Бие сүтінің құрамында А, Ві, Bi2, D, С, Е, F және т.б. дәрумендер бар.
Қымыз – қазақ халқы үшін ежелден дәм де, дәрі де, ем де болған ұлттық сусын. Бүгінде оны шөлді қандыратын сусын ретінде ғана емес, туберкулез, рак, тұмау секілді аурулардың емі ретінде де қолданады.
Қымыз құрамындағы С дәруменінің мөлшері ащу процесімен тікелей байланысты. Ғалымдардың зерттеуінше, бір литр бие сүтінде 99,98 мг С дәрумені бар. Ал 3-4 жасында бірінші рет құлындаған бие сүтінің құрамында С дәруменінің ең көп мөлшері – 161,2 мг, 15-17 жастағы көп құлындаған бие сүтінде азырақ 124,2 мг болады. Мұнымен қатар, қымыз күн мен ультракүлгін сәуле әсерінен түзілетін D дәруменіне бай, әсіресе, уыз құрамында мол кездеседі. Бір литр қымызда 0,65-1,05 мг Е дәрумені бар.
Мұнымен қатар холестерин алмасуды реттейтін F дәрумені де кездеседі.
Қымыз қандай ауруларға ем?
Сондай-ақ, бие сүтінде В тобына жататын тиамин, рибофлавин, никотин және пантотен қышқылдары, биотин, фоли қышқылы, Bi2 дәрумені және тағы басқа бар. Бұл дәрумендер бірінші кезекте жүйке жүйесі қабынған науқастарға ем. Аталған ауруға шалдыққан науқастың қарын сөлі аз бөлініп, тәбеті нашарлайды, бұлшық еті әлсірейді, ұйқысы қашады және асқынған жағдайда адам сал болып қалады. Бұдан өзге В2 және А дәрумені қосылып көру ағзаларына оң әсерін береді.
Қымызды ашытқан кезде дәрумендер мөлшері өзгереді. Биотин, тиамин, Bi2 дәрумендерінің мөлшері азайса, пантотен қышқылы азаяды, рибофлавин, фоли қышқылы сол күйінде қалады.
Сондай-ақ бие сүті кальций тұзының көптігімен өкпе ауруларына да ем. Қымыздағы кальцийдің жартысына жуығы сүт ақуызының құрамына кіретіндіктен, ағзаға жылдам әрі толық сіңеді.
Бұдан өзге бие сүтінде қанның маңызды бөлшектері мыс пен кобальт та көп. Тіпті бір литр қымызда 1,60 мг мыс бар. Басқа сүттер секілді қайнатылмайтындықтан, қымыздың құрамындағы барлық микроэлемент сол күйі сақталады. Бұрын шала туған жеті айлық сәбилерге осы бие сүтін берген. Туғанынан саумал ішкен бұл балалар тоғыз айында туып, ана омырауын еміп өскендерге қарағанда әлдеқайда мықты болған.
Қымыз адам иммунитетін жақсартады және оны адам салмағына қарай өлшеп ішу қажет. Яғни артық салмағыңыз көп болса, соғұрлым көбірек ішіңіз. Бұдан өзге бие сүті қан аздық ауруын емдеуге көмектеседі.
Қымызды қалай ішу керек?
Ғалымдар асқынған ауруы бар адамдарға қымызды түскі және кешкі тамақтан 1-1,5, сағат бұрын ішуге кеңес береді.
Құрамындағы көмір қышқылы әсерінен ішкен адам кекіріп, мұрны аши бастайды. Зәр айдайтын қасиеті болғандықтан, ұйықтар алдында ішуге болмайды. Аз мөлшерде ішсе, жайлы ұйықтауға көмектеседі. Керісінше жатар алдында көп ішсе, адамның жүйке жүйесі қозып мазасы қашады.
Кейде адам қымыз ішкен соң лоқсып, жүрегі қыжылдайды. Бұл белгілер тек алғашқы күндері байқалуы мүмкін.
Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар