Қазақстан жер көлемі жағынан әлемдік аренада алдыңғы он елдің қатарына кіргенімен, алпауыт мемлекеттермен салыстырғанда, тарих өлшемімен алғанда әлдеқайда жас мемлекет. Дамушы елдердің экономикалық ахуалы, әлеуметтік жай-күйі және құқықтық тәртібі  мемлекеттің қызмет бағыты мен мақсаты – оның әділ сот төрелігімен  көрініс табады.

Елдегі азаматтардың құқықтары мен бостандығын қамтамасыз ету құқықтық мемлекеттегі басты мәселе. Бағзы замандарда, қара қылды қақ жарып әділ шешім шығаратын, елдің елдігін биік қоятын билер өмір сүрген. Сол кездегі билердің жұрнағы – бүгінгі сот өкілдері. Елдің арасындағы бүлікшілікті болдырмауды алдына мақсат еткен судьялар әрқашан да әділ болуы керек.

Сот төрелігі – қоғамда туындайтын қақтығыстарды шешудің, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, азаматтық қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғаудың ең сенімді және өркениетті тәсілі.

Тергеу судьясы  түсінігі  алғаш рет Қылмыстық процестік кодекстің қолданысқа 2015 жылы енгізілуімен тәжірибеге енген. Оған «100 нақты қадамнан» тұратын Ұлт Жоспарының бастамашы болғаны белгілі. Сот саласында қолға алынған жаңашылдықтың бәрі халыққа тиімді қызмет көрсетуді, ел мен сот арасындағы байланысты нығайтуды көздейді.

Тергеу соты қорғаушы мен айыптаушы тараптардың арасындағы теңгерімді сақтайтындықтан, қарапайым азаматтардың өздерін қорғаудағы мүмкіндігі де кеңейе түсті деп сеніммен айтуға болады. Тергеу судьялары жұмысын бастағаннан бері өз қызметінің тиімділігін, құқықтық табиғатының пайдалы екенін, азаматтарға қолайлы екенін байқатты.

Қазақ халқының басынан өткеретін сан қилы өмір өткелдері, қоғамда кездесетін әділетсіздіктер, әрине, сотқа жүгінуді талап етеді. Әділдік іздеп шарқ ұрған жанға жанашырлық танытып, өзегін өртеген мәселесін әділ шешіп беру – адамгершілігі мол адамның абыройлы борышы, қастерлі ісі. Адамдардың құқықтық түйсігіне тереңнен үңіліп, істің мәнін дұрыс түсініп, қиналып келген жанның мәртебесін өсіріп, әділ шешім шығару ардың ісі.

Сот ісінің жүйелілігі, бірқатар айшықты қағидалар мен нормаларды қалыптастырып, соттың мәртебесін биіктетеді. Өркениетті елдің елдігін көрсететін де – сот төрелігінің әділдігі.

Олай болса, судья адамгершілігі мол, түсінігі терең, болмысы мықты, елін сүйетін, әр адамды үлкен тұлға деп бағалайтын, өресі биік көзі ашық азамат болуы керек.

Сот жүйесінің әділ болуы – азаматтық қоғамды қалыптастырып, құқықтық мәдениет пен сананы биіктететін және қазақ елін келешекке жетелейтін, ертеңінен үлкен үміт күттіретін құқықтық мемлекетке айналдыратынына   кәміл сенемін!

Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының төрағасы М.Тұрғанбаев

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған