Бүгін «AMANAT» партиясының Қызылорда қалалық филиалы жанынан құрылған ақпараттық насихат тобының мүшесі Жорабек Нұрымбетов Белкөл кентінің жастарымен жүздесіп, ел Президентінің Жолдауынан туындайтын басты бағыттар жайлы ой бөлісті. Оның ішінде отандық кәсіпкерлікті дамыту, шағын және орта бизнестің дамуына мемлекет тарапынан ықпал жасау, жастарды жаппай кәсіпкерлікке тарту мәселелері талқыланды.
Жалпы, былтырғы жылдың көрсеткіші бойынша Белкөл кентінде 41 кәсіпкерлік субьектісі тіркеліп, жаңадан 81 жұмыс орны ашылған. Түптеп келгенде алға қойған мақсаты бар, кәсіптік жоспары бар, ерекше ойлай алатын әр жас мемлекет тарапынан өзі мақсат етіп жүрген қандай да бір кәсіп түріне көмек ала алады.
Бұл үшін үкімет тарапы әртүрлі көздерден жыл сайын қомақты қаржы бөліп, халықтың өзін-өзі жұмыспен қамту бағытында ауқымды шаралар атқарылуда.
Кездесу барысында Жорабек Ибрагимұлы өз ойымен бөлісіп, кәсіп бастауға ниетті жастардың тұшымды пікірін тыңдап, жауап алмасты.