Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Нью-Иорк сапарында БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясы Жалпы дебаттарына қатысып, сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде жасанды кедергілер және экономикалық оқшаулануға байланысты проблемаларды атап өтті.

Сондай-ақ БҰҰ-ның негізгі постулаттарын сақтаудың маңыздылығына назар аударды. Атап айтқанда, ол мемлекеттер егемендігінің теңдігі, территориялық тұтастықты құрметтеу және мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі сияқты үш негізгі қағидаттың өзара байланысын қайта қарастыру қажеттігіне тоқталды.

Мемлекет басшысы сөз соңында Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған еліміздегі ауқымды саяси және экономикалық реформаларға да тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы ішкі саяси оқиғаларға, атап айтқанда президент мерзімінің қайта қарастырылып жатқанын да атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев осы сапары барысында Африка Одағы мен Еуропа Одағының бірлескен төрағалығымен өткен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі жаһандық саммитіне де қатысты. Ресми ақпарат бойынша жиынға Еуропалық Кеңестің президенті Шарль Мишель, Испания Премьер-министрі Педро Санчес, Канада Премьер министрі Джастин Трюдо, Сенегал Президенті Маки Салл, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен және басқа да әлемдік саясаткерлер қатысқан.

Мемлекет басшысы бүгінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету әлемдегі ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ 2019 жылы осы форматта өткен соңғы кездесуден бері азық-түлік тапшылығына тап болған адамдардың саны 135 миллионнан 345 миллион адамға дейін өскеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық азық-түлік тапшылығымен күресу үшін Қазақстан алдағы уақытта өзінің ауыл шаруашылығы әлеуетін пайдалануға ниетті екенін мәлімдеді.

Әлем жаңа әскери қақтығыс ошақтарының құрбанына айналды

Тәртіп пен жауапкершілікке негізделген әрі бұрын қалыптасқан халықаралық жүйенің орнын хаос пен болжауға келмейтін жағдай басып отыр. Тежемелік және тепе-теңдіктің жаһандық жүйесі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап қала алмады. Қауіпсіздік архитектурасы келмеске кетіп барады. Әлемдік алпауыттар арасындағы өзара сенімсіздік жылдам арта түсті.. Біз екі буыннан кейін алғаш рет ядролық қарудың қолданылу қаупімен бетпе-бет келдік. Текетірестер жасанды кедергілер мен экономикалық оқшаулануға әкеледі.

Экономикалық және саяси санкциялар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тізбегін жойып, миллиондаған адамдарға, әсіресе қоғамның осал топтарына қауіп төндіретін «жаңа нормаға» айналды. Бұл қиыншылықтар өсіп келе жатқан инфляцияға, жұмыс орындарын жоғалтуға және дамушы елдердің әлемдік экономиканың құлдырауынан үрейленуіне қатысты қазіргі сын-қатерлерді тек күшейте түседі.

Бұл күйзелістер, түптеп келгенде, климаттың өзгеруіне қарсы күресу және орнықты дамуды қолдау жөніндегі біз бәріміз келіскен жедел шаралардың жүзеге асырылуына айтарлықтай кедергі келтіреді.

Бұл үш қағидат өзара бір-біріне тәуелді

Қазір осы әмбебап Ұйымның негізінде қалыптасқан іргелі қағидаттарға қайта оралу аса маңызды. Атап айтқанда, біз мемлекеттер егемендігінің теңдігі, мемлекеттердің территориялық тұтастығы, мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі секілді бастапқы үш қағидат арасындағы байланысты қайта зерделеуіміз қажет. Бұл үш қағидат өзара бірбіріне тәуелді. Осы қағидаттардың бірін сақтау қалған екеуін ұстануды білдіреді. Ал олардың бірін бұзу, басқа екеуін бұзған болып саналады.

Дәстүрлі және ядролық қарусызданудың жаһандық жүйесі әлсіреген кезде аталған үш қағидатқа қауіп төнеді. Керісінше, үш қағидаттың түгел сақталуы олардың күшеюіне ықпал етеді. Бұл қағидаттар бірге кеңейтілген мемлекетаралық ынтымақтастықтың келесі үш деңгейіне негіз болады: субөңірлік, өңірлік және жаһандық. Бұл адамзат үшін пайдалы. БҰҰ аясында бекітілген құндылықтар жүйесі әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған адамға үміт сәулесі болып қала береді.

Трансформациялық саяси реформалар

Қазақстан Президенті ретіндегі ұстанымым – әрбір азамат тең мүмкіндіктерге ие әрі құқығы қорғалған Әділетті Қазақстанды құру. Менің елімде әділдік салтанат құруы керек. Заң мен тәртіп қоғамымыздың негізі болады. Бұл жолдың ең маңызды бөлігі – трансформациялық саяси реформалар. Алдағы айларда Қазақстанда президент және парламент сайлауы өтеді. Мен Президент өкілеттігін жеті жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсындым. Бұл – Қазақстанда демократияны дамытудағы нағыз серпіліс.

Осы ретте «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» деген менің формуламды қатаң ұстанамыз. Бұл формула Қазақстанның ұлттық мүдделеріне толық сәйкес келетініне сенімдімін.

Сонымен қатар экономиканы монополиядан арылтуды көздеп отырмыз. Біз қоғамның ең ауқатты бөлігін Әділетті Қазақстанды құруға, сондай-ақ экономиканы әртараптандыруға және адам капиталына инвестицияны арттыруға қатыстыру шараларын жасап жатырмыз. Жақында балаларға арналған Ұлттық қор құру туралы бастама көтердім. 2024 жылдан бастап Ұлттық әл-ауқат қорының инвестициялық кірісінің 50 пайызы кәмелеттік жасқа толғанға дейін балалардың арнайы жинақ шоттарына аударылады. Бұл қаражатты білім алуға немесе тұрғын үй сатып алуға жұмсауға болады. Қазір «Қазақстан халқына» арнайы жеке қайырымдылық қоры да қарапайым азаматтарға денсаулық, білім, әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерінде көмек көрсетіп келеді. Әйелдердің құқығын одан әрі кеңейтуді және олардың экономикалық және әлеуметтік өмірге қатысуын қамтамасыз ету – біздің мақсатымыз.

Жан-жақты ұлттық қайта құру оңай процесс емес, бұл жолда алдымыздан белгілі бір дәрежеде қиындықтар кездеседі. Егер біз Қазақстан азаматтарының үмітін ақтағымыз келсе, бұл стратегиялық жолдан айнымаймыз!

(Ықшамдалды)

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған