Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиев пен оның сыбайластарының Алматыдағы қаңтар қырғынын ұйымдастырудағы орнын айтпай кете алмайсың. Атап айтқанда, 6 қаңтарда оның қылмыстық тобына қатысушылардың біріне және Алматы қаласында «Қазақстан» қонақ үйіне келгендерге «Glock» және «Макаров» маркалы тапаншалар таратылды. Осы уақытта қаруланған топтар ұйымдастырушы мен оның қарамағындағы адамдардан тиісті нұсқаулар алды.
Қылмыскерлер он адамнан тұратын топтарға бөлініп әрбір топтың, әрбір адамның рөлін айқындап алған. Өз ішінен басшылар сайлаған. Оларға бронды кеудеше мен басты қорғайтын құралдар, сондай-ақ атыс қаруы мен 200 мың теңгеден ақша таратылған. Қатардағы серіктестер суық қару мен денеге зиян келтіруге арналған басқа да заттармен қамтамасыз етілген. Ерекше белгі ретінде барлық қатысушының сырт киімінің жеңіне ақ мата таққан. Аталған қарулы топтар қаланың әртүрлі нүктелерінен 24 азаматты ұрлап, оларды ұрып-соғып, «Ритс-Карлтон» және «Қазақстан» қонақ үйлерінің паркингтерінде ұстаған. Артынан жәбірленушілер қаланың шетіне шығарылып, темір контейнерге қамалды. Ол жерге күзет қойылған.
Адвокат Абзал Құспан бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында қылмыс әлемінің серкесі саналған Арман Жұмагелдиевті бүлікті ұйымдастырушылар Түркиядан Алматыға арнайы ұшақпен алдыртқанын айтуы төгін емес: «Ол өздігінен ұшып келе алмайды. Билік органдарының арнайы ұшағымен алдырылды деген әңгіме бар. Әйтпесе, әдеттегі ұшаққа билет алып, Алматыға ұшып келе алмайды. Өйткені ол іздеуде ғой. Шекара бекеттерінде оған «қызыл жалауша» тұрды. Ол құжатын көрсеткен бойда қамауға алынуы керек. Оның Түркияда тұрғанын бәріміз білеміз. Қаңтар оқиғасы кезінде ел ортасында жүрді. Қолына қару ұстаған. Айналасында да сондай адамдар жүрді. «Дикий Арманның» жігіттері тек Алматыда болған жоқ. Барлық өңірде жүрді. Негізі міндеті арандату болды».
Абзал Құспан қаңтар оқиғасын ұйымдастыруға Назарбаевтар отбасы мүшелерінің қатысы бар екенін де айтты: «Отбасы мүшелері, оның ішінде қамауда жатқан Қайрат Сатыбалды – ең негізгі тұлға. «Центровой фигура» дейді ғой. Оның командасы мықты екенін білеміз. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері бар. «Дикий Арман» бар. Оның ҰҚК-мен байланысы барын қаңтар оқиғасына дейін айтқанбыз. Қолдан жасалған «батыр» еді ғой. Осы армия дайын болды».
Арман Жұмагелдиев пен оның жақтастары Алматыда болған бүлік кезінде бейбіт тұрғындарды аяусыз ұрған. Олардың бірі қайтыс болды. Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Ризабек Ожаров адам өлтіру, ұрлық, тонау және қарақшылық жасағаны үшін бұрын сотты болған 21 тұлға ұсталғанын, олардың арасында «Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевтің де барын мәлім етті.
Арман мен оның жақтастары 12-ші қалалық ауруханада полиция қызметкерін соққыға жығып, қызметтік қаруын тартып алған. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Арман Жұмагелдиев босатылған немесе оны белгісіз бағытта алып кеткен деген түрлі болжамдар мен жалған ақпараттар таратылған да кез болды. Бірақ шын мәнінде олай емес еді. Егер басында полициямен бұл азамат заңсыз қару сақтағаны үшін ұсталған болса, қазір оған қатысты жаппай тәртіпсіздіктер бойынша іс тергеліп жатқаны ресми түрде хабарланды.
Қаңтар трагедиясы кезінде Алматыдағы орталық алаңға шыққан Арман Жұмагелдиев көп алдында балағат сөздер айтып, көзге түскен еді. Кейін, құқық қорғау органдары оны қолға түсірген. Бірнеше адам оған авдокат болуға дайын екенін айтып, Арман Жұмагелдиевтің ісін қорғауға кіріскен. Оның адвокаты Талғат Есімов Арман Жұмагелдиев ешқандай уақытша қамау изоляторында жоқ екенін айтып, дабыл қаққан болатын. Кейін адвокаты оның табылғанын мәлімдеді.
Бас прокуратураның 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжановтың айтуынша, сол кездегі жаппай тәртіпсіздіктерге 12 ұйымдасқан қылмыстық топ қатысқан. Олардың ішіндегі ең белсенділері – «Дикий Арман», «Қазақстандықтар» және «Айшуақ-Жантүгел” топтары. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың 23 мүшесі және 4 авторитеті бар. Қылмыстарды ұйымдастырып, оған қатысқандарды анықтау және жауапқа тарту үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Тәртіпсіздікті ұйымдастыру және қатысу бойынша 547 адам күдікті ретінде танылып, 269-ы қамауға алынған.
Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 4 мамырда аппеляциялық сот отырысы өткен. «Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қамауға алу санкциясын күшінде қалдырды, адвокаттардың жеке шағымдары қанағаттандырылмады. Бұған дейін тергеу соты іс-әрекетті саралау туралы шешім қабылданғанға дейін 30 тәулікке қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға санкция берген болатын» делінген соттың хабарламасында.
ҚР Бас прокуратурасы Алматы қаласы мәслихатының депутаты Қайрат Құдайберген қаңтар оқиғасының ісі бойынша ұсталғанын растады. Қайрат Құдайберген «Дикий Арманмен» бірге адам жинауды ұйымдастырған. Кейін ол бір айға қамауға алынды. Ведомствоның мәліметінше, Қайрат Құдайбергенді 21 сәуірде ведомствоаралық жедел-тергеу тобы арнайы прокурорлардың басшылығымен жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға және оған қатысуға күдікті ретінде ұстаған. Ол Алматы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қайрат Құдайберген Арман Жұмагелдиевпен бірге «Қазақстан» қонақ үйінде адамдарды жинаған. Оларды А.Жұмагелдиевтің айналасына бірігуге, оны қолдауға шақырды, сондай-ақ адамдарды 10 адамнан тұратын ұяшықтар бойынша бөлді және олардың топтарының ерекшеліктерінің белгісі ретінде қолдарына ақ таңғыштарды таңуға нұсқау берді.
Содан кейін Қайрат Құдайберген мен Арман Жұмагелдиев жинаған топ алаңға шығып, төңірегіндегі митингілерді біріктіруге, алаңда жедел штаб ұйымдастыруға тырысты. Прокуратура «Қайрат Құдайберген мен Арман Жұмагелдиев ұйымдастырған заңға қарсы акция түрлі ауырлықтағы зорлық-зомбылық пен дене жарақаттарын келтірген жаппай төбелеске ұласты» деп атап өтті. Сот мәслихат депутаты Қайрат Құдайбергенді қамауда ұстау туралы бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдырды.
Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметінің басшысы Серік Шалабаев қаңтар оқиғасы кезінде топ тәртіпсіздіктерге белсене қатысқанын, Арман Жұмагелдиев немесе «Дикий Арманның» рөлі ерекше болғанын айтты. Алматыда Арман Жұмагелдиевтің қылмыстық тобынан зардап шеккен жәбірленушілер мен куәгерлер табылды. Сонымен бірге, аталған қылмыстық топ Алматы көшелерінде жүрген азаматтарды ұстап алып, күш көрсетіп, оларды «Қазақстан» қонақ үйінің ғимаратында орналасқан «BallRoom» мейрамханасының залында және «Esentai Tower» бизнес орталығының автотұрағында ұстағандығы белгілі болды.
Ұсталған азаматтардың бірі қайтыс болған. Қаңтар оқиғасы кезінде А.Жұмагелдиевтің қылмыстық өкілдерінің «штаб-пәтері» «Қазақстан» қонақ үйінде болғаны бұрын белгілі болғанымен, оның «Esentai Tower» бизнес орталығын қылмысты басқару орны ретінде пайдаланғаны кейін ғана анықталды. Алматыдағы «Қазақстан» қонақ үйі пантюркизмді ұстанатын этникалық түріктер – ағайынды Зиятдин мен Усеин Касановтар отбасына тиесілі. Олар Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның айналасындағылармен және түрік қылмыскерінің өкілдерімен тығыз байланыста, көпшіліктің айтуынша көшбасшысы Седат Пекер болып табылады.
Седат Пекер – көптеген елдерде тыйым салынған және экстремистік деп танылған әскерилендірілген «Боз гурд» «Сұр қасқырлар» жастар ұйымының бас демеушісі. Хизбут-Тахрир, Таблиғи Жамаат, АУМ Шинрикё, Әл-Нусра майданы сияқты бұл ұйымның қызметіне Қазақстанда да тыйым салынған. Пантуркизм мен «Сұр бөрілер» ұйымының байырғы өкілі -Түркияда көптен бері жасырынып жүрген дәл осы «Дикий Арман».
Қылмыстық әлем иерархиясында Седат Пекер әзірбайжандық ұры Надир Салифовтың (Лота Гули) қамқоршысы болыл саналды. Оның қол астында А.Жұмагелдиев болды. Н.Салифов 2020 жылдың тамызында Түркияда өлтірілді және бұрын Захари Калашов (Шакро Молодой) кланынан шыққан ұрыны ұрып соққаны үшін сөзсіз А.Жұмагелдиевті де ТМД елдерінде өлім күтіп тұрды. Сондықтан ол Түркияда қалып, Седат Пекердің қамқорлығына барды. Қаңтар оқиғасы кезінде Түркиядан келген А.Жұмагелдиевтің «Қазақстан» қонақ үйіне неліктен қоныстанғаны осымен түсіндіріледі.
Седат Пекердің өзі түрік барлау қызметтерімен тығыз байланысты, бұл оның түріктің сот төрелігіне де, қылмыстық әлемдегі бәсекелестеріне де осал еместігін білдіреді. Атап айтқанда, ол – Түркия президенті Ердоғанның ұлы Біләл Ердоғанмен дос. Ал Біләлдің Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, қазақ уаһабилері мен сәлафиттерінің жетекшісі Қайрат Сатыбалдымен байланысы бар. Біләл Ердоған тіпті Сарыағашта өткен Қайраттың марқұм әкесі, Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Сатыбалды Әбішұлы атындағы ислам орталығының салтанатты ашылуына құрметті қонақ ретінде қатысқан.
А.Жұмагелдиев Қ.Сатыбалды мен С.Пекерді байланыстырушы болды деп болжауға болады, әсіресе Қайрат ҰҚК-де жұмыс істеп жүргенде Арманның Қазақстанда заңға қарсы еш проблемаларының болмауына көп жылдар бойы кепіл болып отырған. «Дикий Арманның» ісіне қатысты мына бір жайтты да айта кеткеннің артықтығы болмас. Қаңтар қырғынынан кейін қоғам белсендісі Нұрлыбай Қошаманұлы өзінің Фейсбуктегі парақшасында Арман туралы ашына жазған болатын.
Оқырмандарымызға оның толық мәтінін келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз: «Осы әлемжеліде Арман Жұмагелдиевті сынағаным үшін ол маған құқай көрсете: «Нұрлыбай Қошаманұлы, түрмеге түсіп, сонда өзің шірі, жексұрын!» деп жауап қайтарыпты.
Арман кім? Өткенге үңілейік. Әлі есімізде, 2005 жылдың 2 мамырында Шымкентте «Әділетті Қазақстан» қозғалысының облыстық конференциясына қатысушыларға тағы да шабуыл ұйымдастырылып, біріккен оппозиция өкілдерінің өміріне қастандық жасалды. Олардың ішінде Ж.Тұяқбай, А.Сәрсенбаев, Б.Әбілев және т.б. болды. Қозғалыстың облыстық конференциясы алдын ала жалдаған «Турист» мейманханасының екінші қабатындағы мәжілісханасында өтуі тиіс болатын.
Бірақ жиналыс басталмастан бұрын Арман Жұмагелдиев бастаған ондаған басбұзарлар балағат сөздермен ұрандатып ғимаратқа баса-көктеп кіріп келді. Қозғалыс күзетіндегі азаматтарды күшпен ысырған олар қонақ үйдің екінші қабатына қарай лап қойды. Қалайда іштегілерге үрей туғызу мақсатымен қонақ үй холлының терезе-әйнектерін быт-шытын шығарып сындырып, қолдарындағы мегафонмен айқайлап, боқтық сөздермен жиналғандарды балағаттай бастайды. Кірген бойда елірген топ партия жетекшілері отырған столға қарай ұмтылады. Көзді ашып жұмғанша залдың астан-кестеңін шығарады.
Уақыт өткен сайын есірген бұзақылар залда отырған Ұлы Отан соғысының ардагерлерін, басқа да әйел адамдарды жазым етуі мүмкіндігін ескерген партия жетекшілері қасындағы бірнеше адаммен іргедегі жапсарлас бөлмеге қарай өтеді. Сол кезде осы Арманның бұзақылары (20 шақты жігіт) олардың соңынан ұмтылып, «Қане, сендердің ортақ кандидатың. Біз Нұрсұлтан Назарбаев үшін кімді болса да құртуға барамыз.
Төңкеріс керек болса қазір оны да жасаймыз!» деп айқайлайды. Енді біразы тұра қалып «Менің Қазақстанымды» шырқай бастайды. Жалған патриотизмнің жабайы көрінісі мұншалықты жиіркенішті болар ма еді?!
Жағдай ушыға бастайды. Өмірлеріне қауіп төнгенін сезінген қозғалыстың белсенділері жан дәрмен өздері соққы алып жатса да сотқарлардың жолын бөгеп, оларды екінші қабаттан түсіріп, көшеге қашып шығуларына жағдай жасайды. Жармаханды күзеткен бір адам тепкіге түсіп, басынан жарақаттанып, ауыр жағдайда ауруханаға түсті. Қастандық жасаушылар іштегі адамдарды сабап, әйнектерді сындырып жатқанда мейманхананы қоршап тұрған полиция жасақтары мен офицерлері бұзақыларды тоқтатуға әрекет те жасамады. Кейін осының бәрін Арман Жұмагелдиевтің ұйымдастырғаны анықталды.
Тіптен, оппозиция жетекшілерінің екінші қабаттан жан дәрмен сытылып шыққанын көрген полиция олардың жолын бөгеп, кетіп қалуына кедергі жасап бақты. Полицияның өзі осылай ыңғай беріп тұрғасын сыртқа қуа шыққан бұзақылар партия белсенділері мінген көлікке тас лақтырып, оның әйнегін сындырады. Тас әйнекті сындырып өтіп, Ж.Тұяқбайдың басына тиеді.
Улап-шулап жүрген бұзақылар сыртта да қозғалыс белсенділерінің жағасына жармасып, кейбіреуін сүйрелеп жүріп сабады. Осының барлығын көріп тұрып полиция тоқтатуға араласпады. Қарақшылық шабуыл кезінде Арман басқарған бұзақылар тобырының арасында облыстық ішкі саясат бөлімінің адамдары мен жергілікті спорт департаментінің қызметкерлері, сондай-ақ, ҰҚК-нің басшыларының бірі Қ.Сатыбалдиев те болған.
Бұл оқиғалар қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, сайлау заңдылықтарын сақтайды, азаматтарын қорғайды деген биліктің керісінше, өз халқын жазалауда қылмыс әлемімен тығыз байланыс орнатқанын көрсетті. Абайдың басын жарған қазақ билігі бүкіл әлем алдында масқара болып, өз қарсыластарының басын нысанаға алу «кәсібін» тағы қайталады.
Әлбетте бұл ақылдылық та емес, саяси амал да емес, бұл сотқарлық еді. Бүгінгі биліктің аузында «демократия», ұраны «өркениетке ұмтылу» болғанымен, іс-әрекетінде қараулық, ал қолында жабайы адамдар дәуірінен қалған тас!.. болды» деп жазды ақпарат құралдары бұл оқиға туралы.
Шымкенттегі бұзақылыққа байланысты қылмыстық іс қозғалды, бірақ ол қандай да бір себептермен сотқа жете алмады. Ал Арман қашып кетті. 2005 жылы А.Жұмагелдиевке Шымкент қалалық сотында шартты мерзім үкімі шығарылды. Осылай Арман Жұмагелдиев оппозиция өкілдеріне тас пен жұмыртқа лақтырып, қылмыстық топтармен бірігіп, сойқан салды. Тарих мұны ұмытқан жоқ. Айтарымыз, сол тұста қашып кеткені және 2005 жылғы Шымкенттегі «Турист» қонақ үйіндегі бұзақылығы бойынша Арман Жұмагелдиевтің үстінен қайтара қылмыстық іс көтеруге әбден болады. Мұндай бап ҚР Заңында қаралған. Мұны құзырлы құқық органдары назарға алады және іске тіркейді деп үміттенеміз».
Біз, әрине, бұл оқиғаның басы-қасында болған жоқпыз.
Дегенмен, жоғарыдағы әңгіме ақиқат болатын болса, онда қаңтардағы сценарий бұдан он жеті жыл бұрын қолданыла бастағанын байқау қиын емес.
Жуырда Арман Жұмагелдиевке жаңа айып тағылды. Енді ол 2016 жылдан бері ҰҚК бесінші басқармасының бұрынғы бастығы Руслан Ысқақовтың бақылауында болған қылмыстық топты ұйымдастырды деген күдікке ілінді. Дәл осы фактінің өзі де Арман Жұмагелдиевтің қаңтардағы қылмысының алғышартындай көрінетіні рас.
Арман Жұмагелдиевтің ұйымдасқан қылмыстық тобына ұлттық қауіпсіздік қызметінің адамдары қамқорлық жасап келген, ал қаңтар оқиғасына әзірлік 2021 жылғы жазда басталған. Соңғы тергеу материалдарына сүйенсек, Арман Жұмагелдиевке жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды, заңсыз қару ұстады деген айыптан бөлек, ұйымдасқан қылмыстық топты (ҰҚТ) құрды деген айып тағылып отыр. Арман Жұмагелдиев бес жыл бойы Қазақстандағы қылмыс әлеміндегі оқиғаларға жауапты болған, оған ҰҚК-де істейтін кураторлары көмектескен.
Тоғыз ай өткеннен кейін тергеу «Арман Жұмагелдиев ұзақ уақыт ұлттық қауіпсіздік комитеті бесінші департаментінің жетекшісі Руслан Ысқақовтың бақылауымен қызметін жалғастырып келді» деген қорытындыға келген. Алайда, кім-кімді өз мақсатына пайдаланғаны толық түсінікті емес. Бір абзацта Ысқақов Арманға Қазақстандағы трансұлттық қылмыстық топтардың елдегі қылмыстық жағдайға ықпалын жою үшін серіктес болуға ұсыныс жасаған десе, бір абзацта, Ысқақов «Әділ Қытай», «Айшуақ Жантүгел» қылмыстық топтарын ұстау бойынша іс-шараларды ұйымдастырып, Шпек деген лақап атқа ие Рамазан Ғаббасовты қамауға атсалыса отырып, А.Жұмагелдиевті оперативтік іс-шаралардан қорғап отырған делінеді. Демек, ҰҚК алаңды түрлі ҮҚТ-дан тазартып, Арманның тобын айналып кетіп отырған. Ал А.Жұмагелдиев шенді адамдардың қамқорлығына сүйеніп, аймақтарға өз қарақшыларын қойып, тұтас Қазақстанды Нойс деген лақап аты бар Нұржан Иманалиевке тапсырған. Н.Иманалиев қазір түрік түрмесінде қамауда отыр.
Осы деректерді «Время» газетінде шыққан мақаласында пайдаланған Михаил Козачков қаңтар бүлігіне дайындық 2021 жылғы жазда басталғанын тілге тиек етеді. «Қылмыстық іс материалдарында айтылғандай, «тергеу барысында анықталмаған азаматтар» билікті күшпен басып алуға келіскен. Билікті құлату үшін олар кезең-кезеңнен тұратын жоспар даярлап, ол бойынша бірнеше аймақта алдымен жаппай тәртіпсіздік орнатуды көздеген. Халықты үрейлендіріп, президентті отставкаға кету туралы шешім қабылдауға ықпал ету үшін террорлық акт жасауды, артынша қылмыс әлемінің лидерлері мен қоғамға белгілі адамдардан уақытша «Халық кеңесін» құрып, өздерінің адамын президент етіп қоюды жоспарлаған. Осыған байланысты Руслан Ысқақов жаппай тәртіпсіздікке дайын болу үшін А.Жұмагелдиевке күзет фирмасын тіркеп, қару мен шымыр жігіттерді жинауды тапсырған» деп жазады журналист.
Ол ҰҚК қызметкерінен нұсқау алған Арман Алматыға 17 желтоқсан күні келіп, ешкімге білдірмей, өзге ҰҚТ қатысушыларымен кездескенін айтады. Ал 5 қаңтарда Р.Ысқақов А.Жұмагелдиевке адам жинап, алаңға баруды тапсырады. Арман ол жақта мәслихат депутаты Қайрат Құдайбергенмен кездесіп, жақтастарының әрекетін ұйымдастыра бастайды. А.Жұмагелдиевтің тапаншамен қаруланған адамдары қаладан 30-дан астам адамды ұстап, «Ритц Карлтон» қонақүйінің паркингі мен «Қазақстан» қонақ үйінің банкет залында күштеп ұстаған.
«Тергеу дерегінше, ол адамдарды камераға түсіріп, есірткі тұтынғанын, мародерлік жасап, шетелге қашып кеткен олигарх Мұхтар Әблязов құрған Қазақстанда тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» саяси қозғалысының мүшеміз деп айтуға мәжбүрлеген. Артынша Р.Ысқақовтың нұсқауы бойынша ұсталғандарды ҰҚК-ге тапсырған. Арманға сондай-ақ ауруханаға шабуыл жасады, полицейді соққыға жықты, «ҚДТ мүшесін» өлтірді деген айып тағылып отыр. Бұл әрекеттерді Руслан Ысқақовтың бұйрығы бойынша істеген-істемегені белгісіз» делінген іс материалында.
(Жалғасы бар)
Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар